КӘСІПКЕРЛІК – ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖЕҢУ ҚҰРАЛЫ

b9cddd0d-ecb0-485d-b2e3-1140b7a1656d

Мақсұт ЖҮНІСБЕКҰЛЫ,

Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылы әкім аппаратының сараптама бөлімі маманы:

 Біздің анықтама

Мақсұт Жүнісбекұлы 1990 жылы Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Ақтөбе ауылындағы №109 мектепті бітіріп, Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқуын жалғастырған. Оқуды бітірген соң үш жыл Жезқазғандағы мыс қорыту зауытында жұмыс істеген. Одан кейін Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетінде қаржы мамандығында білім алған. Бүгінде Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылының әкім аппаратында сараптама бөлімінің маманы қызметінде.

– Қызметіңіз жастар саясатымен байланысты. Жұмысыңыздың негізгі бағытына тоқталсаңыз…

– Бүгінде ауылда жастар саясатын қолдау және кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл жастарымен негізгі төрт бағытта жұмыс істейміз. Біріншіден, мемлекеттік бағдарламалар бағытына тоқталсақ, қазір мемлекет тарапынан жастарға орасан зор қолдау бар. Оқимын десе де, жұмыс істеймін десе де мемлекет жәрдемдеседі. Мәселен, «Болашақ», «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Қолжетімді баспана – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді көздейді. Біздің мақсат – осы бағдарламаларды жастарға түсіндіру. Екінші бағыт – жастардың шығармашылық деңгейін арттыру, үшіншіден, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға талпындыруды ұйымдастырамыз. Төртіншіден, жастардың жұмыспен қамтылуын қадағалаймыз.

– Әлемде нақты шешімін таппаған мәселенің бірі – жұмыссыздық. Сіздің ойыңызша, оқу бітірген жас маманның жұмысқа орналаса алмауының себебі неде? Осы мәселе Ақтөбе ауылында бар ма?

– Менің ойымша, кез келген ата-ана баласының не нәрсеге қызығатынын, оның болашақтағы мақсатын білуге талпыну керек. Бүгінгі жұмысбасты ата-ана өз баласымен отырып, сұқбаттасуға уақыт таппайды. Оған дұрыс бағыт бермейді. Кабинетте отырсын деген оймен заңгер, қаржыгер мамандығына оқытады.  Ал оны баласы оқығысы келе ме, жоқ па сұрамайды. Өзіне қызық емес мамандықты оқыған бала сол мамандық бойынша жұмыс істеуге де қызықпайды. Екінші мәселе – елімізде жұмысшы мамандықтарға қызығушылық жоқ. Яғни мемлекетте қандай маман тапшы, сұранысқа ие мамандықтар тізімі жасалып, соған қарай мемлекеттік гранттар көптеп бөлінсе. Үшіншіден, баланың бойында кішкентайынан өз өміріне деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеп, болашақта мамандық таңдау еркіндігін беру керек.

– Биыл Ақтөбе ауылында жылына 1500 тонна дайын өнім шығаратын құс фабрикасының іргетасы қаланды. Осы фабриканың құрылысына, не іске қосылғаннан кейінгі жұмыстарына жастар қатысады ма?

– Ақтөбе ауылында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі жоқтың қасы. Мәселен, жастардың басым бөлігі «Ақтөбе и к» ЖШС-де жұмыс істейді. Құс фабрикасының құрылыс жұмыстарына да жастарды тарту жоспарлануда.  Бұл фабрика іске қосылғаннан кейін де жастар тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

– Елбасының өзі жеке кәсіпкерлікті дамытуға аса ден қойды. Ауылыңыздағы жас кәсіпкерлер туралы айтып берсеңіз.

– Ауылымызда 2016 жылы «Достық» ауыл шаруашылығының кооперативі құрылды. Оның 33 мүшесі 57 млн. 800 мың теңге көлемінде несие алып, ірі қара малын асылдандырып, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосуда. Осы 33 мүшенің ішіндегі 17-сі тәжірибе мен біліктілігін жетілдіріп жатқан еңбекқор жастар. Көпшілікке осы жастар үлгі болса дейміз. Қалтаға қолды салып, жұмыссыз жүргеннен мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсібін ашса, елде жұмыссыздық мәселесі болмас еді.

– Ауыл жастарын шығармашылыққа баулитын бірден-бір орын – мәдениет үйі. Ақтөбе ауылының мәдениет үйінде жастарға арналған қандай шаралар ұйымдастырылуда?

– Ауылда жастарымыздың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында халық әндері, бейнелеу, мәнерлеп оқу сынды үйірмелері бар  300 орындық мәдениет үйі жұмыс істейді. Мәдениет үйінде әрбір мерекеде ауыл тұрғындарына арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады.

– «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» дейді дана халқымыз. Сол дін қасіретке айналмас үшін ауыл жастарының діни сауаттылығына көңіл бөлініп жатыр ма?

– Атақты философ Анри Бергсон бір сөзінде: «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады, бірақ дінсіз қауым болмайды» деген екен. Расында адамзат жаратылғалы бері діни сенім оның өміріндегі күрделі де маңызды мәселе. Бұл ретте, Алла тарапынан күллі адамзатқа тура жолды көрсетуші етіп жіберілген соңғы хақ дін − Исламның орны бөлек. Бүгінгі таңда әлемдегі сұрапыл саясат асыл дініміздің беделін түсіруде. Дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі экстремистік топтар дінді жамылып, сұрқия ойларын жүзеге асыруда. Мұндай топтардың бейбіт дініміз Исламға ешқандай қатысы жоқ екенін өскелең ұрпағымызға ұғындыруымыз қажет. Әлеуметтік желілерде, ғаламторда жастардың өзіндік діни сауат ашуына жол бермеу керек. Міне сондықтан ауыл мешіттерінде аптасына төрт рет діни сауат ашу курсы жүргізіледі. Сонымен қоса мешітіміздің имамдары айына бір рет мектепте түсіндірме сабағын өткізеді.

– Бірде Анна Ахматованың нақыл сөздерін оқып отырып, мына сөзіне ерекше назар аудардым: «Мен біршама жыл бақытты болудың формуласын іздедім. Түйгенім, бақыттың формуласы кешірімді болу екен. Кешірімді адамның жүрегі кең. Ал жүрегі кең адамның алдынан үнемі бақыттың күліп тұратынын сөзсіз». Сізде бақытты болудың формуласы бар ма?

–Бақытты болудың формуласы – шүкіршілік ету. Еліміз тәуелсіз, заманымыз тыныш, отбасымыз аман. Осыған шүкіршілік етсең, шынайы бақытты екеніңді сезінесің.

– Жастарды саламатты өмір салтына тәрбиелеу үшін ауылда спорттық сайыстар ұйымдастырылады ма?

– Әрине, көрші ауыл жастарымен футбол, волейбол ойындарынан сайыстар жиі ұйымдастырылады. Ауыл мектептерінде жастардың спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында үйірмелер бар. Сонымен қоса жаз мезгілінде мектеп алаңында тұрақты түрде футбол ойынынан турнирлер өткізіледі. Жалпы спортпен айналысуға талпынған жастарға мүмкіндіктер қарастырылған.

– Өмірде жан-жақты табысты болу үшін ең алдымен білімді болу керек. Жастарға қандай кітапты оқуға кеңес бересіз?

– Ғабит Мүсіреповтің керемет бір сөзі бар: «Тілін білмеген – түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады». Табысты болу үшін ең алдымен ана тілді жетік білу керек. Ал оны білу үшін қазақ тілінде кітаптар оқу керек. Бүгінгі жастар заманауи, жан-жақты болуға тырысады. Сол себепті қазақ кітаптарын ысырып қойып, орысша, ағылшынша кітап оқиды. Бұл үлкен қате. Жастарға ең алдымен Абай атамыздың, Мұхтар Әуезовтің, Бауыржан Момышұлының шығармаларын, Алаштың бес арысы − Ш. Құдайбердіұлы, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, А. Байтұрсыновтың кітаптарын және үш бәйтерегі − Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің шығармаларын оқуға кеңес берер едім.

– Орыс жазушысы Толстой: «Мақсат — жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ, бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ» деген. Болашақта жарығымен жол көрсететін жұлдызыңыз – мақсатыңыз қандай?

– Мақсатым – еліме адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметте биік белестерді бағындыру.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан: Асел Бегман

11  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру