ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ

1507806303_h-3

Латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу мәселесі көптен айтылып жүр. Жаңа әліпбидің жобасын жасау туралы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нақты тапсырмалар жүктелді. Жақында ұсынылған жоба көпшіліктің ойынан шықты. Алдыңғы ұсынылған әліпби жобасында диграфпен берілген дыбыстар бар болатын.

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов ұсынған қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасында төл белгілерді сақтауға барынша көңіл бөлінген. Қазіргі таңда қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан бұл жобаны қолдаймын. Өйткені латын әліпбиіне көшу, ең алдымен, жаңғырудың бастауы деп білемін.

Студент кезімде 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиімен шыққан мерзімді басылымдарды оқып, публицистикалық мақалаларды талдағанбыз. Латын әліпбиімен мектептен таныс болғандықтан қазақ тіліндегі газет, журнал мақалаларын оқу еш қиын болған жоқ. Латын әліпбиіне негізделген ана тіліміздегі мәтіндерді оқудың маңызын сол кезде сезінгенмін. Ең бастысы, тіл әуезділігі мен тазалығы сақталған.

Жуырда ұсынылған әліпби жобасына байланысты тіл білімі саласындағы бірнеше ғалымның пікірімен таныстым. Әсіресе, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбектің пікірін қолдаймын. Ғалымның айтуынша, еш кемшілігі жоқ әліпби еш жерде болмайды. «Кез келген әліпбидің арнайы ережемен, арнайы түсініктемемен жетілдіріліп отыратын тұстары болады. Әліпбидің қиыншылығы ертең мәтінге барған уақытта, мамандарды дайындағанда, оқу құралдарын, оқулық жазғанда, таныстырғанда белгілі болады», – дейді ол. Әрине, бұл әліпбидің қателігі болса да қабылдау керек деген сөз емес. Алайда ұсынылған жобаға әрбір азамат сергек қарап, пікір, ұсынысын айтқаны абзал.

Латын әліпбиіне көшу, ең алдымен, тілдің қолданылу аясын кеңейту деген сөз. Оған қоса, тілдің тазалығын, әуезділігін сақтау. Сондықтан заман көшіне ілесе отырып, жаңалықтың жаршысы болуға асығу керек.

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы, 

филология ғылымдарының кандидаты.

 

11  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру