» » MEDO WAFFLES ҚАЛАЙ ТАНЫМАЛ БОЛДЫ?

MEDO WAFFLES ҚАЛАЙ ТАНЫМАЛ БОЛДЫ?

    Оның күнделікті табысы елу мың теңгеден басталып, екі айда 2 500 000 теңгені құрады. Алғашында 150-ден аса вафлиді тұрғындарға тегін таратқан Medo Waffles орталығының иесі, жас кәсіпкер Медет Ермағанбетов бізге бизнестегі бастамасы жайлы айтып берді.

Екі аптада мыңға жуық вафли пісірдім
 
‒ Қаладағы №4 мектептің түлегімін. Былтыр Серпін бағдарламасы бойынша Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы бойынша бітірдім. Студент кезімде екі жыл қатарынан асханада фаст-фуд өнімдерін дайындаушы аспаз болып жұмыс істегеннен болар, көпшілікке арналған тағам орталығын ашқым келетін. Былтыр сол істің сәті түсіп Medo Waffles-тің жұмысын қолға алдым. Орталықтың тұсауын кесілмес бұрын екі апта бойы үйде әртүрлі құраммен тәжірибе жасап көрдім, шамамен мыңға жуық вафли пісіріп үйрендім десем болады. Он төрт тәулік бойы небәрі екі сағат ұйықтай жүріп, вафлидің құрамын тексердім. Өзімнің жұмысыма толықтай сенімді болғанша  күнделікті тәтті пісіріп, осылай жаттыға бердім.
Екі айдағы табыс ‒ 2 500 000 теңге

‒Университет бітірген соң, Жас кәсіпкер бағдарламасына қатыстым. Бастапқыда ата-анам мамандығым бойынша қызмет еткенімді қалады, алайда мен жеке кәсібім болғаны дұрыс деп шештім. Жас кәсіпкер бағдарламасының екінші аптасында орталыққа қажетті заттарды жалға алып, қолдағы қаражатпен жұмысымды бастадым. Кейін грант есебінде түскен табысты да керек бұйымдарға жұмсадым. Орталықтың орналасқан мекен-жайы халық көп жүретін алаң екенін білсем де, алғашқыда тұрғындардың сұранысы жоғары болады деп ойламаған едім. Қыркүйек пен қараша айында жалпы табысымыз 2 500 000 теңгені құрады, бұл қаржы маған талай ұйқысыз өткен күндердің өтеуі мен нағыз еңбектің нәтижесіндей көрінеді. Тауар сапалы болған соң, өнімге сұраныс күн сайын арта түсті, сондықтан бизнесте аса үлкен қиындыққа кезіктім деп айта алмаймын. Тәттілердің тез өтуіне, тұрғындардың Medo Waffles-тен хабардар болуына Instagram парақшасының пайдасы көп. Өйткені әлеуметтік парақшамдағы тәтті сүйер оқырмандардың белсенділігі өте жоғары, апта сайын салынған жазбаны бақылап отыратын тұрғындардың да қарасы қалың.

Өз-өзіңді дамыту қаржыға тәуелді емес

‒ Қазір орталықта вафлидің 5-6 түрі даярланады. Бір вафлиді дайындау үшін небәрі он минут уақыт қажет. Бастапқыда тұрғындарға ыңғайлы болсын деп, бір апта вафли бағасына жеңілдік жасадық.  Алдағы уақытта  Medo Waffles-тің жұмысын жүйеге келтіріп, өңірде балмұздақ өндірісін қалыптастырғым келеді. Тамақ индустриясын ағзаға қуат берумен қатар, көңілге қуаныш сыйлайтын жүйеге айналдырғым келеді. Сол үшін күн сайын мотивациялық кітап оқып, бейнежазба көруге тырысамын. Негізі адамның өзін-өзі дамытуы қаржыға тәуелді емес, себебі ақша бірде көбейсе, келесіде азаюы мүмкін. Сол үшін кәсіпкер өзін үздіксіз дамыту керек деп есептеймін.
Гүлдана ЖҰМАДИН
09 қаңтар 2020 ж. 136 0

PDF нұсқалар мұрағаты

03-332

23 қаңтар 2020 ж.

02-331

16 қаңтар 2020 ж.

01-330

09 қаңтар 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031