САРАМАН – ҚОСА МҰНАРАСЫ

20

Бұл ескерткіш – ХVIIІ ғасырдың қайталанбас туындысы. Тарихи жәдігер. Үш жүз жыл бойы махаббаттың ғана емес, батырлық пен адалдықтың қасиетін ұқтыру үшін қасқайып тұр.  Дала аңызы былай дейді:

 Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жігіт Қосай дос болыпты. Екі дос жер көріп, ел тану үшін ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдариядан өтіп, Арқаға қарай жылжиды. Бір күні Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенінің жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады. Бесікте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз тойға қатысып отырған Сараманға көз қиығын тас­тап, бір-бірімен үнсіз ұғысып, оңашада тілдесіп, қашуға бел буады… Қашқан үшеу аттары болдырғанша шауып, түн жүріп, күндіз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтіп, Қуаңға жетіп қонады. Ертеңіне қуғыншыларды қазіргі ескерткіш тұрған төбеге жете бергенде көреді. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені тұрақтарын білсе, әскер әкелер де, екі жақ соғысар, егер осы қуған бетімен қалаға кірсе өздері шығынға ұшырар. «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзіміз болайық. Мен алдын бөгейін, Қосай қызды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен аман қалсам, сендерді табармын» – дейді. Сонда Қосай: «Екеуіңнен садаға кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер» дейді. Бірақ Сараман көнбейді. Қыздың алты ағасы жиырма жігітімен қуғыншылардан күші басым болды. Жеті адам жастығын алып, ақыры Сараман қолға түседі. Қыз бен Қосай ұзай алмай жүреді. Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі сол» дейді. Қыз: «өзім қара жамылдым, еліне не бетіммен барамын?!» деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күші басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. …Хан жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жеріне жерлейді. Кірпіш бастырып, күйдіріп мұнара салдырады. (Ә. Оспанов.»Жанқожа батыр» ) Бүгінде мұнараға республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілген. Мұнара екі бөлмелі, жоғарыға айналып көтерілетін баспалдағы бар. Сырдың төменгі ағысында тұнған аңыз-әпсана ұлы Далада ерлік пен адалдықтың үстемдік құрғанына тағы бір дәлел.

 

 

9  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру