Жастарды қолдау мақсатында тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының биылғы межесінде де Сыр халқы қуанышты хабарға кенелді. Сырдың талантты қызы, әнші Ақбота Құснадин эстрада жанры бойынша үздік деп танылып, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл өнер ордасы саналатын Қызылорданың заңды жеңісі десек болады. Жағымды жаңалық жетісімен Ақботамен байланыс орнатып, әңгімелескен едік.


– Ақбота, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері болуыңызбен құттықтаймын. Жалпы мұндай сыйлық шығармашылығыңызға қаншалықты серпін береді?


– Рақмет. Кез келген өнер адамы үшін байқаулар мен дәрежесі жоғары марапаттар шабыт беретіні сөзсіз. Мысалы, биыл Сыр өңірінде дәстүрлі Батырхан Шөкеновті еске алу, оның сыршыл иірімге толы әрбір туындысын насихаттау бағытындағы «Отан-Ана» байқауында топ жарып, ерекше әсерге бөлендім. Сол сәттен бастап өнерге деген жаңа тынысым ашылды. Биылғы жыл мен үшін жемісті болды. Өйткені қатысқан барлық байқаулардан сүйіншілейтін жағымды жаңалықтарым болды. Рамазан Таймановтың конкурсында да бас бәйгені еншілеп, өнерге үлкен шабыт алдым. Осы жетістіктер негізінде Астана қалалық филармониясы «Дарын» сыйлығына ұсынды. Ұсыныстың өзіне қуанғаным жасырын емес. Өйткені ұжымның құрметінің өзі зор қуаныш сыйлады. Бағыма орай көптің үкілеген үмітін ақтап, мемлекеттік сыйлықтың иегері атандым.


– Өнер жолыңызға зер салсақ, DAQ entertainment ұжымы еске түседі. Мұны жоба деп қарауға бола ма?


– Арман қуып Астанаға келген сәтте өнердегі аға-әпкелеріміз жатырқамай қолдауын көрсетті. Әсіресе Майра Ілиясова апайымның қолдауы ерекше болды. Республикадағы байқауларда мені байқап, шәкірті есебінде санады. Халықаралық дәрежедегі кештерде, шетелдегі шараларға қатысуыма септігі тиді. Міне осы қадамдардан кейін DAQ entertainment ұжымына қосылдым. Бұл Дәулет Нұржанов ағамыздың төл туындысы десек болады. Бұл ұжымда жаңа әндер, каверлер жазып, тыңдармандарға ұсынудамыз. Сондай-ақ Майра апайдың «Сағындырған әндер ай» концертінде өнер көрсетіп жүрміз. Жоба деп қарағаннан көрі шығармашылық еркін топ деп айтқанымыз дұрыс. Өйткені әлі де өнерге қосатын үлесі мол. Дегенмен қазір жаңа продюсерлік орталықпен жұмыс істеуге бекіндім. Ұлықпан Жолдасов ағамыздың жаңа тобы құрылып, шығармашылығымыз сол жақта жетілдірудеміз. Алғашқы ән сапарымыз да болды. Бір қызығы топтың алғашқы түсаукесері туған жерімде яғни Қызылорда қаласында өтті.


– Тыңдармандарыңыз Сізді кавер орындаушы ретінде жақсы біледі. Кавер «ескі» әннің жаңа тынысын ашатын тәсіл деп қарауға бола ма?


– Каверді әнді жаңашаландыру, ерекшелендіру деп түсінемін. Ескі әндерді нақышына келтіріп, заман талабына сай етіп тыңдарманға ұсыну деп санап жүрміз. Тыңдарман жақсы қабылдаса, жаман дүние деп қарауға болмайтын шығар. Әрине, каверге қарағанда репертуарда авторлық әндердің болғаны дұрыс. Бірақ кавер айтуда оңай шаруа емес. Өзім каверді «Сағындырған әндер ай» концертінде Ескендір Хасанғалиевтың «Айналайын» әнін айтып бастадым. Негізі ән әлеміндегі бұл жанр қатты ұнайды. Сондықтан ұнаған әндерге жиі кавер жасаймын. Соңғысы «Дос-Мұқасан» тобының «Сен сұлу» әні. Желідегі тыңдармандарым оң бағасын беріп, қолдау көрсетіп жатыр.


Шығармашылығыңызда жеке әндер бар ма?


– Әншінің талғамына сәйкес ғұмырлы ән таңдау біздің салада маңызды құбылыс. Себебі біздің басты міндетіміз – ән арқылы халыққа жақсы дүние сыйлау. Мұндай мүмкіндік менде жақын күндері пайда болады. Уақыттың тығыздығына байланысты авторлық әнге енді бағыт алып жатырмын. Ең қуанатын нәрсе алғашқы авторлық әнім әкемнің туындысы. Әкем Марат Пірмаханов музыкадан мол хабары бар маман десек болады. Филормонияда ансамбльдің бас гитаристі. Әкемнің әнін орындау мен үшін үлкен мәртебе. Ал Ұлықпан ағамның жобасында жеке әндер көп. Бұл топтың жұмысы болғандықтан жеке әнім деп қарауға болмайтын шығар.


– Үлкен концерттерде өнер көрсетіп жүрсіз. Мұндай сәттерде сын айтылмай тұрмайды. Сынды қалай қабылдайсыз?


– Сынды өте жақсы көремін (күліп). Сондықтан жылы қабылдаймын. Сын түзелмей мін түзелмейді деген жақсы сөз бар. Осы сөздің астарын таразылайтын болсақ сын әлбетте айтылуы керек. Өйткені қателікті түзетуге мүмкіндік береді. Енді орынды, орынсыз айтылатын сын болады. Барлығын таразылап, ортақ шешім шығарамын. Әсіресе аға буынның ақыл кеңесіне әрдайым жүгініп тұрамын. Сынның арқасында жетістікке жеттім десем болады.