» БИЗНЕС ШАБЫТ

БИЗНЕС ШАБЫТ

Altyn soz


(Қызылордалық кәсіпкерлердің ойлары)
Бұрынғы Бағдар, қазіргі Bizness – газеттің тұрақты бетіне айналғаны  уақыт талабы десек болады. Тұрақты оқырмандар байқаған болар, беттің атауы Бағдар болған кезде айына бір рет шығатын. Кейін атауы өзгеріп, яғни 13 қыркүйектен бастап апта сайын шыға бастады. Мұның басты себебі – бүгінгі жастардың кәсіпке деген талабы. Оған мемлекет тарапынан ұйымдастырылған түрлі қолдау бағдарламасы, сонымен қоса «17 жастағы жігіт алғашқы миллионы туралы», «21 жаста табысты кәсіп ашу сыры», «30-ға дейін табысты болған қазақстандықтар» сынды ақпараттардың да ықпалы бар.
Тағы бір байқағанымыз, жастар бір мекемеде ұзақ жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шыққысы келмейді. Оларға жеке кәсіп ашу тақырыбы ерекше қызық. Оған қоса қалада жоқ кәсіп түрін игергісі келеді.
Оқырманға қызық дүние – бізге де қызық. Сондықтан қаладағы танымал мейрамхана қожайыны, жаңа нысан ашқан адам, ауылшаруашылық қожалығының иесі, бизнеске айналған start up идеялар авторының Қызылордадағы кәсіпке байланысты айтар ойы әркез біздің назарда. Оған осы Bizness беті дәлел. Мәселен, 2018 жылда әртүрлі саладағы 41 кейіпкермен тілдесіппіз. Кейде бір беттік материалға қарағанда бір ауыз сөз көбірек әсер етеді. Қай уақытта да адамға мотивация артық етпейді. Сондықтан «кәсіп ашқым келеді» деп толғанып жүрсеңіз немесе кәсібіңіз бар болса, төмендегі ойлардың топтамасы сізді қызықтыратыны сөзсіз.
                                                                       
Ділмұхамед Абизов,  «DALATEX» ЖШС директоры:
"Өндіріс орнында 100 адамның жұмысын бір техника істей алады деп жатамыз. Дегенмен адамның тың идеясы, құлшынысымен жасалған дүниеге ешнәрсе жетпейді. Қалай десек те, техника қаншалықты мықты болса да адамға тәуелді.
Жомарт Шәуенов, лего кірпішті Қызылордаға әкелген алғашқы кәсіпкер:
"Бұл – облыс пен жақын аймақта әзірге жоқ жоба. Сондықтан болар, қаржыландыру тетігі бірден табыла кетті.
Мұхамедәлі Тұрманов, пластик терезе өндірісімен айналысады:
"Білетіннен көмек сұрауға қысылма. Мен де бастапқыда кәсіпкерлер палатасының мамандарына бардым. Олар «Бастау» жобасына қатысуды ұсынып, оқуға жіберді. Нәтижесінде бір ай оқып, тұтынушылармен жұмыс істеу сияқты, кәсіптің өзге де қыр-сырына қанық болдым.
Жеңіс Сүйіндік, «Smart service»: автокөлікке газ қондырғысын орнату орнының директоры:
"Кәсіпте қанша жұмсадым емес, қанша пайда алып келеді деген сұрақ маңызды. Қаржы құймасаң, кәсіп жүрмейді. Майдаланған қаржы кете береді. Сондықтан оған көп бас ауыртпа.
Айгүл Мұханбетжанова, облыста алғаш болып шұлық цехын ашқан:
"Қорқыныштың болуы қалыпты жағдай. Мен де бастапқыда «қалай бастаймын, құрал жабдықты қайдан аламын, кімнен көмек сұраймын» деп көп ойландым. Бірдеңесі болар деп тәуекел еттім. Бәрі бірден болмайды. Білетінімнен бастадым. Білмегенімді құлап-сүрініп үйрендім.
Наурыз Нұрлыбек, диқаншы:
"Қара жер де адам секілді күтімді қажет етеді. Бір күн көңіл бөлмесең, ойлағаның әп-сәтте болмай қалуы мүмкін. 12-13 жасымнан бастап, ата-анадан жырақ кетіп, егінге бет  бұрдым. Мақсат – ағайынға масыл болмай, еңбектің адал нанын жеу болатын.
Абылайхан Тұрмағанбет, жеке кәсіпкер:
"Идея мәселеден туындайды. Себебі ақша проблема шешілген кезде ғана төленеді. Əр кәсіпкер өз деңгейінде белгілі бір мəселені шеше алуы тиіс. Əлемде шешетін мəселе көп, бірақ оны шешу үшін олар қайдан туатынын түсіну керек.
Ержан Іскендір, «Қызылорда» супермаркеттер желісінің директоры:
"Кәсіптің дамуында тұтынушымен орнатқан байланыс маңызды. Мәселен, бір кісі диабетикалық заттарды басқа қаладан алдырады екен. Сол кісінің ұсынысымен 500 түрлі диабетикалық өнімді саралап, 100-200 түрін әкелуге тырыстық. Осы секілді көш жүре келе түзеледі.
Самат Тұрсынәлиев, «Buffet city» кафесінің қожайыны:
"Жұрт не істеп жатыр, соған қара. Мысалы жаңа орында тамақтану, кітап оқу, сапарға шығу. Ойыңдағы шекараны бұз. Сонда ғана идея туындайды.
Әділет Байнашев, «Adilet event group» директоры:
"Ауылдан қалаға келген жылдар ең ауыр кезең болды. Үйде кіріс жоқ. Бір нанды екі күнге бөліп, рожкиді қара суға қайнатып жеген күндер болды. Сондықтан жоқшылықтан, қиындықтан қорықпа. Жүрісім мынау, менен қандай кәсіпкер шығады деп ойлама. Себебі бүгінгі дәрежеге жетуіме түрлі сынақтар сеп болды.
Жібек Мұхимова, «Balqaimaq» кешенінің директоры:
"Бізде қой, түйе жүнін қоқысқа тастайды. Ал шетелде бұл таптырмас шикізат. Сондықтан осындай қолданыс таппаған шикізаттарға көңіл бөл.
Айдос Сайлығараев, «Браунис» кондитерлік дүкенінің басшысы:
"Келешек кәсіп ашқың келетін салада жұмыс істе. Жақсы жұмысшыдан жақсы кәсіпкер шығады.
Аида Керімқұлова, «Қолөнер» ұлттық дүкенінің директоры:
"Бұйым бағасын арзандатудан гөрі оны жақсылап жарнамалауға көңіл бөл. Расында құнды дүниенің қолжетімді болуы оның қадірін кетіреді.
Шұғыла Рахметова, мал бордақылайтын алаң иесі:
"Мемлекеттік бағдарламаға қатысып көре бер. Тамыр-таныссыз жетістікке жетуге болады. Бағдарлама аясында бір жарым миллион теңге алған менің жағдайым оған дәлел.
Әсел Бекбанова, «Көркем» сұлулық салонының директоры:
"Арманда! Армандай білген адам ғана мақсатына жетеді.
Әсел БЕГМАН
---
21 ақпан 2019 ж. 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

25-302

20 маусым 2019 ж.

24-301

13 маусым 2019 ж.

23-300

06 маусым 2019 ж.

Спорт

ЖЕРЛЕСТЕРДЕ ЖЕТІ ЖҮЛДЕ
22 маусым 2019 ж. 21

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930