» » КӨМІР КӨПКЕ ЖЕТЕ МЕ?

КӨМІР КӨПКЕ ЖЕТЕ МЕ?

Міне қарашаның қара суығы басталды. Үйде, жұмыс орны да, тіпті қайда бас сұқсаң да сол жердің жылы болғаны жақсы. Айналасына газ жүргізілген ағайын үшін бұл басы артық мәселе болуы ммүмкін. Алайда, шаһардың шет аймағындағы тұрғындардың қыс маусымында әлі де көмірге мұқтаж екені жасырын емес. Ал, биылғы қатты отынның қаладағы хал-жайы қай деңгейде? Көмір тұтынатын мекемелер мен шет аймақ тұрғындары қыстан қысылмай шыға ала ма? Сауалымызға жауап іздемек ниетпен қаладағы көмір тарату орталығына бас сұқтық...
Сәдуақасов тұйығында орналасқан ЖК «БЕК» мекемесі қаладағы ең ірі көмір тарату орталығына жатады. Мұнда күніне 80-нен аса жүк көлігі көмір сатып алуға кезекке тұрады екен. Біз болған 3 сағат көлемінде 50-ге жуық көлік кезекке тұрып, Қарағандыдан келетін көмірді күтті. Халықтың Қарағандының көміріне құмартуының да өзіндік себебі бар. Өйткені көпшілік тұтынатын таскөмірге қарағанда Қарағандының Шұбаркөл сорты жылуды жақсы береді әрі күлі де аз болады. Таскөмір заводтар мен арнайы мекемелерге болмаса, үйдің пешіне қолайсыз. ЖК «БЕК» мекемесінің басшысымен сұқбаттасудың сәті түспеген соң, көмір алуға келген тұрғындардың уәжін тыңдауға көштік. Алдымен әңгімені Жетікөл аулының қарт тұрғыны Гүлмариям Қарақұлова бастады.
–Бұл жерге көмір алуға таңғы жетіде келдім. 5-6 сағаттан бері қақпа жабық, сөйлесетін адам жоқ. Бүгін көмір келеді деп хабарланған соң амалсыз күтіп тұрмыз. Мекеме ішіндегі қарауылдар нөмірімізді алып, вагон келгенде атымызды атап, сол бойынша көмір беретінін айтты, – деді.
Бұл жерде кезекте тұрған адамның қарасы қалың. Дені келетін көмірді күтіп жүргеніне 3-4 күн болған. Оған қоса, кезекке тұрудың әлегі тағы бар. Кезек үшін жанжалдасып, тіпті жаға ұстасып жатқандар да кездеседі дейді келушілер. Жалпы, сатып алушылардың көпшілігі Шіркейлі, Ақжарма, Амангелді, Сұлутөбе, Еңбек, Белкөл, Абай, Ақсуат ауылдарының халқы. Сондай-ақ, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі ауданының елді мекендерінен келген тұрғындар да бар. Көмір кезегі үшін екі-үш күн сабылған адамдар жылда осы оқиға қайталанатынын айтып, қынжылады. Сонымен бірге қалалықтарға қарағанда, шет аудандардан келген тұрғындардың қалтасынан көбірек қаражат шығады. Себебі, көмір күтіп кейде 3-4 күн жату мен қатар көмір алу және шет ауылға тасмалдауға кететін шығын қалтаға ауыртпалық түсіреді. Көмір базарынан ауылға дейін көлік жалдау кем дегенде 15-20 мың теңге.
–Көмірдің келгенін күтіп тұрмын. Қазір 3 тонна көмір аламын. Оның әр тоннасы 15 мыңнан болғандықтан, ауылға дейін жалдайтын көлікпен қосқанда 60 мың теңге кетеді. Сондықтан халыққа көмір бағасы өте қымбатқа түсіп отыр. Ал бала шағасын 40-50 мың теңге жалақымен асырап отырған отбасылар қалай күн көрмек?! Жағдайды басшылық бақылауға алмай ма?! – деді Шұбаркөл ауылынан келген Г.Қарақұлова.
Бұнда күнделікті 100-ге жуық жүк көлігі келеді. Қазіргі таңда ЖК «БЕК» мекемесі Шұбаркөл көмірінің бір тоннасын 14600 теңге бағалауда. Бұл қала нарығымен салыстырғанда қолайлы баға. Келушілердің сөзінше, базардан алған көмірді ауылдарға апарып, тоннасын 20 мың теңгеден саудалайтын алып-сатарлар бар. Тіпті, бұл жылдағы дәстүрге айналған. Көмір тапшылығы салдарынан ауылдағы ағайын көмірді қымбат болса да амалсыз алады. Көмірдің сапасы көтерілген сайын құны да қымбаттайды. Мәселен, қыс мезгілінде жылуы аз, күлі көп тас көмірдің өзі тапшы болуы әбден мүмкін. Сондықтан аузы күйген ауылдықтар ұзын-сонар кезекпен айғай шудың ортасында көмір күтуге мәжбүр.
Бұл мәселе турасында қыркүйек айында өткен Үкіметтегі селекторлық жиында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек былай деп хабарлаған еді:
–Біз бүкіл өңірлердегі энергетикалық және халыққа арналған көмірді қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі уақытта баға тұрақты, өндірілген көмір көлемі былтырғыдан көп, вагондар да жеткілікті. Біз Шұбаркөл, Қаражыра және өзге де жер қойнауын пайдаланушылармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Көмір бағасы әр өңірге байланысты. Әр облыста бір тоннасы 14-18 мың теңге. Биыл елімізде ешқандай көмір тапшылығы болмайды. Алаңдауға еш себеп жоқ.
Дегенмен шаһардағы көмір мәселесі министр айтқандай толық шешімін тапқан жоқ. Біз барған ЖК «БЕК» көмір сату орталығының өзі Қарағандыдан келуін күтіп отыр. Қыс жақын, халық болса алаңдаулы.
Оразбек Исабеков, Ақжарма аулының тұрғыны:
–Кеше кешкі 8-де келгеннен осында жатырмыз. Машина жалдап келгенмін. Оны қайтара алмаймын. Ол ауылға қайтып келуі үшін тағы 15 мың төлеуім керек. Сондықтан жүргізушіні уақытша қаладағы туысқанының үйіне жібердім. Ал ауылдан әуреленбей көлікті осы жерден жалдайын десем, 25 мың теңге төлеуім керек екен. Сол себепті басында түнеуге мәжбүрмін. Ауылда көмір жоқ. Ал базардан әр қабын 1200 теңгеге сатып аламыз, оның өзі жетпейді.
Тимур Қартабаев, қала тұрғыны:
–Көмірге келгеніме бір апта болды. Әлі ала алмай жүрмін. Машиналар 10.000 теңге сұрап тұр. Басында түнемей кезек ала алмайсың. Түнемегесін көмір маған дейінгі кезекке тұрғандарға ғана жетеді. Тіпті, кезекке тұрғандар алдыға ұмтылам деп бір-бірінің көлігіне соғып, соңы төбелеске ұласып жатыр. Соңғы екі-үш жыл көмір алу мүлдем қиындап кетті.
Реті келгенде айта кетейік, қазіргі таңда қалада «Қызылорда Отын» ЖШС, «Олжас-2005» ЖШС және ЖК «Бахадуров», ЖК «БЕК» секілді көмір базарлары жұмыс жасайды. Облыс аумағында жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға көмір отынын тасымалдайтын жүк көліктері үшін тұрақтар мен жабдықталған алаңдар, көмір қоймалары қарастырылған. Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 5, аудандарда – 33.
Ернар, жеке көлік жүргізуші, тасымалдаушы:
–Бізге 5 тоннадан артық берілмейді деп жатыр. Бірақ барынша алуға тырысамыз. Сыртқа барып, осының үстіне ақша қосып сатамыз. Біз халыққа қызмет етушіміз. Тапсырыс береді, соны үйлеріне жеткізіп береміз. Алайда, мына көмір қоймасында біраз шикілік бар. Көмір өлшейтін таразының астында тоқпақтай-тоқпақтай магниттер орналасқан. Бұл көмірдің нақты салмағын шығармайды. Мысалы, үш тонна деп алған көміріміз ауылға барып сатқанда 2,5 тоннаға жетпей қалады. Халық маңдай терімен тапқан ақшасын, көмірге жұмсайды ғой. Бірақ бұнда келген әрбір сатып алушы осылай желінген үстіне желініп қайтады. Осы қылмысты тексеріп, халықтың қалтасына түскендерге тоқтау салатындар бар ма өзі?, – деп күйінді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымында көмір отынының қажеттілігі 264,9 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде әлеуметтік нысандарға – 57,8 мың тонна, ал жергілікті тұрғындарға – 207,1 тонна қажет екен. Сондай-ақ, көмір отыны аймаққа Қарағанды облысының Шұбаркөл, Шығыс Қазақстан облысының Қаражыра және Павлодар облысының Екібастұз, Майкөбен көмір өндірушілерінен теміржол немесе жүк көліктері арқылы тасымалдануда. Ағымдағы жылдың 26 қазанында әлеуметтік-мәдени нысандар 52,2 мың тонна, ал жергілікті тұрғындар 129,7 мың тонна қатты отынмен қамтамасыз етілген. Облысқа қажетті көмірдің бірқалыпты жеткізілуін өндірушілермен келісім-шарттары бар жеке кәсіпкерлер қамтамасыз етуде.
Ал, қалаға қарасты мекемелер мен тұрғындардың ахуалын цифрлармен сөйлетсек, биылғы жылу маусымына Қызылорда қаласы бойынша қатты отын қажеттілігі 43100 тоннаны құрайды. Оның ішінде әлеуметтік нысандарға – 923 тонна, қала тұрғынарына – 42177 тонна. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандарға қажетті 923 тонна қатты отынның 345 тоннасы алынды. Шаһарға қарасты Ақжарма, Қызылөзек, Қосшыңырау, Қарауылтөбе ауылдарындағы кітапханалар да көмірмен жылытылады. Бүгінде қала тұрғындарына қажетті 42177 тонна көмірдің 34571 тоннасы жеткізілген. Яғни, көрсеткіш 83 пайызды құрайды. Қаладағы көмір базаларында 690 тонна қатты отын бар.
Сонымен көзбен көрген жағдай мәз емес. Мекеме басшысымен тілдесуге қам жасағанымызбен, нәтиже болмады. «Басшы жоқ», «әзір келмейді» деген сарындағы сылтаудың барлығын жауап беруден жалтару деп түйдік. Әйтсе де жағдайдың мән-жайын тұрғындардан естіп-біліп, хал-қадіріміз жеткенше саралауға тырыстық. 4-5 сағаттан соң, жауап алмай кетпесімізді сезді ме, мекеме қарауылы жақсы жаңалық жеткізді. «Қарағандыдан 6 вагон көмір келеді, енді тұрғындардың сатып алуына болады» деді. Сол-ақ екен, көмір базарының алды абыр-сабыр болды да кетті. Халық барынша өзіне қажетті көмірді толық алуға аптығып, кезекке тұрған азаматтар арасында айқай-шу көбейді...
P. S. Сонымен, қала халқының көмір тапшылығын сезуінің бірнеше себебі бар. Алғашқысы, көмір таратушы мекемелер жүк көліктеріне 5 тоннаға дейін ғана тиеуге рұқсат бергенмен, кейбір үлкен көліктер 30-40 тоннаға дейін тиеп алып, нәтижесінде қалған тұрғындарға қатты отын жетіспейді. Сонымен қатар, өндірілетін көмірдің экспортқа шығатын үлесі басым болғандықтан, өңірлерге аз мөлшерде келіп жатқаны рас. Қалалық жерде тұрғын үйлер мен мекемелер көгілдір отынға көшкен соң, сұраныс азаюы заңдылық. Алайда, газдың игілігіне әлі де болса қол жеткізбеген шет аймақ пен ауыл тұрғындарының жылу маусымында көмірге тікелей тәуелді екенін естен шығармаған жөн.
Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ
26 қыркүйек 2019 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031