» » ҚАЗАҚҚА МОТИВАЦИЯ КЕРЕК ЕМЕС

ҚАЗАҚҚА МОТИВАЦИЯ КЕРЕК ЕМЕС

Ғани АБАДАН, бизнес-тренер:    

      Ғани Абадан ‒ халықаралық «Youth Business International» бизнес қауымдастығының бизнес-тренері. @look.tm. журналы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша «табысты қазақтардың жетілігіне» енген Ғани «Махаббатпен бизнес» кітабының авторы ретінде көпке танымал. 2011 жылы Abadan Consulting ақыл-кеңес беру компаниясының негізін қалап, 2012 жылы 4Room жылжымайтын мүлік агенттігін, 2013 жылы ИКЕА халықаралық жиһаз компаниясын құрған кәсіпкер бүгінгі сұқбатта бизнестегі басты ережелермен бөлісті.  
‒ Ғани аға, дәл қазір әлемдегі барлық ақпарат жойылып кетті деп елестетейік. Сол кезде өзіңізді оқырманға қалай таныстырар едіңіз? Жалпы әңгімемізді бизнестегі алғашқы қадамнан бастайықшы...

‒ Ең алдымен көпшіліктің мені ұстаз ретінде танығанын қалаймын, ол бизнес саласында ғана емес, жеке тұлғаны дамытуға да қатысты. Ал қазіргі таңда UIB университетінде оқытушылық қызмет атқарамын. Жалпы Мәскеудегі университет қабырғасында жүрген сәттен бастап кішігірім кәсіп түрімен айналыса бастадым. Оның ішінде достарыммен бірге газель көлігін сатып алып, тұрғындарға жалға беру, Қапшағайда демалыс орнын ұйымдастырып, компьютер орталығын ашу сынды түрлі таңдау болды. Бірақ ең алғашқы табыс AbadanConsulting ақыл-кеңес беру компаниясы арқылы қолымызға тиді. Негізі менің туған жерім Ақтау қаласы, ол маған Мәскеумен салыстырғанда кішігірім қала тәрізді көрінетін. Сондықтан оқу бітірген соң Алматыға қоныс аударып, НЦКИТ мекемесіне жұмысқа орналастым, алайда бұл жерде небәрі үш ай жұмыс істедім.
‒ Сонда компанияның алғашқы табысы қалай жинақталды?
‒ Біздің жұмыс кеңсеміз БТИ-дің, яғни техникалық-инвестициялық орталықтың жанында орналасқан. Бұрындары тұрғындар техникалық құжат жасату үшін сол орталыққа баратын. Ал AbadanConsulting ақыл-кеңес беру компаниясы бухгалтерлік және тренингтік қызметтер көрсетуге арналған, бірақ ол кезде бізге келушілер саны өте аз болды. Менің «компания жабылып қалады-ау» деген уайымым күн өткен сайын күшейе берді. Бірде есік алдында тұрып жағдайды сырттай қадағаласам БТИ-ға келген халық құжатқа көшірме жасату үшін біздің орталыққа жиі бас сұғады екен. Бастапқыда 20 теңге көлемінде қызмет көрсеткенімізбен кейін бағаны 50-100 теңгеге өсірдік. Бірақ адамдар сонда да келуін тоқтатпады, тіпті көшірме жасатуға күніне жүзге жуық тұрғын келеді. Сонда мен адамдардың БТИ-ға не үшін баратынын толығымен зерттей бастадым. Жайлап сұрай келе, үйдің құжатын дайындауда, ескі үйге жөндеу жұмысын жүргізуде жаңадан техникалық құжат жасау керегін білдім және ол біздің заңымызда  да көрсетілген. Жаңадан үй салу, алып-сату жұмыстары күн сайын жүргізілетін осы салада сұраныстың жоғары екенін көрдім де «аталмыш қызмет түрімен неге айналысып көрмеске?» деп ойладым. Мысалы, адамдар техникалық құжат жасату үшін әкімдікке, ХҚКО-ға, одан қалды мемлекеттік қызмет көрсету органдарына барады. Сол үшін жұмыстан сұранып, кезекке тұрады. Осы орайда менде мынадай идея пайда болды: «егер біздің компания қызмет алушының орнына кезекке тұрып, шаруасын реттеп берсе, оның орнына өзіміз жүгіріп жүрсек, әрі ол ақылы қызмет түрі болса» деп ойладым. Солай кеңсенің алдына «қайта құруды заңдастыруға көмектесеміз» деп жарнама бердік, біртіндеп тұтынушылар келе бастады, уақыт өте келе қызмет көрсету бағасын ұлғайттық. Оған қоса бізде бәсекелестер де біршама болды, олар ХҚКО-да, басқа мемлекеттік мекемелерде заңсыз түрде жұмыс істейтін қызметкерлер еді. Біздің компанияның басты артықшылығы заңға негізделген және  алдын ала тұтынушымен келісімшарт жасалып, төлемнің жартысы жұмыс барысында, қалғаны жұмыс біткен соң беріледі. Біз үшін осы стратегия ұтымды болды, біріншіден, біз халыққа сапалы қызмет көрсеттік, екіншіден, олардың компания қызметіне деген сенімін арттырдық. Осылайша біздің компаниямыз ел арасында кеңінен танылып, табысқа кенелді.
‒ Ал компания құрамы қалай жасақталды?
‒ Әрине барлық кезеңде алғашқы қадамды өзім зерттеп, түпкілікті ақпарат жинадым. Бизнес процесін қаншалықты жоғары деңгейде орындай алатынымызды да алдын-ала жоспарладым. Компания қызметкерлерін даярлауда мен мына қағиданы назарда ұстадым: егер мен бір адамды өзім білетін бизнеске толығымен үйретсем, ол осы салада жеке кәсібін ашып маған бәсекелес болады. Сол үшін мен өзіме қарасты жұмысты бір адамға емес, үш адамға тапсыруды әдетке айналдырдым. Бүгінде АbadanConsulting ақыл-кеңес беру компаниясында бес адам тұрақты жұмыс істейді.
‒ Компанияның негізін қалауда үш рет шығынға ұшыраған екенсіз. Қазіргі кезде жастар бизнес бастаудың жолын үйренгенмен құлдырау кезінде қайта тіктелуді біле бермейтіні рас. Сол үшін жастар алдымен нені қаперге алу керек?
‒ Бизнесте құлдыраудан қаша алмайсыз, сіз оған қандай жағдайда да дайын болыңыз. Жастар ең алдымен осыны ұғыну керек. Екіншіден, сала таңдауда өзгеден көргенін қайталап, көшірме жасайтын болса, ертеңгі күні  кішкене қателікке бола қол сілтейтіні анық. Сондықтан жаның қаламаған кәсіпке иек артпаған дұрыс. Егер сіз кәсібіңізді шынымен жақсы көрсеңіз қанша құлдырау болса да тез тіктелесіз.
‒ Бүгінде мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске жіті назар аударылып, халықтың басым бөлігі кәсіпкерлікке бет бұруда. Қалай ойлайсыз, екінің бірі мықты кәсіпкер бола ала ма?
‒ Менің ойымша барлық адам кәсіпкер атана алады. Бірақ халықтың бәріне бірдей кәсіпкер болудың қажеті жоқ, себебі әр адамға түрлі қасиет берілген. Мысалы, мықты әншінің даусын бағаламай бизнеске кетуі орынсыз ғой. Ол үшін кәсіпкерлік пен бизнестің айырмасын білу керек. Кәсіпкерлік ‒ өз-өзіңе жұмыс істеу, өзің дайындаған өнімді өзгелерге сату. Айталық, жазушы кітабын, әнші үнтаспасын сатып кәсіпкер бола алады, ал бизнесті қарамағыңдағы адамдардың сіз үшін жұмыс істеуі деп түсінуге болады. 
‒ Өмірде минусты плюске қаншалықты айналдыра аласыз?
‒ Осы кезге дейін кездескен барлық минусты плюске толығымен айналдырып жүрмін ғой (күліп). Мысалы, мен әкесіз өстім, яғни толық отбасының тәрбиесін көрмедім. Бірақ сол минустың арқасында мен жауапкершілікті ерте сезініп, өзіме сенуді үйрендім. Сол үшін «маған ешқашан, ешкім  көмектеспейді, өзім ғана мәселенің шешімін табуым керек» дейтінмін. Екіншіден, мен Ақтау қаласының тумасымын, байқасаңыз, Қазақстанда бизнес-тренерлердің көбі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан шығып жатады ғой. Мен кәсібімді бастаған кезде «Ақтаудан қандай жақсы тренер шығады дейсің?!» деген адамдар болды. Бірақ мен бұл ойды да жоққа шығардым.
‒ Заман ағымына сай қазір бизнес-тренерлермен қоса, психологиялық семинар жүргізетін коуч-тренерлердің саны артты. Бұл қаншалықты пайдалы?
‒ Жалпы біздің халқымызға ешқандай мотивация керек емес, себебі әрбір қазақ өзін жігерлендіре алады. Мысалы, жақында халық арасында «Кәсіпкер болғыңыз келе ме?» деген сауалнама жүргізілген, сол кезде тұрғындардың 80 пайызы «иә» деп жауап беріпті. Көрдіңіз бе, қазақтың бәрінде өмірге құлшыныс пен алға ұмтылу деңгейі жоғары. Ал Америка халқы үнемі мотивацияға мұқтаж, олардың қасында бір адам міндетті түрде «жасап көр», «өзіңді дамыт» деп айтып жүру керек. Сондықтан қазіргі уақытта мотивация беретін емес, бизнестің нақты жолын көрсететін басылым санын арттыру керек деп ойлаймын.
‒ Сіз үшін 24 сағаттың қайсысы маңызды?
‒ Тәуліктегі ең ерекше уақыт деп таңертең ұйқыдан оянған сәтті айтар едім. Әр жаңа күндегі бірінші сағат аса маңызды, себебі ол сіздің күні бойғы жұмысыңызға, көңіл-күйіңізге әсер етеді. Адам әр күні түрлі оймен оянады ғой, бірде көңілді, бірде мұңды. Бірақ сол бірінші сағатта сіз өзіңіздің жағымсыз ойларыңызды позитивті бағытқа ауыстыра алсаңыз, қалған уақыттың да қайырлы болатыны анық.
‒ Бүгінде жеңіл өнеркәсіппен қатар отандық өнімге сұраныс жоғары. Осы орайда бизнесті дамытуда тағы қандай салаға басымдық беру керек?
‒ Меніңше, ең алдымен отандық туризмге көңіл бөлу қажет. Туризмнің ішінде де түрлі бағыты бар. Айталық, Зеренді көлінің жағасынан мейрамхана ашыңыз, парашютпен қызықты думан ұйымдастырыңыз. Табиғаты жаратылысынан көркем елде туризмді дамытудың мүмкіндігі көп. Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласы мен ірі қараның санын көбейтуге назар аударған жөн. Себебі қазақтың жері құнарлы, кез-келген көкөніс, түрлі жеміс-жидек өсіп шығады, мал жайылымына да таптырмас аудан көп. Қазір біз ет өнімдерін сырттан алып отырмыз. Жер бетінде адамдар саны күн сайын артып келе жатқанын ескерсек, болашақта азық-түлік пен табиғи өнімдерге сұраныс жоғары болатыны белгілі.
‒ Аға, алдағы он жылдықта сіздің қолтаңбаңызды тағы қандай жобалардан көре аламыз?
‒ Менің «Махаббатпен бизнес» атты бірінші кітабым  кәсіпкерлікке арналған басылым болатын. Ол ‒ мотивациялық немесе табыс құпиясы жайлы емес, бизнес ережелер жазылған жинақ. Енді екінші кітабымды рухани жаңғыру тақырыбына арнамақпын. Жуырда «көшпенді халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін кәсіпкерлік саласында қалай қайта жаңғырту аламыз?» деген сауал төңірегінде кітап жазбақшымын.
‒ Сұқбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
18 шілде 2019 ж. 1 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031