Қайнаған тіршілігі һәм жаңалығымен ерекшеленетін Жалағаш ауданында өнеркәсіп пен кәсіпкерлік қарқыны бір сәтке де тоқтамай, аудан тұрғындары жаңа жобаларға батыл қадам жасап келеді. Жаңадан бой көтерген нысандар ауданның болашағына тың серпін беріп қана қоймай, даму деңгейін дәлелдеп тұрғандай. Өткен жұмада бір топ БАҚ өкілдері баспасөз туры аясында аудан орталығына табан тіреп, елдің тыныс-тіршілігімен таныстық.

Көзбен көргенді шегедей бекіту үшін сандарды сөйлетсек, ауданда 3011 шағын және орта кәсіпкерлік субьект тіркелген. Бүгінде оның 2878-і жұмыс жасайды. Баспасөз-туры барысында Жалағаш ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жасұлан Дүйсекеевтің айтуынша, жыл басынан бері 3 миллиард 42 миллион теңгені құрайтын 94 жоба, ал Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы арқылы 122 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылған. Нәтиже мұнымен тоқтамайды. Өйткені биыл «Ботақан» сауда орталығы ашылып, Ғазиз Исахановтың жеке балабақшасы халық игіліне берілді. Ал таяуда жартылай дайын өнім және ет өндірісіне бағытталған цех іске қосылады. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарынан 27 жоба ұсынылып, өткен аптада көлемі 56,2 миллион теңгені құрайтын 10 жоба қолдауға ие болды. Мамандардың сөзінше, бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер легін сыйлады.

Cауда орнындағы өзгеріс: «Әділеттен» «Далидаға»

Іс-сапар «Далида» сауда үйінің ашылу салтанатынан басталды. Тарқатар болсақ, Жалағаштағы «Әділет» базары талай кәсіпкердің тағдырын түйістірген орын. Бірақ бұл ескі жер қыстың ызғары мен жаздың аптап ыстығына да шыдамдылық танытып, өз нәпақасын тауып жүрген саудагерлердің қолын байлай түскен. Енді міне, сол сатушылар үшін жаңа мүмкіндік пайда болды. Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Бақыт Ахметова заманауи талаптарға сай келетін жаңа «Далида» сауда үйін ашып, сол ескі базардың орнын жаңа сауда алаңына айналдырды.

– Өткен жылы алаңы 360 шаршы метрді құрайтын «Далида» орталығының бірінші нүктесін салу үшін 100 миллион теңге шамасында қаржы құйдық. «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Банк Центр Кредит» АҚ арқылы жеңілдетілген 57 миллион теңге несие алып, алғашқы нүктені іске қостық, – деді ол.

Кәсіпкер бұл ісін тоқтатпай, биыл екінші «Далида» сауда үйін ашты. Жаңа сауда орнының жалпы алаңы 400 шаршы метрді құрайды. Ондағы 11 дүкенде халықтың күнделікті тұтынатын көкөніс өнімдері, тұрмыстық заттар, ет өнімдері мен дәрі секілді қажетті тауарлар сатылады. Жаңа нүктенің жұмысына кәсіпкер жеке қаражат есебінен 150 миллион теңге жұмсаған. Сөз барысында Бақыт Ахметова «Халықтың батасын алып жатырмыз, барлығымыз ризамыз» деген еді. Бұл пікіріне сауда үйіндегі кәсіпкерлер де келіседі.

– Саудамен айналысқаныма біраз жыл болды. Бұл оңай іс емес. Әсіресе қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығында далада сауда жасау қиын еді. Өнімдер үсіп кетпесін деп оларды киізбен орап, суықтан қорғайтынбыз. Ал жазда күннен сақтану үшін бөзден көлеңке түсіріп жүрдік. Ал бүгін көптен күткен арманымыз орындалып, заманауи, кең әрі жайлы базарда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдық. Осыған себепкер болған базар иесі Бақыт Ахметоваға алғысымды білдіремін, – деді Сәуле Игібаева.

Ал «Әділет» сауда орнында 2006 жылдан бүгінге дейін жұмыс істеген Ботагөз Жаңабаева да мұндай бастамаға дән риза екенін жеткізді.

– Былтыр «Далида» сауда үйі қолданысқа беріліп, енді міне, оның жаңа нүктесі де іске қосылды. Орталық жарық, кең, барлық жағдай жасалған. Біз халыққа қызмет көрсетіп, Жалағаш тұрғындарын қажетті өнімдермен қамтамасыз етеміз. Сондықтан тұтынушылардың да жайлы орынға келгенін қалаймыз. Сауда үйінде екі бөлмеміз бар. Онда 8-10 тонна көлеміндегі өнімдерді сақтай аламыз. Жылу, салқындатқыш, жарық – бәрі бар. Бағасы да қолайлы, – деді саудагер.

Қайтарымсыз гранттың жемісі

Жалағашта кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Бұл жолы бизнес әлеміне бет бұрған 11-сынып оқушысы Назым Ережеп туралы айтпақпыз. Ол өзінің қызығушылығын табиғи, сапалы ет өнімдерін дайындауға бағыттап, аудан көлемінде сұранысқа ие болуда. Назым сиыр, қой, жылқы еттерінен шұжық, әсіп және тауық етін ыстап, дүкендерде сатылатын өнімдерге экологиялық таза балама ұсынып, шұжық цехын қолға алды.

– Бұрыннан ас үйге, тағам әзірлеуге жақын болдым. Ал қызығушылығым мен ізденісім арқылы осы кәсіпке бет бұрдым. Себебі дүкенде сатылатын кей өнімдердің таза емес екеніне көзім жетті. Сол себепті табиғи өнімді өз қолыммен жасап көруді шештім. Шұжықтар дүкеннен алынған тартылған еттен емес, арнайы сиыр, жылқы, қой етінен жасалады,– дейді ол.

Назымның бұл кәсіпті қолға алуына ата-анасы да қолдау көрсеткен. Кәсіпкер отбасы осы жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыру бағытында 400 АЕК көлемінде берілетін қайтарымсыз грантты иеленіп, отбасылық іс ретінде жұмыс істеуде. Отбасылық кәсіптің болашаққа жоспары да айқын. Өнімнің ауқымын кеңейту, дүкен ашу, сүт өнімдерін қолға алуды жоспарлауда.

– Қызым кішкентай кезінен аспаздыққа бейім болды. Алғашында торт жасап, сата бастады. Уақыт өте келе, ет өнімдерінен тағамдар дайындауға қызығушылығы оянды. Қазір бұл кәсіп ауданның сұранысын қанағаттандырып отыр. Әрбір өнімді дайындау кезінде біз тек табиғи қоспаларды қолданамыз. Бұл – біздің басты қағидатымыз. Шұжықтарымыз таза және сапалы еттен жасалады. Себебі тұтынушыларымыздың сенімін ақтауға тырысамыз, – дейді Алмат Ережепұлы.

Өнімдердің бағасы да тұрғындарға қолжетімді етіп қойылған. Мысалы шұжық өнімдерінің келісі 6000-6500 теңге болса, тауық етінен жасалғаны 4500 теңге, ал сиыр етінен 5000 теңге болады. Сондай-ақ ысталған тауықтың бір данасы 3000, қойдың ысталған құйрық майы 4000 теңге тұрады. Дәстүрлі қазақ тағамы әсіптің келісі 3800 теңгеден сатылуда.

Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант иеленіп, кәсібін қолға алғандар мұнымен тоқтамайды. Мысалы Нұргүл Алтыбаева грант ұту арқылы бизнеске бет бұрып, аудан тұрғындарын тәтті өнімдермен қамтамасыз етуде. Ол алғашқы қадамын 2013 жылы отбасы үшін торт пісіруден бастағанын айтты.

– Мен бұл істі тек қызығушылықпен отбасыма ғана пісіретінмін. Араға жылдар салып сүйікті ісімді кәсіпке айналдыруды жөн көрдім. Биыл маусым айында мемлекеттік грант конкурсына қатысып, пеш, миксер сынды өндіріске қажетті заттарды сатып алдым. Аудан тұрғындары тарапынан сұраныс бар. Бір күнде тапсырысқа байланысты 5-6, кейде 10 тортқа дейін пісіремін. Бір өнімді әзірлеу үшін шамамен бір сағат жиырма минут қажет, – деді ол.

Нұргүл торттардың түр-түрін пісіреді. Cондай-ақ ол кәсіпті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Құрылыстың қуаты

БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында «Бибігүл Ана» құрылыс дүкеніне де ат басын бұрдық. Жалағаш ауданының құрылыс саласы кейінгі жылдары ерекше қарқын алып, аймақтың дамуына елеулі үлес қосуда. Бұл саланың айқын көрінісі ретінде осы құрылыс дүкенін айтуға болады. Себебі аудан тұрғындарына қажетті құрылыс материалдарын ұсынатын бұл дүкен бүгінде тек ауданмен шектелмей, Қызылорда облысына дейін өнім жеткізіп отыр. Дүкен иесі алдағы уақытта Шымкент пен Ақтөбе қалаларын да қамтуды жоспарлап отырғанын айтты.

Жеке кәсіпкер Халық Серіктің жеке қаражаты есебінен құны 300 миллион теңгеге салынған құрылыс қоспаларын шығаратын цех жұмысы былтыр көктемде басталып, биыл толық жұмыс істеп тұр. Жергілікті тұрғындар үшін бұл дүкеннің маңызы зор. Өйткені ауданның барлық құрылыс қажеттіліктерін бір жерден табуға болады. Сонымен қатар өнімдерді экспортқа шығару жоспарлары да бар. Дүкенде 6 түрлі құрылыс өнімі шығарылады. Құрылыс материалдарын дайындауға алты жұмысшы жұмылдырылған.

Кәсіпорыннан тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім шығарады. Дүкенде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жағдай жасалған. Халық Серіктің басқаруымен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын күні-түні өнім шығарады, ал жұмысшылары өз міндеттерін мінсіз орындауда. Ал құрылыс заттарын дайындауға қажетті шикізаттар Алматы мен Шымкент қалаларынан алынады. Кәсіпорынның жауапты қызметкері Ерлан Рашидұлы мемлекет ұсынған қолдау шараларын да сөз етті. Оның айтуынша, қайтарымсыз несие зауыттың құрылысын бастауға айтарлықтай көмек болған.

– Құрылысы былтыр көктемде басталды. Қазірде кәсіпорыннан кафель желімдері, үйдің төбесі мен еденге пайдаланатын 6 түрлі өнім шығады. Құрылыс заттарын дайындауға 6 жұмысшы жұмылдырылған. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз несиенің осы зауытты салуға көп көмегі тиді. Қолдау бар. Өндіріс орындарын көптеп салу кәсіпкерге ғана емес, аудан тұрғындары үшін де тиімді. Бағасы нарықтан арзанға түседі, сонымен бірге жұмыссыздықты азайтар еді. Ерінбей кәсіптің көзін зерттесең, мемлекет қаржылық көмек береді. Тек нәтижеге бағытталған жұмыс істеу керек, − деді маман.

Түйін. Жалағаш ауданындағы баспасөз туры ауданның кәсіпкерлікке деген жаңаша көзқарасы мен даму қарқынын анық көрсетті. Әр нысан өзіндік ерекшелігімен аудан тұрғындарының өмірін жақсартуға үлес қосып келеді. «Далида» сауда үйінен бастап, шұжық пен тәттілер өндірісіне дейінгі жобалар дамуының тірегі. Бой көтерген кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ұсынып, жергілікті нарықты сапалы өнімдермен толықтырады. Бұл бастамаларды тек бүгіннің игілігі емес, болашақтың жарқын кепілі деп білеміз.

Інжу МАРЖАН,
Қызылорда – Жалағаш – Қызылорда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!