Фото: ашық дереккөзден

Футбол сүйер көрермен жыл сайын асыға күтетін доп додасының бірі – Еуропа Чемпиондар лигасы. Әр елдің үздік клубтары текетіресетін жарыстың қызығы сол, тамашалайтын жұрт ойын өтетін уақытқа қарамастан көк жәшікке телміруге дайын. Аталған доданың биылғы форматы өзгерді. Бұл жөнінде әлі түсінбей жүрген жанкүйерлер бар. Ендеше, UEFA өкілдері түсіндірген жаңа талаптарды қалың оқырманға ұсынамыз.

Чемпиондар лигасының 2024/2025 жылғы маусымы ерекше болғалы тұр. Неге десеңіз, енді командалар бұрынғыдай топқа бөлініп ойнамайды.

Бұған дейін аталған турнирге 32 команда қатысып келген болса, биылдан бастап олардың саны 36-ға өсті. Сондай-ақ командалар енді 8 топқа бөлінбейді, бәріне ортақ бір кесте болады. Ал әрбір құрама 8 кездесу өткізеді. Яғни, төрт кездесу өз алаңында өтсе, қалғаны сырт алаңда.

Бұдан бөлек, плей-офф кезеңіне 16 емес, 24 клуб шығады. Олардың үздік сегізі тікелей 1/8 финалға жолдама алса, қалған 9-24 орындардағы командалар өзара екі матч ойнайды. Жеңімпазы келесі айналымға жолдаманы еншілейді. Ал 25-36 орындардағы клубтар үшін жарыс жорығы сол жерден тәмамдалады.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!