» » Пандемияның әлем қалаларына әсері қандай?

Пандемияның әлем қалаларына әсері қандай?

  Ғасырлар бойы әртүрлі аурулар ірі қалалардың дамуына өз әсерін тигізді және қалалықтардың өмір сүру салтын өзгертті. Әрине кешегі испан тұмауы мен шошқа тұмауын, т.б. эпидемияны адамдар ұмыта бастаған шығар, бірақ түгел қала жадынан айырылып қалды деп айта алмаймыз. Dasco Consalting Groupтің серіктес басқарушысы Дәрмен Садуақасовтың осы жайында жазылған әлемдік болжамы біздің елдің де қала әкімдерін бей-жай қалдыра қоймас деген ойдамыз.
1793 жылы масадан тараған белгісіз аурудан Филадельфия мэрі көшедегі қоқыстарға қарсы «соғыс» ашты, қатаң түрде қала халқын мұнтаздай тазалыққа ден қоюға шақырды. Осының арқасында ауру сейілді, АҚШ территориясының жергілікті билігі тазалық үшін күресті.
Сасыған судың иісі тырысқақ ауруының басты себебі деген қате түсінік Лондонда әлем бойынша жерасты құбыр жолдарының құрылысын жүргізуге ықпал етті. Мұнымен қоса жаңбыр суының өзінен қақ тұрмайтын кең әрі түзу жолдар салына бастады.
1377 жылғы оба эпидемиясы итальяндықтарды бірінші рет қалаға кірушілерді қырық күн карантинде ұстауға мәжбүрледі. Бұл жағдай күллі Еуропа бойынша жер салығын төмендетті, шаруалардың жалақысын көтерді.
COVID-19-дың әлемнің ең ірі қалаларына әсерін әл-әзір болжау қиындау, бірақ қала өмірін күрт өзгертіп, жүзеге асып жатқан жаңалықтар бар.
Біріншіден, Сингапур мен Сеулде қалалықтарды бақылайтын сандық технологиялардың рөлі артты. Белгілі бір тәртіп пен талапты сақтау үшін қалалықтардың әрбір қадамы бақылауда. Карантиндік бағдарламалар, байланыс нөмірін іздеу қосымшасы, қауіпті аумақтар картасы – мұның бәрі ешқайда жоқ болып кетпейді, қалалықтар өмірінің бір бөлігі болып қала береді.
Екіншіден, қашықтық талабы экология жақтаушыларының да қолдауына ие болып отыр. Богот және Будапешт әкімшілігі барлық аудан бойынша велосипед жолдарын кеңейтуді қолға алғанын мәлімдеді. Ал Афинада жаяу жүргіншілер мен басқа да қоғамдық алаңқайларды кеңейту ісі жоспарланды.
Үшіншіден, адамдар тым болмағанда қолайсыздық сезінбес үшін мегаполистердегі әрбір жеке кварталдардың аумағы кеңейтілетін болды.  Мельбурнде дүкендердің жоспарына өзгеріс енгізілді. Алдағы уақытта  демалыс орындары мен бизнес-орталықтар тұрғын үйлерден кем дегенде 20 минуттай алыс болу керек деген қағида басшылыққа алынатын болды. Париждіктер бұл жағынан кемі 15 минуттық қашықтық сақталу керек деп отыр.    
  Төртіншіден, қазір де айқын бола бастағандай, мейрамхана, кафе, бар, түнгі клуб, жеке галерея мен театр саны азаяды. Нью-Йорк сарапшыларының ұйғарымына сүйенсек, мұндай ғимараттар карантиннің бірнеше толқынына шыдас бермеуі мүмкін. Мәселен, Манхэттенде жалға алу бағасы тым қымбат.
Бесіншіден, адамдар тым қымбат қалалар мен аумақтардан түбегейлі бас таруы мүмкін, әсіресе бұл жұмысшылар мен туристерге қатысты болып отыр. Сан-Франциско, Сиэтл, Дели, Мумбай сынды суперқалалар мен оның орталықтарындағы офистерден пандемия басталғаннан-ақ біраз адам кетіп қалды. Дегенмен дағдарыс әсерінен адам ресурсына сұраныс бірнеше есе артты, бірақ бұл олардың қайтып оралатынына кепіл бола алмайды.
Енді қызметкерлерін онлайн-режимге ауыстыруға ірі компаниялардың өзі қызығушылық білдіріп отыр. Қызметкерлермен қашықтан жұмыс істеу компанияны жалға алатын қымбат офистардан бас тартып, оған басқарақ балама іздеуге таптырмайтын мүмкіндік қой. Егер қала қауіпсіз болмаса, онда қызметкерлер де жоғары жалақыдан бас тартып, үйіне жақын маңайда жұмыс істеуге көшеді.
Алтыншыдан, мегаполистерде бай мен кедей арасындағы алшақтық арта түседі. Қандай да бір қауіп-қатерден соң байлар өз ұстанымын одан әрі қарай орнықтыра түсетінін тарих сан мың мәрте дәлелдеген. Мысалы, Флоренцияда жылжымайтын мүлік иелері обаға дейін де, обадан кейін де өз үстемдігін сақтап қалды. Жағдайы жоқ адамдар өте қиын кезеңді бастан өткерді.
Кейбір футуристердің болжамындай, үлкен қалалардың дәуірі мұнымен аяқталмайды. Жер сілкіну, соғыс, өрт сияқты бұдан да ауыр апаттардан соң да адамдар қалыпты өмірге қайта оралған. 
Ірі қалалар – заманауи экономиканың қозғаушы күші, жалпыға ортақ бәсекелестік пен серіктестікті қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындары ашылатын әлемдегі ең инновациялық, ең жаңашыл мекен. Экономиканың қайта қалпына келуі де мегаполистерден басталады.
                                                                           А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ 
 
16 шілде 2020 ж. 96 0

PDF нұсқалар мұрағаты

30-359

31 шілде 2020 ж.

29-358

23 шілде 2020 ж.

28-357

16 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31