Елімізде соңғы уақытта 3,5 мың қылмыстық іс жоғалып кеткен

11

Құқық қорғау органдары жүйесін жаңғырту үшін 11 миллиард теңге қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов хабарлады. Оның айтуынша, қазір өңірдегі мамандар заман талабына сай техникамен қамтылмаған. Егер қаражат бөлінсе, барлық істі электронды жүйе арқылы жүргізуге мүмкіндік туар еді. Соңғы жылдары құқық қорғау саласында 3 жарым мың қылмыстық іс жоғалып кетті. Сол себепті қазір оларды электронды жүйеге көшіру уақыт талабына айналып отыр. Бүгінгі таңда Астана мен Тараз қалаларында цифрландыру бойынша пилоттық жобалар жүзеге асып жатыр. 400 іс электронды форматқа көшірілді. Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары: – Алдағы уақытта оның техникалық тетіктерін зерделеп, кезең-кезеңімен енгізетін боламыз. Қазір қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу үшін техникалық мүмкіндігіміздің мәз емес екенін байқап отырмыз. «Құқық қорғау органдарының жүйесін жаңғырту туралы» заң жобасын бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов та жан-жақты қорғап бақты. Дәлірек айтқанда, жаңашылдық енгенде салада қандай өзгеріс болатынын баяндады. Құжатқа сәйкес, енді азаматтарға қатысты жасырын тергеу амалдары қолданылса, кейін тергеуші ол туралы күдіктіні ақпараттандыруға міндетті болады. Ахметжановтың айтуынша, мұндай өзгерістердің бәрі әр адамның конституциялық құқығын сақтауға бағытталған.  Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары: – Жасырын тергеу амалдарын ешкім білмейді. 6 айдан кейін, процессуалдық шешім қабылданғаннан кейін тергеу органдары мәлімдеме береді. Бүгін заңсыз қылмысқа тартылып жатса, ақталып жатса, ол өзінің құқылы келген зардапты мемлекеттен талап етеді. Мемлекет кінәлі адамнан талап етеді. Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Жасырын тергеуді 6-7 мемлекеттік орган атқарады. Жалғыз комитет қана емес, басқа да ведомстволар жасырын іс-шараларды атқара береді. Адам құқығы болсын, жасырын тергеу болсын, қорғалуы керек. Сонымен қатар адамды санкциясыз ұстау мерзімі де өзгеріске ұшырауы мүмкін. Қазір ол 72 сағатты құраса, болашақта бұл уақыт қысқарып, халықаралық стандартқа сай 48 сағатты құрайды. Тек қана терроризм, экстремизм, педофилия, қасақана адам өлтіру сынды ауыр қылмыстар бойынша күдіктілерді 3 тәулік қамауда ұстауға болады. Ал экономикалық қылмыстар үшін мұндай шара жаңа заңда мүлдем қарастырылмаған. Жақын арада Парламентте заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылып, қызу талқылау басталады.

Авторлары: Дариға Ташенов, Өмірбек Ізімов

8  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру