МЫҚТЫЛАР ІРІКТЕЛДІ

19

Футболдан Исландия құрамасы  өз алаңында Косово құрамасын жеңіп, 2018 жылы Ресей жерінде өтетін әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне шықты. Рейкьявик қаласында өткен ойын 2:0 есебімен алаң қожайындарының пайдасына аяқталды. Исландия құрамасы сапында Гилфи Сигурдссон (40-минут) мен Йоханн Гудмундссон (68-минут) гол соқты.Осы топта өткен тағы бір ойында Хорватия құрамасы Киевте Украина құрамасын 2:0 есебімен жеңсе, Түркия құрамасы сырт алаңда Финляндия құрамасымен 2:2 есебімен тең ойнады. Осылайша, Исландия құрамасы 22 ұпай жинап, өз тобында бірінші орын алып, әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне тікелей жолдама алып отыр. Ал Хорватия құрамасы 20 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Енді олар Еуропа аймағында тоғыспа кездесуге қатысатын болады. Ал Украи­на құрамасы 17 ұпай жинап, әлем біріншілігіне берілетін жолдамадан тыс қалды. Төртінші орында Түркия (15 ұпай), бесінші орында Финляндия (9 ұпай), алтыншы орында Косово (1 ұпай) құрамалары жайғасқан.

Айта кетейік, әлем біріншілігінің финалдық кезеңінің жеребесі 1 желтоқсан күні Мәскеу қаласында таратылады. Турнир 2018 жылдың 14 маусымы мен 15 шілде күндері Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді.

 

8  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру