» Бізге де бір "апа" керек

Бізге де бір "апа" керек



 Ұларбек Нұрғалымұлының "Дайағашшы" деген кітабы қолыма тиді. Сонда "Ауылды ұстайтын апа" деген мақаласын оқыдым. Сөйтіп, "бізге де бір апа керек екен" деген ойға қалдым. Егер Женейдің апасын әр ауылдан кездестірсек, бәрін мүлде басқаша елестететін едік. Қысқа кигенді, сәлем салмауды, бір-бірімен алысқан жігіттерді кездестірмес едік.  
      "Біздің ауылды Женейдің апасы "ұстайтын". "Ұстағанда" да жай емес, бүріп "ұстайтын". Ол кісі отырған жерден, әсіресе, қыз-келіншектер айналып өтуге тырысатын. Көйлегінің жағасы төмен немесе етегі жоғары болып қалса, Женейдің апасы отырған жерге баспайтын. Ол кісі көп ішінде "Әй, пәленнің қызы" деп өзіне қаратып алып, кесіп-кесіп айтып тастағанда қыз келіншектердің бетінен оты шыққанын бала кезімізде талай көргенбіз. Үйіне орамалсыз келіншек кіргізбейді екен. Мешіттегі секілді босағада орамалдар ілгізіп қойған. Айт, той, мереке күндерінде қыдырып келген көрші әйелдердің жалаңбас келгені болса: "Әй, қатын! Байдан қайтып келіп пе едің? Басыңды ора!" деп тікесінен тартады екен. Келін, немерелері келген қонақтардан кешірім сұрап әлек дейді. Апамыз қайтпайды. "Жалаңбас келсең, шаруаңды есік алдында айт" деп кесіп тастап қарап отырады екен", – дейді Ұ.Нұрғалымұлы.
    "Бүгінде келін қайсы, қыз қайсы екенін ажырату қиын" депті бір кісі. Рас, қыз бен келінді ажырату қиын. Бірі-бірінен қалысар емес. Үстеріне жабыстырып бір жапырақ матаны орап алады. Анда тартсан да, мында тартса да жетпейді әйтеуір. Орталыққа шықсаңыз, қысқа шорти киген жастарды көп кезіктіресіз. Ең қызығы, кәмелет жасқа толмағандардың қолында шылым мен сыра.  Түнгі клубтан да осындай жайды кездестіресіз. "Қызға қырық үйден тыйым" деген сөз қазіргі таңда ұмытылған. Қызға қырық үйден тыйым болмақ түгілі, бір үйден де тыйым салынып жатқанын көріп жүргеніміз шамалы. Осы орайда, шын мәнінде, Женейдің апасын бізге алып келгенде көп өзгерістің орын алары ақиқат еді.
   "Қазақтың келіні инабатты, ибалы" деген сөз тіркестері жиі айтылады. Өкініштісі, біз осы сөздерге лайықсыз болып барамыз. Кеше бір жиында қазақтың қыздарын салыстырды. Өткенге көз жүгіртіп, бүгінді сараптады. Сонда дейсіз ғой, елге танымал "Шырын мен Кәмшатты, Байзақованың бейнесін көрсетті. Қазіргі буын ата-бабамыздың салған ізімен емес, жұлдыздардың ізімен жүреді ғой. Олар кигенді киіп, істегенді қайталау әдетке айналды. "Ауру қалса да әдет қалмайды" деген осыдан шықса керек-ті.
     М.КЕНЖЕҒҰЛОВА
---
21 маусым 2019 ж. 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

47-324

21 қараша 2019 ж.

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930