Фото: Azattyq Rýhy

Жомарттық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Осындай адамдардың бірігуі арқылы құралатын топты волонтерлық деп атайды. Олар елдің ыстық ықыласы үшін жұмыс істейді. Дегенмен қайтарымсыз қайырымдылықтың мақсаты мен мағынасы бүгінде өзгеріп, еріктіліктен келген пайданы еншілегісі келетіндер саны көбейді.

2019 жыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланды. 680-нен астам волонтерлық ұйым жұмыс істеп, ақжүрек жандар саны 200 мыңнан асты. Qazvolunteer. kz. платформа іске қосылып, бүгінде еліміздегі кез келген адам еріктілер қозғалысының қатысушысы бола отырып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Сонымен қатар қазақстандық волонтерлар ел аралап, әлемдік дәрежеде игі істердің куәгері болып жүргені көз қуантады. Қазақстанда беделді бірнеше еріктілер ұйымы бар, олар: «Ұлттық волонтерлік желі» ОЮЛ, «Қазақстандағы Қызылжарты ай», БҰҰ Қазақстандағы волонтерлік бағдарламасы» және де басқалары. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы ұйымдастырылған Халықаралық форумда волонтерлық ең алдымен елге деген патриоттық деген пікірді алға тартты.

– Волонтерлік – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлікпен айналысатынына сенімдімін, – дейді Мемлекет басшысы.

Жақсылық қылсаң, жасыр…

– Волонтерлық шын жүректен жасалуы тиіс адамзатқа керек рухани қажеттілік. Адам болып дүниеге келген соң жақсылық жасап, қоғамға пайдаңды тигізу пенделік борыш. Қазіргі жастардың қуантарлық істері көп. Соның бірі – еріктілікке қызығушылық таныту.

Кез келген адам қандай сала болсын әдеп қағидаларын сақтауы тиіс. Бұл сөзімнің астарында жақсылықты «жар салып» жасайтындардың көбейгені көңілге қаяу салады. Көбісі әлеуметтік желіге жақсылығын жариялап, астыртын мақтанышқа кенелгісі келеді. Бұл дұрыс емес. Яғни айтпағым, егер игі іс бастап, мұқтаж жанға жомарттық танытқыңыз келсе, міндетті түрде келбетіңізді көрсетіп, көлкөсір қолдауға ие болудан аулақ болыңыз. Жақсының жақсылығын айтатын жандар табылады. Бір уыс ұн апарып, ақпарат айдынына абырой қылып паш еткеннің еш пәтуасы болмайтынын білген дұрыс. Сондай-ақ жеке адамның шекарасын сақтамай, желілерге суретін салып, тұлғаның алдағы өміріне кісен салмағаныңыз абзал. Себебі ақпарат ұзақ сақталады, оның кейін келтіретін залалын біз білмейміз, – дейді «Жомарт» қоғамдық қорының директоры Майя Жомарт.

Алдау оңай, залалы таудай

Қазір алаяқтықтың да түрі көбейіп, заман тыншымай тұр. Қайырлы іс деп көптің аузын ысып, ақшаны қалтаға басып, жоқ болып кететіндер кем де кем. Адамның ақ ниетіне қастандық жасау арқылы тапқан пайда – арам. Алайда мұны ұғынып жүргендер аз. Кейбір демалыс орындарында, дүкендер немесе мейрамханаларда «сауапты іс жаса» деген кейс бокстар тұрады. Әрине, көпшілік бейжай қалмай, қара бақыр тиын болса да салып кетуге тырысып бағады. Дегенмен мұндай жолмен қайырымдылыққа қаражат жинау сенім тудырмайды. Себебі халықтан жиналған сомманың үстінен 10% пайда көріп қалатындар көп. Әлеуметтік желіде де миллиондаған оқырманы бар кейбір «блогерсымақтар» жақсылық жасағанына өтем сұрайтын көрінеді. Бұл ел арасында тараған қауесет емес, өктем өрескелдік.

Біреу – біреуге сүйеу

Соңғы жылдары еріктілердің саны көбейгенімен сапасына сын түскенін байқауға болады. Көбісі қоғамдық жұмыспен айналысып, өз пайдасына ұпай жинауға асық. Ал расына келгенде, волонтерлық – ақысыз, ерікті түрде қоғамның игілігі үшін қызмет ету. Олар әлеуметтік осал топтарға көмектесу арқылы халықтың жағдайын жақсартуға, ілгері көмек көрсетуге қауқарлы азаматтар. Қиын қыстауда біріге қол ұшын созып, өмір сүру ахуалын жақсартуға әрекет жасайтындар. Волонтерлар қызметі әлеуметтік әлеует, медицина, экология, жануарларды қамтиды. Еріктілікте жасқа арналған шектеулер жоқ. Мектеп оқитын оқушы болсаңыз да, қалыптасқан тұлға болсаңыз да жақсылық жасау жас талғамайды. Сондай-ақ үздік еріктілерді ынталандыру үшін жыл сайын республика басшысының тапсырмасымен «Шапағат медалі» табысталынады. Кейбір оқу орындары волонтерлықпен айналысып, қоғамдық шараларға атсалысқан студенттерге оқу ақысымен көмектесіп, өзге де жеңілдіктерді қарастырған.

– Елімізде сенім артуға болатын қайырымдылық қорлары баршылық. «Харекет» қоры, «Дәулеттен» қоғамдық қоры аз қамтылған отбасыларға баспаналы болу бақытын бұйыртып, мұқтаж жандарды қамтамасыз етуге көмектесіп келеді. Сол сияқты басқа да волонтерлық ұйымдардың саны жеткілікті. Алайда «еріктілік» елімізде енді ғана қалыптасып келе жатыр. Бұл терминнің маңыздылығы асықпай айшықталуда. Әлемде індет тараған шақта, төбемізге қара бұлт төніп, алапат табиғи апаттар болған кезде халыққа көмек қолын созған волонтерлардың абыройы асқақтамаса, төмендемейтіні анық.

Еріктілікті жаны қалап емес, болашағыма әсер етеді, маған көмек болады деген түсінікпен бастап кететіндер бар. Бірақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел басына қатер төнген шақта халықпен біріге сындарлы сәттерде сынбай, бірге төтеп беру керек деп есептеймін, – дейді жас волонтер Азамат Нәмелбек.

P.S: «Мейірімділік жүректен» демекші, мұқтажға демеу болып, жылағанның жасын сүртіп, жесірін жебеген ұлы халықпыз. Ата-бабамыздан дарыған асыл қасиеттерді сақтай отыра, жақсылық жасауға бірдей талпынайық. Ел аман, жұрт тыныш болсын.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!