«Алтын доп» – үздік футболшыларға берілетін құнды сыйлық. Ал оны алу талай аяқдопшының арманы. Жыл бойы жасыл алаңда тер төгетін олардың ерекше нәтижелеріне қарай берілетін сыйлық 28 қазан күні табысталады.

Биылғы жылдың үздігі ретінде «Реал Мадрид» клубы мен Бразилия құрамасының шабуылшысы Винисиус Жуниор «Алтын доп» иесі атанады деп күтілуде. Бұл жөнінде әлемнің спорт басылымдары жарыса жазуды бастап та кетті.

Былтырғы маусым қорытындысы бойынша Жуниор «Реал» сапында Испания чемпионатында жеңіске жетіп, ел Суперкубогында үздік атанып, Чемпиондар лигасында топ жарып, UEFA суперкубогының иесі атанды.

24 жастағы шабуылшы 2023-2024 маусымда Реал Мадрид клубында барлық турнирлерде 39 ойынға қатысып, 24 рет қақпашыны қапы қалдырып, 11 нәтижелі пастың авторы атанды.

Айта кетейік, «Transfermarkt» ойыншының нарықтағы құнын 180 миллион еуроға бағалаған. Ал «Реал Мадридпен» келісім шарты 2027 жылғы 30 маусымға дейін есептелген.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!