Ару қала Алматы шаһарында сұлу Сырдың өнер күндері өтті. Қос күндік шараның шымылдығы Республика сарайында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмемен ашылды. Өнер күндерінің алғашқы шарасын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ақын-жазушылар, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері тамашалады.

Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 6 бөлімді көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт мұрасы, ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылды. Сонымен қатар тарихи тұлғалардың, би-батырлардың қару-жарақ, мөр, кітап, қолжазба секілді жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, көрмеге келушілер оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш дастарханды, саптыаяқтар коллекциясын, қыш қазандықты, керамикалық ыдыстарды, ортағасырлық Қышқаладан табылған глазурлі қаптамаларды қызықтады.

Осылайша Сыр бойындағы ежелгі өркениет іздерін, тәуелсіздік жылдарында Шірік Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі туралы көпшіліктің танып-білуіне мүмкіндік жасалды.

Ауқымды шара әрі қарай «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты гала-концертке ұласты. Концертте М.Әмзе жетекшілік ететін симфония оркестрі классикалық өнер туындыларын орындап, Алатау бөктеріндегі ару қаланың өнерсүйер жұртшылығын тәнті етті. Кешті тамашалауға бірқатар қазақ зиялысы арнайы келді.

– Қызылорда – біздің алғашқы астанамыз. Нағыз қазақылықтың орталығы. Дәстүр-салтымызды берік сақтаған ерекше мекен. Сырдың өнерін сағынып келіп отырмыз – деді жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков.

Бұл – қызылордалық өнерпаздардың Республика сарайындағы тұңғыш концерті. Сахна шымылдығы ашылғанда орындалған «Отан-ана», «Сыр елім», «Сырдың Қараторғайы» әндері тыңдарманды баурап алды. Республика сарайында ине шаншар орын болмады. Мақпал мақам мен сұлу сазға шөліркеген алматылық ағайын өнерпаздарды ерекше ықылас қойып тыңдады.

– Сыр елі – қазақ халқының мойнындағы тұмары секілді ерекше аталатын киелі жер. Елі иманды, жері берекелі мекен. Өнер тұрғысынан айтар болсақ, ата бабамыздан қалған қаншама мұраны сақтап отырған осы Сыр өңірі. Жыр-термесі қандай керемет! Қаншама сүлейлер шыққан, кейінгі ақын-жазушылары қаншама, – деді жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова.

Жерлесіміз, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғани Құлжановтың, театр әртісі Нұрдәулет Баймаханның туған жер тақырыбындағы монологі әрбір адамның кіндік қаны тамған топыраққа деген сағынышын оятқаны сөзсіз. Бейнебаян арқылы Сыр бойының тарихы мен бүгіні, Қызылорданың жаңарған келбеті айшықталды. Қасиетті жерден түлеп ұшып, қазақ өнеріне қызмет еткен Т.Жүргенов, Р.Бағланова, Ә.Нұрпейісов, Қ.Қожықов, Н.Бекежанов, С.Майқанова, К.Дүйсекеев, М.Ерәлиева, Б.Шөкеновтің жарқын бейнелері жұрт жадында жаңғырып өтті.

Сыр бойының бойтұмарындай болған жыраулық, жыршылық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұралары кез келген өнер мерекесінің сән-салтанатын аша түседі. Атаулы кеште де дәстүрлі өнер шеберлерінің шеруін күткендер Тұрмағамбеттің «Тәлімін», Нұртуғанның «Жырауларға өсиетін», Нартайдың жыр бастауын, З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін», Сәрсенбай жыраудың термесін Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұловтың орындауында тыңдап, бір серпілді. Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айтты.

– Бүгін ерекше күн! Ертеректе осындай кештер жиі өтуші еді. Кейін саябырсып қалды. Ырысты, күрішті қызылордалықтар қайтадан осы дүниені бастап, Сырдың саф өнерімен жүздестіріп жатқанына ризашылық білдіремін! Сыр жұртшылығын көргенде ерекше қанаттанамын, ерекше рухтанамын. Қызылордалықтар – жеті атасын жетік білетін, қаны да жаны да тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, ешкімді бөліп-жармайтын халық. Сыр елі гүлдене берсін, – деп тілегін білдірді қоғам қайраткері Асылы Осман.

Оркестрдің сүйемелдеуімен белгілі күйші М.Сыдықовтың «Батыр баба» күйі, халық әндері орындалды. «Мәңгілік мұра» этномузыкалық композициясы, әлемдік классикалық музыкадан топтама, Алматы туралы әсем әндер шырқалды. Баян, рояльмен орындалған туындылар, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлерінің сүйемелдеуі, «Томирис» би ансамблінің сахнаны көркемдеуі өнер мерекесінің өрнегін әсемдей түсті.

– «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтпаған. Роза Бағланова апамыздың туған жері, Мәдина Ералиева бар. Сыр өңірінен шыққан дарынды, талантты жандар өте көп. Соның ішінде Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев, Кеңес Дүйсекеев ағамыз, Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Ниетолла Рахманқұлов, Индира Елубаева, айта берсем көп. Қызылорданың өнерпаздарын жақсы көреміз, – деді Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова.

Гала-концерт жерлесіміз, ақын, композитор Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнімен түйінделді. Алматы аспанын әдемі әндерімен, саф өнерімен тербеген Сыр өнерпаздарына көрермен қауым қошеметін аямады.

Өнер күндерінің кезекті кеші Құрманғазы оркестрінің концерт залында «Жыр – қазына, күй – күмбез» атты Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің концертімен қорытындыланды.

Кәсіби өнер иелерінің шоғырына айналған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Оркестрге «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев және Руслан Балмасов жетекшілік етті.

Сыр елінің ұлттық брендіне айналған төрт мектептің мақам-саздарынан құралған топтамада домбырамен, сырнаймен, қобызбен жыр айту дәстүрі де қамтылды. Сыр бойы жырлаулық дәстүрінің ізбасарлары жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, концерттік бағдарламада Сырдың жас ақындары, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының лауреаттары Ақжол Түменбай, Мақсат Дауылбай, Аружан Оралбай да өнер көрсетті.

Қазақтың ән өнерін әлемдік сахналарда насихаттап жүрген Самал Байсейтова, Ақылбек Табынбаев, Мағжан Аманжолов қазақ классиктерінің шығармаларын орындады.

Қос күндік шараны қорытындылап қайтқан мәдениет саласының қызметкерлері мен бірқатар өнерпаздарға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!