ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

1

Сыр елінің агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаулар жыл са­йын артып келеді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі соңғы 4 жылда 48 млрд. теңгеден 80,6 млрд. теңгеге дейін өскен. Бұл туралы кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді. Ал саланың негізгі капиталына салынған инвестиция осы кезеңде 17,7 есеге артқан.

Тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі  6 есеге өсті. Осы оң динамика биылғы жылы да жалғасып отыр. Ағымдағы жылдың 8 айында ауыл шаруа­шылығының негізгі қорына 978,1 млн. теңге, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға 97,8 млн. теңге инвестиция тартылған. Ал күріш егісін жоғары репродукциялы тұқыммен қамтамасыз етудің нәтижесінде соңғы 4 жыл қатарынан Сыр күрішшілері рекордтық өнім жинап келеді. Биыл да 100% жоғары репродукциялы тұқым себілді. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қызылорда облысының агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың Агрокартасы шеңберінде іске асырылуда. Агрокартаның негізгі міндеті – экспорттық әлеуетті арттыру мен өткізу рыноктарын кеңейту. Бұл бағытта Иран, Қытай және Ресей елдерімен байланыс орнатылған. Облыстағы күріш, бақша өнімдері, балық, жылқы, сиыр және қой еті жоғары экспорттық өнім ретінде танылды.

Күріш өндірісін дамыту және экспорт көлемін арттыру бағытында күріш жармасын сұранысы жоғары қымбат нарықтарға шығару бағытында жұмыстар жүргізілуде. Үстіміздегі жылы Иран Ислам Республикасында сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сортын өндіру қолға алынып, Қытай мемлекетіне күріш салысын өткізу мәселесі пысықталуда. Ағымдағы жылы «Ақтөбе и К» серіктестігі Иранда сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сортын 70 гектарға және «Сыр маржаны» шаруашылығында осы сортты сынақтан өткізу үшін 2 гектарға екті. Биыл Иранға экспортқа 60 тонна «Торем Хошеми» сортын жіберу жоспарланған. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай ирандық күріш сорттарының егіс көлемін 5 мың гектарға ұлғайтып, Иран Ислам Республикасына 8 мың тонна күріш өткізу жоспарлануда.

Мұнан бөлек жиында аймақ басшысының орынбасары С.Салауатұлы ет өнімдерін, көк­өніс, бақша өнімдерін экспорттау бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аймақтағы құс шаруашылығын дамыту мақсатында істе­ліп жатқан жұмыстарға тоқталып, ветеринария, табиғи ресурстар және табиғат пайдалану­ды реттеу саласы, су шаруашылығы, САРАТС-2 жобасы бойынша мәлімдеме жасады. Ел­ді мекендерді аяқ сумен қамтамтамасыз ету, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы, жер қатынастары туралы мәліметтермен таныс­тырып, Байқоңыр қаласының тыныс-тіршілігін сөз етті. «Агрокартаны жүзеге асыру арқылы біз мем­лекеттік бағдарламада белгіленген инди­ка­тор­ларға толық қол жеткізуге мүмкіндік аламыз», -дейді С.Қожаниязов.

Гүлбану МАҚАЖАН

12  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру