ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ МІНДІҢ БЕ, МІНСІЗДІГІН КӨРДІҢ БЕ?

6

Халықты лық тиеген автобус қала орталығымен жүйткіп барады. Бұл жай автобус емес, қоғамдық көлік, қала ішінде жолаушы тасымалдауға бағытталған көлік. Меншік иесі: «Қызылорда автобус паркі» емес. Бірақ, сол мекемеге қарайтын, сол ұжымның ережесіне бағынуы тиіс көлік. Алайда ережеге пысқырып та қарамайды. Көлік іші толы шаң, оған шопыр шеккен шылымның түтінін қосыңыз. Шулаған халықты тыңдайтын шопыр жоқ. Жүйткіп келеді. Бір-біріне иық тірескен халықтың құлап жатқанына қарап жатқан ол жоқ. Өйткені оның ойы 90 теңгені күндегіден артық алу керек. Бұл халық көріп жүрген шындық. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз…
Қалалық жолаушылар тасымалдау көлігінің қызметінсіз көпшілігіміздің күніміз қараң. Ертемен көлікке мініп жұмыс орнына жетсек, кешкісін сол көлікпен үйімізге қайтамыз. Бірде кешігіп, жол көлікке кеп¬теліп қалмаса, ертелетіп жетіп қаламыз. Кондукторлардың жұмысына да етіміз үй¬ренді. Бірі – елгезек, бірі – безбүйрек. Беттен жұлып, ұрысуға дайын тұратындары да бар, көбіне кешке, елдің бәрі шаршаған кезде мінез көрсетеді. Есесін жібермейтін жолаушылар да бар. Олар ашуға басқанда көк өрімдей кондуктордың әкесінен қалған құл емес екенін де ұмытып кетеді. Жалпы, екі қазақтың аузына келгенін айтып, салғыласып тұрғанын автобустарда жиі кез¬дестіретін болдық.
Қоғамдық көліктің саны артты. Дегенмен сапасы жоқ. Қалаішілік газель көліктердің іші тар. Тазалығы да сын көтермейді. Халықты лық толтырып алып, бірін мінгізіп, екіншісін түсіруге асығады. «Пять минут страха, и ты дома» деген жазбаны жабыстырып, жүйткіп шыға жөнеледі.
Байқағанымыз, жанжал билет алғысы келмей қолда бар куәліктерін көрсеткен жолаушыларға жөн айтқан кондуктор мен жолаушының арасында басталады. Амалы құрыған жолаушы ақырында, «мә, садақа!» деп теңгесін лақтырып кетеді. Жолақысын жеген жанға не дауа?! Ұят-ау деген ешкім жоқ.
Жол ақы қымбаттағанда жағдай жақсаратынын «Қызылорда автобус паркінің» директоры айтқан болатын. Алайда халықты тығырыққа тірегеннен әріге аспады. Кондуктордың көңіл-күйі болмаса ұрыс еститін де, жүргізуші тойға барса жарты жолдан қалдырып кететін қоғамдық кө¬ліктерді де көрдік. Тіпті бір емес бірнеше мәрте қайталанады екен. Осылайша, ойына келгенін жасайтын қоғамдық көлік қыз¬меткерлеріне кім тоқтау салады?
ТҮЙІН:
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартай¬дының» кері. Қоғамдық көліктердің жы¬ры түгесілмей-ақ қойды. Жолақы көтерілгенмен, қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін көлік иелеріне тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Халық сапалы қызмет көрсетуді талап етеді. Ал кондукторларға арнап киім үлгісі қарастырылса, мекен-жай мен аялдамаларды жатқа айтатын әмбебап кондукторлар саны артса, қоғамдық көлік мәдениеті сақталса деген ниет біздікі.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

10  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру