» Достықты қарлығаштан үйренейік

Достықты қарлығаштан үйренейік

  Құстар әлеміне қатты қызығамын. Бейне бір еркіндікті, азаттықты әйгілейтіндей көкте самғайды. Алуан түрлі құстардың ішінде өзіме ең жақыны – қарлығаш. Оның себебін айтайын. Қызылорда қаласында тұратын апа-жездемнің үйіне бірнеше жыл бұрын қарлығаш ұя салды. Ол ұя әлі бар. Кіреберіс есіктің үстінде, қабырға бұрышында тұр. Апам мен жиендерім қарлығашты үркітіп алмайық дегендей есікті ақырып ашып, ақырын жабады. «Осы құсқа таң қалам, ұясын асқан шеберлікпен жасаған, балапандарына да қамқор. Айтпақшы, қарлығаш адамға неге жақын болды екен?» деді апам бір күні. Содан кейін менде түрлі сұрақ туып, қарлығаш туралы іздене бастадым.
Қарлығаш несімен киелі? Адамға қалай дос болды? Ұясын неге үйге салады?..
(қиып беруге)
Қарлығаш – айыр құйрықты, қанаттары ұзын әрі ұзын келетін шағын денелі қара ала құс. Қарлығаштың басқа құстардан айырмашылығы – жемін ұшып жүріп ұстайды. Суды да ұшып жүріп ішеді екен. Қарлығаш жылына екі рет жұмыртқалайды. Екі-үш аптада балапан басып шығарады.
Қарлығаш әулие
Үйдің іргесін жайлап, балшықтан ұя соғатын қарлығаш пен адамның достығы қай заманнан бастау алған? Ендеше осы сұраққа ауыз әдебиетінен жеткен хикаялар арқылы жауап беріп көрейік. Ол үшін ең әуелі қазақ халқы емес, өзбек, кырғыз, қарақалпақ, тәжік елдері құрметтейтін Төле би бабамыздың «Қарлығаш әулие» атануының сырына тоқталайық.
Жоңғар басқыншылары өрттей қаптап, қазақ жерін таптап келе жатады. Қамсыз малын бағып отырған ел тым-тырақай босып үдере көшеді. Сонда жалғыз-ақ бір үй түтінін түтетіп отыра береді. Жоңғар қоңтайшысы батырларын жұмсап:
– Анау жалғыз үй неғып көшпей отыр, – барып біліп келіңдер! – дейді. Келсе, ол Төле бидің үйі екен. Жоңғар жігіттері әкіреңдеп:
– Жұрттың бәрі көшіп кеткенде, сен кімсің, неғып отырсың?!
Төле би олардың алдынан шығады:
– Жігіттер, сабыр етіндер! Алдымен үлкен кісіге сәлем бермеуші ме еді? – дейді. Әдет-дәстүрден бір сүрінген олар сәлем беріседі.
– Енді тыңдаңдар, – деп сөз бастайды Төле би – шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Сол құс қашан сарыауыз балапандарын қанаттандырып өргізіп кеткенше мен еш жаққа көшпеймін. Қарлығаш – қасиетті құс, адам баласының досы. Сендер білесіңдер ме, ертеде дүние жүзін топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесін суға батудан аман алып қалған осы қарлығаш! Адам баласына қастандық жасамақ болған жыланнан да корғап қалған осы қарлығаш! Мен жау келді деп үйімді жығып, оның ұясын бұзып балапандарын шырылдатар жайым жоқ! Сендердің де бала-шағаларыңды улатып-шулатып қырып, қырғын-сүргін қылып жатса, жақсы көресіңдер ме?! Бар, хандарыңа осы сөзімді айтып барыңдар!
Жоңғар жігіттері барып Төле бидің осы сөзін айтса, қонтайшысы:
– Ол әулие адам екен, оған тимеңдер, оның төңірегіндегі елін де қозғамаңдар! – депті. Содан былай қарай Төле би "Қарлығаш әулие" атанып кетіпті.
Төле бидің қарлығаштың ұясын қызғыштай қорғап, құрметтеуі – киелі құстың адамзатты жыланнан құтқаруында жатыр.
Адалдықтың үлгісі
«Әдеби жәдігерлер» кітабында қарлығаштың адамға достығын білдіретін тағы бір қисса бар. Қисса бойынша қатыгез Намрұт патша Ибрахим пайғамдарды отқа тастауды ұйғарады. Барша әскерге төрт ай отын жиғызды. Содан соң от жақты. Қызуы күшейді. «Барып Ибрахимді отқа тастаңдар», – деді. Қарлығаш тұмсығымен ол отқа су құятын еді. Ибрахим: «Ей, қарлығаш, сенің тұмсығыңдағы су бұл отқа не болады?»  деді. Ибрахим оған жақсы дұға жасады. Сонда Пайғамбар қатігез патшаның отына күймеді, аман шықты. Хиссаның тәлімі мынада: қарлығаш тамшы суымен өртті өшіре алмайтыны да анық еді, алайда достығын көрсетті. Қияметке дейін ізгі аты қалды. Сонымен, қазақта жиі қолданатын «қарлығаштай қанатымен су сепкен», «қарлығаш достығын білдірді» деген сөз тіркестерінің түп-төркіні осында жатыр.
     
         Қиындықта қалған жақынының мәселесін түбегейлі шеше алмаса да оны жалғыз тастамай, көңілін сұрап, шама-шарқы жеткенше қолтықтан демейтін үлгі  қарлығаштан қалған. Сөз соңында осы киелі құстан достықты үйренейік, бір-бірімізге қарлығаш көмегімізді жасап жүрейік дегім келеді.
Шарафадин ЕДІЛҰЛЫ
---
06 наурыз 2020 ж. 146 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930