Елбасы өңірдегі өміршең жобалармен танысты

20171005223111

Елбасы жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болып, Байқоңыр қаласының дамуымен танысып, Қармақшы ауданында орналасқан «Қорқыт ата» мемориалдық кешенін аралады. Сондай-ақ облыс орталығында жаңадан бой көтерген Сыр шаһарының өркендеуіне тың серпін берген нысандардың жұмысымен танысты.

 Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапары Байқоңырдан бас­тау алуының өзіндік себебі де бар. Өйткені ғарыш айлағы мен қала тынысын ілгерілетудің мәні зор. Қазақстан мен Ресей бірлесіп игеріп жатқан айлақ қос елдің игілігіне қызмет ете бермек. Жұмыс сапары барысында Президентке екі ел арасында қабылданған ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысы баяндалды. Бүгінде қазақстандық кешенді өнеркәсіп пен жоғары технологияға бағытталған орталық ретінде дамыту көзделіп отыр. Осы бағыттағы басты шараның бірі – «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу. Бұл жаңа бастамаға екі ел тарапы да мүдделі. Бірлескен жоба аясында салынатын кешеннің ұшырылу аймағын Қазақстан тарапы дайындаса, зымыранды құрастыру Ресей жағының еншісінде. Осылайша қос тараптың күшімен айлақтың жаңа тынысы ашылмақ.

– Ресеймен жасалған уағдаластық аясында кешенді дамы­ту­дың стратегиялық бағыты айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкімет тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылдануда. Бірлескен кәсіпорындар құрып, тікұшақ пен ұшақ жөндейтін және шағын ұшақ құрастыратын ірі тораптық орталық  ашу жоспарлануда. Осылайша қаланы өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту көзделіп отыр. Ал, «Бәйтерек» жобасына келетін болсақ, оны іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды іске қосу мерзімі 2025 жылдан 2022 жылға дейін ауысты. Біз Ресеймен бірлесіп ғарыштық державаға айналуымыз керек, – деді Елбасы.

Байқоңыр қаласының тыныс-тіршілігімен танысқан Президент түркі халқының ортақ мұрасына айналған  «Қорқыт ата» мемориалдық кешенін аралады. Себебі Сыр өңіріне ат терлетіп келген меймандар мұнда бас сұқпай кетпейді.  Сонау 1980 жылы бой түзеген кешен үш жыл бұрын күр­делі жөндеуден өтіп,  жаңаша маз­мұнда салынған еді. Содан бері кешенге келген әрбір адам тылсым құбылысқа тамсанып, ескен желмен қобыз әуенін естуге асық. Жыл басынан бері мұнда 10 мың адам келсе, олардың басым көпшілігі ЕХРО көрмесін тамашалауға келген туристер екен. Бұл тарихи орын өңіріміздің туризм саласын дамытуға серпін беруде. Мұнда Қорқыт мұраларын жинайтын музей де бар. Кешен қорында 2 мыңға тарта құнды жәдігер сақтаулы.

Өткен тарихы мен жарқын болашағына көз жүгірткен Елбасы Сырдария өзенінің сол жағалауында шығыстық үлгіде бой көтеретін жаңа шаһардың жобасымен де танысты. Сыр өңірінің құрылысшыларымен жүздескен Мемлекет басшысы:

– Құрылысты салу үшін әртүрлі сәулет тәсілдерін пайдаланып, сапалы әрі көрікті етіп салу керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мен Қызылордаға келгенде өңірдің жағдайы қиын еді. Оған қаржы салғанша, басқа жерге көшірген дұрыс па деп те ойладым. Бірақ адамдар «ата-баба мекенінен қайда кетеміз» деді. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, халықтың жағ­дайы жақсы, – деді.

«Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева Мемлекет басшысына жаңа қаланың сызбалық нұсқасын таныстырды. Аймақ басшысы Сырдария­ өзе­нінің сол жағалауынан бой көтеретін қаланың жоспарын баяндап, жүргізіліп жатқан құрылыстың маңызына тоқталды. Сол жағалауда салынатын ғимараттардың  макеті арқылы жаңа қаланың болашақ келбеті көр­се­тілді. Аймақ басшысы қаланың бас жоспарына сәйкес, Сырдың сол жағасының 1532 гектарын игеру көзделіп отырғанын, оның Елордаға қарап бой түзеп келе жатқанын жеткізді. Сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан тұрады: оның 11-і тұрғындарға арналған  аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен бульвар. Сол жағалауда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Президент құрылысшыларға алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.

Нақты айтар болсақ, сол жағалаудағы құрылыс жұмысы мұ­нымен тоқтамайды. Мәселен ке­лер жылы осы аумақта 100 келушіге арналған емхана, 300 орындық көпсалалы облыстық аурухана, 600 орындық мектеп, Неке сарайы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхана құрылысын жүргізу жоспарланған. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында, «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір, қала орталығындағы жаңа көпір­ден бастап «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын 5 ша­қы­рым­дық магистральді көше және ұзындығы 7,8 шақырым болатын Сырдария өзенінің сол жағалауынан автомобиль жолы салынбақ.

 Елбасы мұнан соң шыны зауытына ат басын бұрды. Өңір­де­гі өндіріс саласының даму деңгейін бағамдап, зауыттың құрылысымен танысты. Тәулігіне 600 тонна өнім беретін зауыт құрылысын Қытай еліндегі шыны өндірісінің көшін бастап тұрған іргелі компания жүргізуде. За­уыт төрт бөліктен тұрады. Бүгінде дайын өнімді сақтайтын қойма құрылысының 80 пайызы еңсерілген. Ал теміржолдың 40 пайызы салынып біткен. Осылайша Қызылордадағы шыны зауыты келер жылдың шілде айында алғашқы өнімді шығаруды жоспарлап отыр. Сөйтіп, өңір экономикасын алға жетелейтін іргелі кәсіпорынға айналмақ.

Мұнан әрі Елбасы «Арай» спорттық-сауықтыру кешенінде Сыр өңірінің талантты, дарынды жастарымен  кездесті. Кездесуге бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай сынды ел намысын әлемдік додада қорғап жүрген спортшылар жиналды. Сонымен бірге Нұрсұлтан есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс орталығына арнайы келіпті. Кездесуде жастар Мемлекет басшысына түрлі салада жеткен же­тістіктігін жарыса баяндады.

Ал аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев болса, Елбасына өзі­нің Астанаға барғысы келетін балалық арманын айтты.

– Болашақта ғарышкер, не президент болғым келеді. Өйткені Президенттің өз ұшағы бар. Мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды ұшақпен  қыдыртқым келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды, – деп бар сырын ақтарды.

Тәуелсіз елдің азат ойлы өренінің асқақ арманын тыңдаған Елбасы кішкентай балғынның басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға қыдырып қайтуға шақырды.  Облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев алдағы уақытта Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасайтынын айтып, бала арманына қанат бітірді. Сондай-ақ Елбасымен кездесуге Мәскеуден К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 3-курс студенті Наргиз Қашапова да келді. Талапты жас болашақта жерге орналастыру және кадастр мамандығы бойынша білім алуда. Ол 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қызылордада 2015 жылы балалар үйі жабылып, «Атамекен» балалар ауылына айналғанда 11-сыныпты аяқтап қалған еді. Сол жылы қаламызға келіп емтихан қабылдаған Ресей уни­вер­ситеттерінің сынағына қатысып, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазандағы жоғары оқу орындары­ның грантына ие болды. Әйткенмен, Наргиздің өз таңдауы  Мәскеуге түсті.

– Менің Мәскеуден келгеніме бір-екі күн болды. Ондағы өзім қатарлас жастардың Сізге деген сәлемін ала келдім. Мәскеудегі дос-құрбыларым Сіздің жас ұрпаққа артқан сеніміңізді ақтап, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға дайын, – деді Наргиз Кашапова.

Елбасы Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген барша қызылордалық жастардың сәлемін жеткізген Наргизге мейірімін төгіп, құшағына қысты. Тәуелсіз елдің болашағы – жастардың, жас мамандардың  талабына, арманына жетудегі ынтасына ризашылық білдірді.

Соңғы 4 жылда  қызылордалық түлектер өнер мен мәдениет, білім мен ғылымның орталығы – Мәскеу мен Петерборда Ресей Үкіметінің гранты негізінде оқи бастады.  Бүгінде аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресейдің Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінде, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн  университетінде 500-ден астам студент оқып жатыр. Бұл түлектер болашақта аймақтың ІТ, тау-кен, металлургия, мұнай, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, тағы басқа салада еңбек етеді. Алдағы уақытта М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика мамандығына 20 грант бөлінбек. Оған қоса,  ресейлік университеттерді бітіретін сырбойылық студенттердің үздіктеріне Сколково ғылым және технология институтының магистратурасына 20 грант тағайындалмақ.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы спортшылардың ой-пікірін тыңдап, арқаларынан қағып, ақ батасын берді. Алдағы жарыс­тарда еліміздің көк байрағын жоғары көтеріп, жеңіспен оралуына тілек қосты.

– Елбасымен кездескенде бо­йыма ерекше күш-қуат алғандай әсерде болдым. Арқамнан қағып, қолымды қысып, «келер жылы алтын ал» деп жігерімді жаныды. Бұл сөз менің санамда мәңгі жаңғырмақ. Алдағы Азия, Олимпиада ойындарында алтын алуға бар күш-жігерімді саламын, – деді Азия және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев.

Одан әрі Елбасы «Арай» спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Мұндай кешен бұрын Қызылордада болмаған. Аквапарктің су аттракциондары тек балалардың ғана емес, үлкендердің де демалысын өткізетін ерекше орынға айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысқа жұмыс сапарында сырбойылықтар  дамудың даңғыл жолына түскенін көрсетті. Елбасы да Сыр өңірінің ерекше қарқынмен дамып, рухани жаңғырумен біте қайнасып жатқанына көз жеткізді

Айгүл Әлішерова

9  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру