МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДАН ҚАТЕЛЕСПЕДІМ

28

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Әнуарбек Аслан Алтынбекұлы есепші. Ол 1993 жылы 4 тамызда Жалағаш кентінде дүниеге келген. №31 орта мектептің түлегі. Алматы қаласындағы «Алматы қаржы-құқықтық және технология» колледжінде қаржыгер мамандығын меңгерген. Кейін «Қазақ инженерлік қаржы-банк академиясында» жоғары білім алған. Еңбек жолын Жалағаш кентіндегі «Арай» бөбекжайында есепші болып бастаған. Бүгінде Жалағаш ауданы әкімдігінің «Жалағаш кенті әкімінің аппараты» КММ-сі бас маманы (бас есепші) болып қызмет атқарады.

Аслан ӘНУАРБЕК, Жалағаш ауданы әкімдігінің «Жалағаш кенті әкімінің аппараты» КММ-сі бас маманы:

− Есепшілер күнін қалай атап өтесіз?
− Достарымыз, әріптестеріміз құттықтап, жұмыста табыс тілеп жатады. Әр мамандықтың өз кәсіби мерекесі бар ғой. Бұл күнді біз де асыға күтеміз. Әріптестермен бірге атап өтуге тырысамыз. Бір-бірімізге жылы лебіздер білдіріп мерекелік көңіл күй сыйлауға асығатын күн.
− Неліктен бұл мамандықты таңдадыңыз?
− Мектепте барлық пәнді жақсы оқуға тырыстым. Бала күнімнен есепке жүйрік жандарға қызығатынмын. Базардағы саудагердің көп ақшаны демде санап тастағанына таң қалған кезім болған. Бала күнімнен есеп-қисаптың майталманы болуды армандадым. Сондықтан мектеп бітірген соң қаржыгер мамандығын таңдадым. Таңдау жасау өте маңызды іс. Ата-анам кедергі келтірмеді. Мен өзімнің қызығушылығыма, қабілетіме, бейіміме, қалауыма сүйендім. Ең бастысы — еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет. Мен таңдаған мамандық қай қоғамға да маңызды, бағалы үлес қосатын кәсіп түрі.
− Бүгінгі міндетіңізге не кіреді?
− Мемлекеттік қызметте бас маман яғни бас есепшімін. Мекемеге келіп түсетін мемлекет қаражаттың дұрыс әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз ету және аппараттың қаржылық жұмыстарын ұйымдастыру басты міндетім. Жасалған жұмыстардың есебін дайындау, өткізу.
− Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездеседі?
− Жұмысым қаржымен тікелей байланысты болған соң қателеспеуге тырысамын. Барлық санға мұқият болу үшін дайындаған есеп үлгімді бірнеше мәрте шығарып алып оқимын. Бір санның өзі бүкіл еңбегіңді бүлдіруі мүмкін. Сондықтан есепшіге тиянақтылық керек. Кейде уақыт жетпей жатады. Соған қарамастан барлық тапсырылған жұмысты уақытылы бітіруге күш саламыз.
− Есепші епті болу үшін қандай қағидаларды ескеру керек?
− Ең бастысы тиянақтылық пен жауапкершілікті қажет. Алдыңдағы жұмыстың жауапкершілігін сезінсең, оған атүсті, жүрдім-бардым қарамай тиянақты орындасаң нәтижесі жақсы болады. Бір жұмысты істегенде оған екінші мәрте оралмауды ойлап тұрамын. Сол үшін барынша сандарға сақ болуға тырысамын.
− «Есепші болу үшін жоғары білім алу маңызды емес. Курс оқып алсаң жеткілікті» деген пікір бар? Келісесіз бе?
− Келіспеймін. «Адам өз өмірінде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек: біреуі — жар таңдау, екіншісі — мамандық таңдау»,- деген. Есепші − үлкен мамандық. Мамандықтан хабардар болуға ғана емес оны дамыту қажеттілігі туындайды. Бухгалтерлік іс әрқашан түсініп, ескеруді және өз білімін толықтыруды талап етеді. Есеп-қисап әлемінде күн-сайын жаңа дүние пайда болуда. Сондықтан ұлттық және халықаралық стандарттарды, нормативтерді, есеп, аудит бойынша ережелер мен нұсқауларды жетік білу шарт. Екі-үш ай курс оқып алып мықты есепші болып кету оңай шаруа емес.
− Мемлекеттік қызметші қандай болу керек?
− Қарапайым және адал болуы керек. Өзгеге үлгі етіп таныстыра алатындай қызметкер болуы қажет. Мемлекеттік қызметші өзіңнің қоғамға қажетті адам екенін сезініп, лайықты қаржы тауып, өз қабілеттерін көрсетіп, абыройлы еңбек еткені абзал. Таңдаған еңбек жолын ризашылықпен атқарса, алғысқа бөленеді. Адалдық − азаматтың ісі. Қай жаста болса да мемлекеттік қызметшінің басты туы адалдық.
− Жалағаш жастарының қандай мәселесіне алаңдайсыз?
− Жұмыссыздық әлі де өзекті. Мамандығына сай немесе басқа да кәсіп таппай жүргендер көп. Бұл мәселені мемлекеттік жастар саясаты оңтайлы шешіп отыр. Себебі мемлекет қазіргі жастарды еліміздің экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық саласына қатыстылығы жағынан алғанда, болашағы зор, қоғамның маңызды бөлшегі деп қабылдайды. Сол үшін де жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігінің артуы, өмірлік көзқарастарын қалыптастыруы кезінде азаматтық қағидасы берік, рухы күшті болуы, саналы құқықтық және саяси мәдениетінің жоғары болуы мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Ұлттық тәрбиесі мықты, білімі терең адамда мәселе болмайды, ол бәрін де шеше алады. Тек алға ұмтылып, мақсат қойып, табандылық танытса, жиырма бірінші ғасырда алынбайтын асу жоқ.
− Ойлау жүйеңізді дамытатын қандай ойындар ойнайсыз?
− Уақыт тапсақ, әрине. Қолымыз қалт еткенде бірінші тынығып алғым келеді. Есте сақтау қиын. Сондықтан қарапайым қағидаларды ұстанамын. Қысқа сөзден гөрі үлкен үзіндіні жаттауға тырысамын. Ұзақ мәтінді назар аударып жаттағаннан бөліп жаттағанды жөн санаймын. Екінші ғаламторда түрлі логикалық ойындар бар. Соларды ашып қарап бас қатырамын. Әсіресе шахмат ойынын ойнағанды ұнатамын. Мықты қарсылас табылып ойнай кетсем екен деймін. Тарихи кітаптар оқығанды жақсы көремін. Соңғы рет Қойшығара Салғараұлының ежелгі көне заманнан бастап орта ғасырда өмір сүрген түрік халықтарының тарихы жөнінде жазылған «Түріктер» атты зерттеу кітабын, Есенберлиннің «Алмас қылыш» атты шығармасын оқыдым.
− Қазақ баласы қара есепке жүйрік емес пе?
− Әрине біздің ата-бабамыз ешқандай университет оқымай-ақ есепке жүйрік болған. Үйір-үйір жылқы, қаптаған қойды жаңылмай санайтын. Бір ғана Сыр өңірінің дарынды перзенті Асқар Жұмаділдаев атамыз мысал бола алады. Мұнан бөлек елімізде Мұхтарбай Өтелбаев, Уалбай Өмірбаев есімді мықты математик ағаларымыз бар. Бүгінде олар талантты шәкірттерді тәрбиелеуде. Қара есеп қазақтан қалған деп айта аламыз. Әлем математиктері шешуін таппаған есептің жауабын біздің елдің математиктері тапқанын зор мақтанышпен айта аламыз.
− Отбасыңызда есепшілер бар ма?
− Әкем Алтынбек Баймұратов мұнайшы, анам Ләззәт Рәбекқызы бөбекжайда тәрбиеші болып жұмыс істейді. Екі қарындасым бар. Гүлжайна мектепте мұғалім, Айдана студент. Байқағаныңыздай шаңырақтағы жалғыз есепші менмін. Ата-анам жұмысқа да, үй шаруасына да уақыт тауып жүретін жандар. Соларға қарап бой түзеп келемін. Болашақта мен де мерейлі шаңырақтың иесі болғым келеді.
− Есепші жігіттің жары да есепші болу керек пе?
− Сандарды сөйлетпесе де шаңырақтың шырайын кіргізіп отыратын инабатты, ақылды ару болғанын қалаймын. Қазақ қызы – менің мақтанышым. Бұрымы беліне түскен, ақылына көркі сай қазақ қыздары тұрғанда менің өзге ұлттың қызына ғашық болуым мүмкін емес. Шаңырақ көтеру әзір ойымда жоқ. Уақыты келгенде шағын мемлекеттің туын көтереміз.
− Он жылдан кейін сіз кімсіз? Қалай елестетесіз?
− Бұл сұраққа әлі ойланып көрмеппін. «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз, даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» деген әл-Фараби бабамыз. Алдағыны Алла біледі. Жас маман болған соң менің қазіргі міндетім жұмыс, жұмыс және жұмыс. Жемісті еңбек етіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан білікті маман болатын шығармын.
− Алға қойған мақсатыңыз қандай?
− Мамандығым бойынша шыңдалып мол тәжірибе жинақтау. Қоғамның дамуына жоғары кәсіби білікті, коммуникативті, қабілетті, еңбек етуге деген ықыласы зор, қызығушылығы көп, өз мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға даяр мамандық иесі зор үлес қоса алады. Әрі бүгінгі уақытта осындай жан-жақты білімді де білікті мамандарға сұраныс көп. Сондықтан мамандық бойынша ізденісті арттырып, өзіме, қоғамға тигізетін пайданы ойлап, еңбектен шабыт тауып, өнімді еңбекке етіп табыс болу басты мақсат.
− Мақсатыңызға жетіңіз! Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН

18  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру