Қол-аяғы бар қамал, ауада қалқыған әлем, жертөледегі ергежейлі, қамқор құбыжық… әйтеуір, абсурдты танымның бәрі – жапон анимесі үшін қалыпты құбылыс. Жауыр тақырып, бірізді баяндау әдісінен әрі асқан күншығыс елінің анимациялық жаңалығы өткен ғасырдың өзінде мәдени толқын әкелді. Әсіресе, неше буынның шығармашылық ойлау қабілетін өзгерткен Studio Ghibli өнімінің орны ерек. Олай дейтінім,  көрермені басым The Walt Disney Company фильмдеріндей емес, Studio Ghibli коммерциялық мүмкіндігін туынды сапасына айырбастаған бірден-бір студия.

Алдымен анимені жапонның ой-қазынасы санатында сараламай тұрып, мультипликациялық фильм ағымы ретіндегі мән-маңызына тоқталайық. Әрине, көркемдік ерекшелік, жанр, идеялық мазмұн тұрақсыздығынан әлемдік анимациялық фильмді толық жіктеу мүмкін бола бермейді. Алайда анименің даму бағытынан Studio Ghibli-дің жүйелі жолын айқындауға мүмкіндік бар.

Жапонияда Studio Ghibli-ге дейін де анимациялық студия болды. Бірақ ғаламдық марапат еншілеген, сыншылардың таңданысын тудырған туынды санаулы-тұғын. Сондықтан атақты аниматор Хаяо Миядзакидің Ghibli-ді құрғандағы мақсатының бірі де анимациялдық фильмде “төңкерілген пирамида” жасау еді. Ол ескі сүрлеуді бұзып, толық­метражды мульт­фильмнің өзге концепциясын қалыптастырды. Алдымен анимедегі түстер толқыны жаңарды, бейнелеу әдісі өзгерді. Көңіл-күйді көтеріп, оқиғаны жеңіл қабылдауға мүмкіндік беретін ашық түстерді пайдалану дәл осы Хаяо Миядзаки тұсында белең алғаны белгілі. Осы арқылы қоршаған ортаны, қоғамды мейіріммен тануға жол ашқан аниме әлемге кең тарап, сурет кескіні мен бояу ерекшелігі межені орындаған еді. Шебер аниматордың қиялынан туған «Елестер жетегі», «Жүрек сыбыры», «Ергежейлі еліндегі Ариэтти», «Қызыл тасбақа», «Мысықтың оралуы» секілді мультфильмдер сөзісіздің дәлелі.

Бұдан бөлек Хаяо Миядзакидің аниме арқылы жасаған екі ерлігін айтып өткен жөн. Алғашқысы – көзсіз тәуекелдік, сапаға адалдық. Қазіргі нарықтай емес, өткен ғасырдағы экономикалық ахуал танып болмас жағдайда өтті. Осындай беймәлім сәтте анимациялық студия ашуға қыруар қаржы шығындап, мақсатқа табандылықпен жеткен Хаяо бүтін мультипликацияның келешегін құтқарды. Даусыз, жапон данышпаны болмаса, өзге өңірден басқа аниматор шығып, жаңа толқын әкелері анық. Алайда Хаяо жасаған сапа деңгейі мен бейнелеу әдісін әлем көрмес еді.

Екінші ерліктің мәні – таным-түсінік, қиял кеңдігі. Талай адамның арманы бала шағынан аса алмай, қиял күйінде қалып жатады. Тіпті, сенген адами құндылық, қоғамдағы қарым-қатынас моделі тек кітап бетінде, ертегі әлемінде деген көңіл ауаны қаншама тұлғаның қанат жаюына кедергі болды десеңші… Хаяо болса, сол бала арманның сұлбасын сақтауға, адамзатты бала көзімен қарауға шақырды. Қос әлемнің де шындық екенін дәлдеп, «Қиялымыз – болашақ ақиқат» деген идеяны ұсынды. Автор әрбір анимені қарама-қайшы әлемдер арасында бейнелеу арқылы ортақ уақытты қалыптастырғандай әсер қалдыратын. Содан болар, аз уақыттың ішінде Хаяо Миядзакидің фэнтези жанрындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Оның үстіне әрбір сюжет ұстыны арқылы жапон мәдениетінің ажырамас бөлешігі мейірімділік екеніне сендіргені бар.

Осылайша Studio Ghibli-дің туындылары шартарапқа жапонның  шеберлігін танымал етті. Сонымен қатар анимедегі қиял-ғажайып оқиғадан бөлек, өмірлік сұрақтарға жауап іздеуді де мұрат тұтады. Мысалы, «Мыстанның жеткізу қызметі» атты мультфильмде достықтың құндылығын көрсетсе, «Елестер жетегінде» атты туындыда әр әрекеттің өтемі бары айтылады. Тіпті сатқындық, қаза, махаббат ұғымын ерекше талдауға ұмтылыс кезіккен.

P.S. Шығыс – тылсым тұңғиық. Бір қарағанда, жапондардың жасаған анимациялық шешімдері батыстық ойлау жүйесі тұрғысынан көкіген қиял көрінуі ықтимал. Алайда Studio Ghibli-дің кейіпкерлері мен сюжеті қиял ғана емес, ғылыми негіздемесі бар тұтас өнер. Себебі өзіндік ерекшелікке құрылған жапон анимесінде фантастикалық әрекет, драмалық оқиға, техно­логиялық жаңалық қатар өрбиді. Мұндай әдіс көрерменді көркем шығарма мен ғылыми еңбекті қатар оқығандай әсерге бөлері сөзсіз. Сондықтан Studio Ghibli-дің анимесі өң мен түстің қақпасы деп айтуға негіз бар.

Ерсін ШАМШАДИН