Жаңғыру жазудан басталады

a99f988903ca3df6f90457bab3770705

Бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдады. Елбасыға қоғамдық талқылаудағы ескертпелер ескерілген жаңа әліпбидің жобасы ұсынылды.

 Жобада 32 әріп таңбаланған. Ә, Ө, Ң, Ғ, Ш, Ч, И, Ү, У дыбыстары  апострофпен, яғни үтірмен берілген. Қолданыстағы әліпбимен салыстырғанда 10 таңбаға аз.  Бұған дейін Мәжілістегі тыңдалымға тағы бір әліпбидің жобасы ұсынылған еді. Онда 25 таңба, 8 диграф белгіленген болатын. Бірақ алғашқы нұсқа қо­ғам белсенділерінің тарапынан өт­пей қалды. Сын-ескертпелер мен ұсы­ныстардан кейін А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институты мен  Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді да­мы­тудың республикалық  үйлестіру-әдістемелік орталығы жаңа нұсқаны әзірлеп, Елбасына ұсынды. Бұл да әзірге жоба.

– Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліп­биіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің бақылауымда болды. Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне байланысты Президент әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, — деді Елбасы кездесуде.

Қазақ әліпбиін реформалауға қа­тысқан барша жұртқа алғысын жет­кізген Президент жаңа әліпбиді білім жүйесіне енгізерде мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажетін ескертіп, оны кезең-кезеңмен енгізу жоспарын Үкіметке тапсырды.

Бізде бір жаман әдет бар. Жоға­рыдан жарлық түссе, қашанда «ләп­пай, тақсыр». Жаңа әліпбидің жобасына ұлт болып ат салысып, кем-кетігі болса түзеп, талқылаудан өткізу керек. Халыққа тиімді, ұлтқа ұтымды жобаны қабылдау керек. Мұны Елбасының өзі тапсырып отыр. Тек бір нәрсе анық, латын әліпбиіне көшу-көшпеу туралы талас жоқ.

Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген. Бүгінгі қазақ графикасының өзгертілуі ертеңгі қазақ ұрпағының болашағына бағытталған батыл қадам. Сөз жоқ, бұл қазақ руханиятының жаңғыруы. Ал жаң­ғыру – жазудан басталуда.

 Құралай Рахымбай

 

11  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру