ЖЕРЛЕСІМІЗГЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРЕЙІК

17

Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» Қорының бірегей жобасы ұлттық «Бала дауысы» ән байқауына іріктеу сайысы Қазақстанның бүкіл облысын қамтыды. Бүгінде өз өнерімен байқау төрешілерін таңқалдырған жас та, дарынды әнші − Назерке Шамбилова ұлттық додада облысымыздың намысын қорғауда.
Ерекше сүйкімділігімен көрерменді баурап алатын 12 жастағы Назерке Байқоңыр қаласының №275 мектебінде 7-сынып оқиды. «Бала дауысы» ұлттық ән байқауына талаптанып, қатысуға да өзі шешім қабылдаған. Іріктеу сайысында Қы¬зылорда об¬лысының 160 жас дарынының ішінен топ жарып, бай¬қауға жолдама жеңіп алды.
− Қызым ән айту десе, ішкен асын жерге қояды. Кішкентайынан халықтың алдына шығып, өнер көрсеткенді жақсы көреді. Бұл байқауға да өзі дайындалып, іріктеу кезеңінде елімізге танымал «Қорқыт», «Туған жер» әндерін айтып, жолдама алды. Байқау төрешілерінің ішінен Әсет Арыстанбек оны бірден байқап, тәлімгер болуға ниет білдірді, − дейді анасы Анар Серікбаева.
Назерке Шамбилова Бай¬қо¬ңыр қаласында өткен байқауда, Алматыда өткен республикалық додада бас жүлде, облысымызда өткен Бозторғай байқауында II орын иеленген.
− Бос уақытымда әннен бөлек би үйірмесіне қатысамын. Болашақта еліміздің өнер саласына өз үлесімді қосып, халықаралық деңгейде Қазақстанды танытқым келеді. Өнерде Мәдина Сәдуақасованы үлгі тұтамын, − дейді жас әнші.
Төрт кезеңнен тұратын ұлттық байқауға қатысуға талпынған жас әншінің бойынан батылдықты, өнеріне деген сүйіспеншілікті, алға жетелейтін адал арманын байқадық. Республиканы қамтыған ауқымды жобада сәттілік пен шалқар шабыт жолдас, бағындырар белесі көп болсын деген тілегіміз бар.
Байқау қазан айның үшінші он күндігінді өтеді. Жобаның соңғы кезеңінде «Бала дауысының» жеңімпазын дауыс беру арқылы халық таңдайды. Облысымыздың дарынды жас әншісіне қолдау білдірейік.
Әсел БЕГМАН

9  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру