» Қызылордада бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеу дерегі көп

Қызылордада бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеу дерегі көп

Өткен аптада денсаулық сақтау басқармасы бір топ журналист қауымымен кездесті. Ондағы мақсат – денсаулық саласындағы түйіткілді мәселені бірлесе шешу, әлеуметтік желідегі сыни пікірлерді сараптау. Біз ойлағандай брифинг емес, еркін-пікір алмасу, сұқбаттасу болды. Дәрігерлер қатып қалған баяндама оқып, уақытты текке өткізген жоқ. Иә, расында денсаулық саласы мен білім басқармасында қызметкерлер өте көп. Сол себепті де халық арасында жұмысына көңілі толмау жағдайлары жиі кездеседі. Көп сынның дәрігерлерге қарата айтылатынын да жоққа шығара алмаймыз. Сонымен кездесуде не айтылды? Қандай тақырыптарға басымдық берілді? Журналистер көкейінде жүрген сауалдың жауабын ала алды ма? Айта кетейік, БАҚ өкілдерімен кездесугеҚызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасарлары Олжас Ысқақов пен Баян Боранбаева, облыстық көпбейінді орталықтың бас дәрігері Нуриддин Әмитов, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлнар Жұмашева және №3 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова келді.
Алғашқы сұрақты "Ұстаз мәртебесі" газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы жолдады. Ол "Әлеуметтік маңызы бар ауру бар. Мәселен, туберкулез, онкология, жүрек қан тамырлары, қант деабеті.  Ауру түрлерінің азаю көрсеткішін көріп отырған жоқпыз? Нендей жұмыс жасалынды? – деді. Сауалға денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Олжас Ысқақов жауап берді.
Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша қауіпті аурулар жүрек ауруларымен ауырған, инсульт немесе инфаркт алған науқастарды қосымша тексеру, жүректің бір тәуліктік қан қысымын өлшеу, мойынтұсты зерттеу арқылы бас ми тартысының алдын алуға жұмыс істелуде. Қазіргі таңда бұл мақсатты топ бойынша аймақта 21 мыңнан астам науқас тіркелген. Бұл сырқат бойынша жыл сайын науқастардың саны артып келеді. Өздеріңізге белгілі, жүрек-қан тамырлары аурушаңдығы әлем бойынша алдыңғы орында. Тиісінше, бұл сырқат Қызылорда облысында да бірінші орында тұр. Бұл дерт бойынша жыл санап анықталу көрсеткіші жоғарылаған сайын, сырқаттанушылардың да саны көбеюде. Дегенмен, өлім саны азайды. Аталған сырқаттың алдын алу мақсатында биыл мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында Қазалы аудандық ауруханасына «Ангиограф» аппараты қойылды. Сонымен қатар мұндай құрал жабдық облыстық көпбейінді ауруханаға да қосымша алынды. Осы уақытқа дейін облыста жүрек-қан тамырларының өткізгіштігін тексеретін бір ғана құрылғы болатын, қазіргі таңда үш ангиограф бар. Оның бірі Қазалы аудандық ауруханасына қойылды. Арал, Қазалы және Қармақшы ауданының тұрғындары осы құрылғының көмегіне жүгіне алады. Ал қалған екі құрылғы облыс орталығындағы көпбейінді ауруханада орналасқан. Сонымен қатар бұл ауруханаға тағы бір жаңа томографиялық аппарат алынды. Бүгінгі күні бұл орталықта екі томографиялық аппарат жұмыс істеуде. Ал онкологиялық аурушаңдық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қазіргі таңда аймақта 4200-ден астам адам осы сырқатпен тіркеуге алынған. Онкологиялық дерт бойынша соңғы уақытта қуантарлық жағдай бүгінде бұл сырқаттың бірінші, екінші сатысын анықтау көрсеткіші 6,9 пайызға жоғарылаған. Яғни, аурушаңдық деңгейін ерте анықтау көрсеткіші көбейіп, науқастың өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік туып отыр. Осыған сәйкес сырқаттың кеш сатысын анықтау төмендеді. Осыған орай аталған дерт бойынша өлім жітім көрсеткіші азайған. Онкологиялық дертке шалдыққандардың өмір сүру ұзақтығы 5 жыл деп көрсетілсе, қазіргі таңда сырқатты ерте анықтау нәтижесінде 5 жылдан аса өмір сүруге қол жеткізілген, – деді Олжас Ермекұлы.
 "Ана мен бала" денсаулығының басты назарда екені баршамызға белгілі. Осы орайда бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуіне байланысты облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Гүлнар Жұмашева тоқталып өтті.
"Бізде бір баладан кейін демалу, араға уақыт салу деген қағида жоқ. Үстін-үстін босанып, денсаулыққа кері әсер ететін тұстар кездеседі. Бұл әрине бала денсаулығына әсер ететіні белгілі. Нәрестенің шала туылуы әйелдің жүктілік кезеңін ауыр өткізуіне байналысты орын алады. Бір жасқа дейінгі нәрестенің шетінеуіне көбіне олардың шала туылуы әсер етуде. Олардың көрсеткіші 83 пайызды құрайды. Осы орайда айта кету керек, мұндай салмақпен туған балаларды аман алып қалу бұрын 30 пайызды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 55 пайызды көрсетіп отыр", – деді Гүлнар Хамзақызы.
Кейбір емханаларда дәрігер мамандары жетіспейді. Мәселен, көз дәрігеріне көрінер болсаңыз, ол сізге қарасты емханада болмауы мүмкін. Ал облыста балалар арасындағы көз дәрігері жоқтың қасы. Былтыр 205 дәрігер жетіспесе, биыл 151 дәрігер маманы тапшы. Бұл мәселе де брифинг барысында көтерілді.
– Шыны керек, тар буынды мамандардың жеткіліксіздігі орын алуда. Осы мәселені жою мақсатында облыс әкімінің гранты бөлініп, мамандар даярланды. Қазіргі таңда олардың алғашқы легі де өз туған жерлерінде жұмыс істеуде. Нақтырақ айтсақ, 15 реаниматолог дәрігер өз жұмыстарына кірісті. Облыста дәрігерлер жетіспеушілігі бары рас. Ал аудан мен ауылдар біршама аймақтық дәрігерлермен қамтылды. Ауылдардың дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 80 пайыздан жоғары. Арнайы бакалавр мамандығы бойынша дәрігерлер оқытылуда. Былтыр 30 адам білім алса, биыл 40 адам оқуға түскен. Сондай-ақ биыл 73 дәрігер оқуын аяқтап, олардың 43-і ауыл-аймаққа жіберілді, – деді басқарма басшысының орынбасары Олжас Ермекұлы.
"Менің дәрігерімді жұмысқа шығарып беріңіз" деп келетін науқастар көп. Мен бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отырған дәрігерді күштеп жұмысқа қоса алмаймын. Біздің емханада дәрігердің жетіспейтін тұстары кездеседі. Дегенмен де бұл мәселенің алдын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – науқастарды кезек күттірмей қабылдау", – деп бастады қалалық №3 емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова өз сөзін. 
 «№3 емханада 11 дәрігер бала күтімімен үйінде отыр. Олардың жұмысқа шыққысы жоқ. Олар да өз құқықтарын сақтап баланың жанында үш жасқа дейін отыруды ұйғарған. Дәрігерлердің жұмысқа шығуға ынтасының болмауына келушілермен болатын түсініспеушіліктер, олардың тарапынан айтылатын сын ескертпелер әсер етіп отыр. «Емханаға келушілер елеусіз қалып, дәрігердің қабылдауына кіре алмай қалып жатқан жоқ. Келушілерден келіп түсетін шағымның басым бөлігі олар үнемі бір дәрігердің қадағалауында болуды қалайды», – дейді Гүлстан Мақсұтова.
Жалпы денсаулық саласында салғырттық орын алады.  «Facebook» әлеуметтік желісінде қала тұрғыны Үміт Тасанова  қызылордалық журналистерден көмек сұраған болатын. Ол өз жабасында «Туған апам Нұрғалиева Күлайша 3 желтоқсан күні кесір тілігімен ауыр жағдайда ұлын босанып еді. Қазіргі жағдайы өте ауыр. 14 желтоқсанға дейін температурасы түспей, МРТ қорытындысымен екінші операция жасалды. Екінші операцияда жатырының не үшін алып тастағанын оның жолдасына, бауырларына неге ескертпеген?» делінген. Ал дәрігерлердің айтуынша, отадан кейін адам денсаулығының қалыпқа келуіне оның қан аздығы да әсер етеді. Сонымен бірге Күлайша Нұрғалиева 10 жылдан бері қан аздықпен емхананың тіркеуінде тұрғаны анықталған.
– «Науқастың жағдайына байланысты жасалған үшінші ота сәтті өтті. Науқаста 5,4 гематома болған, оны эвакуциялады. Сонымен қатар ішек жолдары жабысқан. Қан көп жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда анализдері қалыпты. Бүгінде науқастың жағдайы отадан кейінгі жағдайға сәйкес жүруде. Жолдасы мен бауырларына келуге рұқсат етілуде. Ол жағынан еш шектеу жоқ», – дейді облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлнар Жұмашева.
P.S.БАҚ өкілдері кездесуге денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтың өзің күткен болатын. Дегенмен  "басқарма басшысы іс-сапарда болуына орай келе алмады" деген жауап алды. Бұл әрине журналистерді қуантпады. "Жиналыс, жиналыс" деп қашқақтайтын басшының 2020-да журналистерге бөлер уақыты табылар деген үмітпен тарқастық...
Мөлдір САБЫРЖАН
---
30 желтоқсан 2019 ж. 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

21-350

28 мамыр 2020 ж.

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930