Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысында өткен жылы 16,5 мыңды құраған жұмыссыз санатындағы адамдардың саны биыл 24 мыңнан асты. Ал республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, жастардың үлесі 3,5 пайызға жеткен. NEET жастарының көбеюіне не себеп? Мемлекеттік бағдарламалардың әлсіздігі ме, әлде жастар секторының салғырттығынан ба?

– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді, – деген еді Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде облыс көлемінде 15305 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.

Осы жылдың І тоқсанында Мансап орталықтары филиалдарына 28597 адам жұмыспен қамту мәселелері бойынша хабарласқан. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар саны 10852 адамды құрайды. «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйелеріне жұмыс іздеуші ретінде 27990 адам тіркелсе, оның 33,9 пайызы жастар.

Жаһандағы жұмыссыздық

Жұмыссыздық – қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуына әсер ететін жаһандық проблема. 10 жыл бұрынғы әлемдегі ахуалды сараптасақ, еуроаймақтағы 17 елдің жұмыссыздық деңгейі 12 пайызға жеткен. Испанияда 25,8, Грекияда 27,8 пайызды құраған екен.

Халықаралық еңбек ұйымының болжамы бойынша өткен жылы әлемде жұмыссыздар саны 3 млн-ға өсіп, 208,2 млн адамды құраса, ал биыл 210,9 млн адамға дейін ұлғаймақ. Сандарды ортаға салғанда, жазуға да, оқуға да дәтің бармайды. Хош. Әлем болып миллиондаған жұмыссыздардың көлемін белгіледік. Келесі қадам қандай болмақ?

Балық берме, қармақ бер

Биыл республика бойынша бір айдың ішінде 12-29 жас аралығындағы 1,6 мың адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Оның ішінде 120 жасөспірім кәмелетке толмаған, 349 адам 18-20 жас аралығында, қалғаны 21-29 жас аралығында. Байқағанымыздай, құқық бұзушылық бойынша жастар секторының өкілдері тіркелген. Бұл жастардың уақытын тиімсіз пайдалануының әрі жұмыссыздықтың салдары екені белгілі. Бұзақылыққа бейім жастарға «қармақ» берілсе, пайдалана ма?

Халық, оның ішінде жастарды жұмыспен қамтуда әр елдің өзіндік тәжірибесі бар. Аймақта жұмыссыздықты азайту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Бірі де бірегейі – «Жастар практикасы». 4 жыл ЖОО қабырғасында білімге көңіл бөлмей, екі қолына смартфон ұстаған студент бір мезетте дипломы бар, жас маманға айналады. Бірі кәсіби мансабына көңіл аударса, екіншісі шағымын айтып, дипломын шаң басқанша жүре бермек. Осы орайда еңбек өтілімін қажет етпейтін бағдарламалар көмекке келеді. Әрине мемлекет берген «қармақты» оңтайлы пайдалана алса.

Ұрпақтар келісімшарты

Жобаның мақсаты – жұмыссыз түлектерді кәсіби мамандығы немесе ұқсас кәсіп бойынша 6 ай мерзімге жұмысқа орналастырып, кейіннен жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша әлеуметтік кодексте бекітілген зейнеткерлік жасқа толған, жұмыс істеп жүрген жұмыскермен алмастыру. Жобаға қатысу кезеңіндегі ай сайынғы жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Аталған жобаға жұмыссыз ретінде тіркелген, жасы 35 жастан аспаған, жоғары оқу орнын бітірген жастар қатыса алады. Облыс бойынша осы жылы «Ұрпақтар келісімшарты» аясында 30-ға жуық жасты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Алғашқы жұмыс орны

Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін, еңбек дағдыларын арттыру және жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылуда. 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарды кәсіби немесе ұқсас мамандығы бойынша жұмысқа орнына орналастыруды ұйымдастырады. Қатысу ұзақтығы – 18 ай. Бұл кезең азаматтың еңбек өтіліне есептеледі және сұраныс негізінде жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде 12 айға тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Жоспар бойынша 300-ге жуық жас жұмысқа тұрмақ.

Бастамаларды қолдау

«Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету қажет. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 проценттік шағын несие беріледі». Халыққа арналған Жолдауында түйткілді мәселелерге тоқталған Мемлекет басшысы осылай деді.

Қызылорда бойынша өткен жылы жастарға арналған жеңілдетілген несие бойынша 457 адамға 2 млрд 285 млн теңге көлемінде қаржы қаралды. Одан бөлек, халықтың осал топтарына жататын жұмыссыздарға жаңа бизнес идеяларын дамытуға арналған 1556 мемлекеттік грант беру жоспарлануда. Облыс бойынша соңғы 3 жылдың ішінде 8787 адам өз кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік қайтарымсыз грант алған. Бағдарлама аясында 54,3 пайызы мал мен құс шаруашылығына, 23 пайызы еңбек құралдарына, 21,6 пайызы технологиялық жабдықтарға, 1,1 пайызы өзге сала түрлерін құрайды.

Қармаққа балық ілінді ме?

Өткен жылдың шілде айынан бастап грант иеленгендерге арнайы мониторингтік жұмыстар жүргізілді. Мониторинг барысында 727 грант алған кәсіпкерлік субъектісі қамтылып, нәтижесінде 67 грант алушының ісі мақсатсыз пайдаланғаны үшін сотқа жолданған.

– Бұдан бөлек, басқарма тарапынан облыстық мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп сырттай талдау барысында берілген 8787 грант алған кәсіпкердің 52,4 пайызы кәсіпкерлігін жауып тастаған, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Жұмабекқызы.

Ал бағдарламаларға келсек, жастар тәжірибесіне 434, әлеуметтік жұмыс орындарына 45, «Алғашқы жұмыс орыны» жобасына 34, «Ұрпақтар келісімшартымен» 4 жас жолдама алған. Мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда 334 жас «Электронды еңбек биржасы » порталы арқылы онлайн-оқудан өтсе, 198 жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуға жолданған.

Қызылорда облысында 13 383 субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы жұмыссыздарды уақытша негізде жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде жалпы 9485 азамат субсидияланатын жұмыс орындарында жұмыс істеуде. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар саны – 2950 адам.

Бірлескен жұмыс

Жұмыссыз жастарды ақпараттандыру мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Еңбек мобильділігі мен мансап орталықтары тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады. Жыл басынан бері 16 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілген. Онда 211 жұмыс берушіден 952 бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 1002 жұмыссыздың ішінен 316 адам тұрақты, 29 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылғандардың 78,7 пайызы жұмыссыз жастардың үлесінде. Бұған қоса, 2023 жылдың тамыз айынан бастап tanda.enbek.kz платформасында бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

– Жастарды жұмысқа орналастыру бойынша орталық тарапынан бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, ай сайын бос жұмыс орны жәрмеңкесі өтеді. Жазғы маусымдық кезеңде қала және қалаға қарасты округтермен, кенттерде де тұрақты түрде ұйымдастырылады. Шаралар туралы ақпараттандыру алдымен әлеуметтік желіде белсенді жүреді. Мамыр айында ақпараттық жұмыстар қарқынды ұйымдастырылады. Себебі осы кезеңде университет пен колледж студенттері жас маман атанады. Сонымен қатар «jumys.bar» деген қосымша әлеуметтік парақша жүргіземіз. Қазіргі актуалды, сұранысқа ие вакансиялар жарияланады, – деді «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Медет Жорабек.

Сыр өңірінде жоғары оқу орындары аз. Саусақпен санарлық білім орындарында жыл сайын мыңдаған жас маман даярланады. Ал сол мамандардың жұмысқа орналаспау, кәсіби мамандығымен жұмыс істемеуі, әрине, адами факторларға байланысты. Алайда білім ордасындағы білім сапасының да рөлі бар екенін ұмытпаған жөн. Дейтұрғанмен, жұмыссыз жастардың проблемаларын мамандар ұсынылған жалақымен келіспеушілік, еңбек жағдайларымен және жұмыс берушілер тарапынан ынталандырудың болмауы, еркін жұмыс кестесімен табыс табуға ұмтылумен байланыстырады. «Екі қолға – бір күрек» табылмауын тек бір тараптың шикілігі деу қиын.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!