ТҮБІ БІРДІ КӨКІРЕКТЕН  ИТЕРУ КІМГЕ ОПА?

7

Екі қазақ иен далада келе жатып, демалу үшін аттан түсіпті. Жерге отырғалы еңкейе бергенде, бір-бірін ысырып, «әрі отыршы» деген екен. Кең жерде сыйыспаған қазақтың баласы, бодандықтан босап, өз тізгіні өзіне тигенде де «әрі отыршыдан» аса алмай жүр. Әйтпесе, шетелден «атажұртым» деп еміреніп, туған жердің топырағын ұстап тебіренген бауырға «оралман» деп тіл қатар ма едік? Қытайдан келген қандасымызға «сендер өзі не жейсіңдер» деген ойсыз сауал қояр ма едік? Жаңаөзендегі мұнайшылардың жанайқайын ұйымдастырып, «майға от құйған» деп түбі бір туысымызды­ кі­нәлар ма едік? БАҚ өкілдері қылмыс жасаған кәдуілгі қазақтың аты-жөнін жасырып, қысқартып жазады. Ал шеттен келген қазақ қылдан тайса дабырайтып айтып, «оралман екен» деп жар салу әдетке айналды. Иә, кең жерде кем болу, пейілдің тарлығын көрсету – абыройсыздық. Әлде, тойынғандық па? Тәуелсіздік алдық, тойладық, енді өз қолымыз өз аузымызға жеткенде туысқанды өзектен теппес болар. Кінә артатындардың себебі мынау: «Оралмандар» Екінші Дүниежүзілік соғыста бол­ған жоқ, ашаршылықты қазақпен бірге көр­ген жоқ, тың игеру тұсындағы отарлау саясатының қиындығын бізбен бірге көтермеді».

Олар шекара асқанда жайлауға көшкендей, мәз-мәйрам боп, артынып-тартынып кеткен жоқ. Артына қарай-қарай түн қатып, тау асып амалсыздан аттанды. «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» демекші, арғы бетте Қытайдың территориясында қалып қойған қазақтар бұл жерден үдере көшкен жоқ. Мао Цзиньмен Сталиннің келісіп отырған сызығының, ар жағында қалып қойған қазақтар. Егер, біз Қазақстанның территориясында туылмағандарды ұлттан тыс деп қарайтын болсақ, қазақ масқараға ұшырайды. Ендеше, Құрманғазы оралман болады, ол Астрахань облысында жатыр. Қытайдың аумағынан топырақ бұйырған Әсет Найманбаев оралман бола ма? Қа­зақ­тың қабырғалы үш биі бар. Қазақ қастерлі адамын бөтен жерге жерлемейтіні белгілі. Үш бидің екеуі Қазақстан территориясында емес. Әйтеке би Науайы облысында, Төле би Ташкентте. Сонда Төленің, Әйтекенің, Құрманғазының ұрпақтары орал­ман ба екен? Әсеттің, Таңжарықтың ұр­пақтарын оралман деп қараймыз ба? Екіншіден, «адамның күні адаммен» демекші,  қазақтың күні қазақпен. Оралмандар құр қол келген жоқ Қазақстанға. Журналист бауырларымыздың көбісі – оралман. Олар «Қаражорғаны» ала келді. Ол Майра Мұхамедқызы, өзбектен Бақыт Сәрсекбаев болып, алтын медалін ала оралды. Қанат Ислам болып бүкіл қазақтың абыройын көтере келді. Қаптап жатыр ондай адамдар. Оларға суық көзбен қарау, тамырыңа у құйғанмен бірдей»,-дейді Бекболат Тілеуханов.

Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ. Тілеулес ағайын ел ішінде. Ендеше, болысудың орнына, неге «оңбасын» деп құшақ жая келген қазақтың жағасынан аламыз? «Орысша білмейсің» деп, иықтан қағып, кердеңдеп, ағайынға айтар жылы сөзден аянып безергенде ұтарымыз қайсы?

Біле білсек, үшінші жаңғыруға лайықты үлес қоса алатын да сол бауырлар. Өйткені олар, Кеңес үкіметінің тар қыспағын көріп, тілден, ділден айрылған жоқ. Қытайдың Алтай, Шыңжаң аумағындағы екі миллиондай қазақтың мекендеген аумағы «Айтыскерлер ауылы», «Күйшілер ауылы», «Саятшылар ауылы» деп бекер аталмаса керек. Ендеше, дәстүрге уызынан жарыған, жайлау көрген, жасынан тайға мінген қазақтың елге оралғаны жақсы.

Ұлттың мықтылығы санында. Сан сапаға айналуы керек. Қазақтар дүние жүзіндегі 6000 ұлттың ішінде – 43 орында. Халқының саны 10 миллионнан асатын ұлттар мак­ро, 100 миллионнан асатын халықтар мега ұлт болып саналады екен. Біз макро ұлтқа жатамыз. Жер көлемі бойынша дүниежүзінде ондықтамыз деп жар саламыз. Алайда, бәсекеге қабілетті болу үшін халық саны артуы керек. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орын алатынымыз тағы бар. Алдағы уақытта кемінде 30 миллионға жететін аймақтық ірі ұлтқа айналу басты мақсат.  Ендеше, қазақтың өз атамекенінде өсіп, тамыр жайғаны, ұлттық құндылықты сақтағаны аса маңызды.

Сөз соңы. Шекараның арғы бетіндегі қазақ жастары елге келіп, оқимын десе мүмкіндік қарастырылған. Қорқыт ата атын­дағы ҚМУ-де білім алып жатқан бір топ студент бар. Оларды туған ел қалай қарсы алды? Өрекпіп келген жастардың елден көңілі қалмасыншы деген ниетпен арна­йы тілдестік. «Қытайда маман, майталман болмай-ақ қояйын. Ел үшін еселі, тамаша еңбек етпесем де, шамамша тер төгемін. Атажұрттың бір уыс топырағын еш­теңеге айырбастай алмаймын. Менің балаларым туған жерде өссе шын бақыт емес пе? Сіздер − бақыттысыздар. Сыр бойы бізді қуана қарсы алды. Ұстаздарымыз үйіне қонаққа шақырып тұрады» деген Таңжарық Нұрланның сөзіне тебіреніп, қуанып кеттік. Қазақ жастары тәуелсіз Қазақ елінің бірлігін сезінсе, берекелі етуге атсалысса, мерейіміздің тасығаны. Ендеше, қазақ бір-бірін «оралман» деп бөлмесін! Өркендейтін елдің етегінен тартпайық.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

8  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру