Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтыруларды мүдделі мемлекеттік органдар және тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары кеңес қарады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 млн-нан астам зейнеткер бар, олардың әрқайсысына шамамен еңбекке қабілетті жастағы 7 адам келеді. Республикалық бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігі жыл сайын зейнетақы төлеуге жұмсалады (2022 жылы 2,9 трлн теңге). Бұл ретте зейнетақының орташа мөлшері 105 538 теңгені құрайды (соның ішінде ынтымақты зейнетақы – 72 914 теңге, базалық зейнетақы – 32 624 теңге). Халықтың жалпы әлемдік қартаю үрдісі Қазақстанға да сөзсіз әсер етеді. БҰҰ болжамдары бойынша, 2050 жылға қарай еңбекке қабілетті халыққа жүктеме екі есе артады (зейнеткерлер саны 3 млн-нан астам адамға жетеді). Осылайша, 1 зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 3,5 адам ғана келеді.

Ынтымақты жүйенің жинақталуымен 2028 жылға қарай зейнетақы ел бойынша орташа айлық жалақының шамамен 47,4% – ын ғана алмастыратын болады (БЖЗҚ-ның актуарлық бағалауы бойынша). Бүгінгі таңда шешуші шаралар қабылданбай, өткен ғасырдың 80-ші жылдарында дүниеге келген, зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар зейнетақымен қамсыздандыру деңгейі өте төмен болады – олардың зейнетақысы 2040 жылға қарай жоғалған еңбек табысының тек 39,2% – ын ғана жабатын болады.

Кейінгі ұрпақ үшін бұл жағдай одан да төмендей түседі, мысалы, 2060 жылы зейнетақы жоғалған табыстың 29,5% – ын ғана жабатын болады. Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін дамыту – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Болашақта зейнетақы жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі қолданыстағы тұжырымдамасына (бұдан әрі – тұжырымдама) өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Біріншіден, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру шеңберінде 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделген. Қазіргі уақытта Еңбекмині оны тағайындаудың нақты тетігін пысықтауда. Екіншіден, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу көзделген. ЖМЗЖ енгізу қолданыстағы тұжырымдамада көзделген. Тұжырымдамаға түзетулер жобасы шеңберінде салымшылардың жеке (мұраға қалдырылған) зейнетақы жинақтарын толықтыруға шартты-жинақтаушы құрамдауышты қалыптастырудан (шартты түрде «бай» және табысы төмен салымшылар арасында жинақтарды қайта бөлу қағидаттарына негізделген) осы жарналардың нысаналы бағытын өзгерту көзделеді. Нәтижесінде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін халықаралық еңбек ұйымы ұсынатын стандарттан төмен емес деңгейде сақтау қамтамасыз етіледі (жоғалған табыстың кемінде 40%-ын зейнетақымен алмастыру).

Тұжырымдамаға өзгерістер жобасында көрсетілген зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тәсілдері мүдделі мемлекеттік органдар деңгейінде, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен қаралды, сондай-ақ қоғамдық тыңдау рәсімінен өтті. Өткен жылдың 7 желтоқсанында тұжырымдамаға өзгерістер жобасын ҚР Президенті жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары кеңес қарады. Бүгінгі күні республикалық бюджет комиссиясының тұжырымдамаға енгізілетін өзгерістер жобасының шығын нормаларын қарауы күтілуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!