ОБЛЫСТЫ КӨМІРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

37
Жылу маусымы жақындағанда, көмір тапшылығына қатысты мәселе де күн тәртібіне шығады. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Нұрмағанбетов пен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Н.Мақсұтов осы тақырыптар төңірегіндегі журналистер сауалдарына жауап берді.  
Алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын сөз еткен хабарламашылар барлық әлеуметтік нысандардың жауапты науқанға сақадай сай екенін мәлімдеді. Бекітілген кестеге сәйкес жөндей жұмыстары өз мерзімінде орындалды. Әлеуметтік нысандарға 50 мың тонна қатты отын қажет болса, оның 34 мың тоннасы жеткізілді. Сұйық отынға қажеттілік 26 мың тонна болса, оның 70 пайызы әзір.
Облыс халқына шамамен 190 мың тонна қатты отын керек. «Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметіне қарағанда, бүгінде оның 17 пайызы жеткізілді. Бұл дегеніміз 823 вагон қатты отын.
Көмірдің жетіспеушілігіне қатысты мәселе – жыл сайын орын алатын табиғи құбылыс. Себебі, күн суыта салысымен тұрғындар бір уақытта қыстық отын қорын түгел сатып алуға асығады. Көмір отын қоймаларына жеткенше біршама уақыт өтеді. Қазір «ҚТЖ» АҚ-мен көмірді уақытында жеткізу, қосымша вагондар қосу, рәсімдеу процедураларын жеделдету бағытында жұмыс жүргізілуде.
Жаз бойы отын қоймаларында көмір жеткілікті болды. Бірақ тұрғындар жаңадан келген көмірден сатып алуды ойлап, бұл дайындыққа жылу маусымының алдында ғана кіріскендіктен, келген көмір келгендей сатылып кетуде.
«ҚТЖ» мәліметі бойынша облыс аумағына  күнделікті  20-30 вагон көмір келіп жатыр. Көмір ең алдымен келісім-шарты барларға кезек күттірмей жеткізіледі. Теміржол тасымалы, жеке кәсіпкерлердің қоятын үстемесін қосқанда көмір бағасын нарық белгілеуде. Көмір бағасы мемлекеттік реттелетін өнім қатарына жатпайды. Дегенмен  бағаның шектен тыс көтерілмеуі бақылауға алынған.
Қазір оңтүстік аудандарда және Қызылорда қаласында көмір бағасы  12-15 мың теңге, ал солтүстік аудандарда 15-16 мың теңге аралағында.
Жылу маусымы кестеге сәйкес басталады. Қазанның 15-і күні әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Ізінше тұрғын үйлер қосылады. Қазір тұрғын үйлердің жылуды қабылдауға әзірлігі тексерілуде. Ал, орталық көшелердегі су жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары жақын күндері аяқталады.
М.МЕРЕЙ.
7  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру