Фото: Depositphotos

Бірнеше ай бұрын FlyArystan әуе компаниясының қызметкерлері 12 жасар қызды бортқа жібермей Астанада жалғыз қалдырып кеткен. Осы іс бойынша әкімшілік сот шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

20 шілдеде Зере және Зәуре атты егіз қызы Америкадан елге қайтқан. Олар сенімді өкілмен, бір топ баламен саяхаттаған. Қайтарда Астана арқылы транзитпен Оралға ұшуы керек болған, бірақ Зерені компания бортқа кіргізбей, тастап кеткен. Соның салдарынан егіздің сыңары Астана әуежайында жалғыз қалып қойған. Ал сенімді өкіл басқа балалармен ұшып кеткен. Әуежайдағы бейнебақылау камераларына оның 3 сағат жылап тұрған жазбасы сақталған еді.

Осы оқиғадан кейін FlyArystan басшысы баланың анасымен кездесіп, кешірім сұрап, өтемақы ретінде 4 миллион теңге ұсынған. Бірақ әйел одан бас тартып, сотқа жүгінген.

26 қыркүйекте адвокат Данилхан Шағатаев сот «Эйр Астана» АҚ-на айыппұл салғанын хабарлады.

«Эйр Астана» АҚ Әкімшілік кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.1000 АЕК (3 692 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Компания кәмелетке толмаған баланы әуежайда қалдырып кеткені үшін айыппұл арқалаған», – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!