» » Сыр еліндегі республикалық жастар лагері қалай өтті? (ФОТО)

Сыр еліндегі республикалық жастар лагері қалай өтті? (ФОТО)

   Арнаулы жастар жылы аясында еліміз бойынша жастардың барлық санатын қолдауға арналған түрлі шаралар өтуде. Мазмұнды шаралар Сыр елінде жалғасын тапты. Жаңақорған ауданында, Қарт Қаратау етегіндегі орналасқан «Талдысу» облыстық олимпиада және қосымша білім беру орталығында «Жастар − Отанға!» республикалық жастар лагері өтті.
Қызылорда облысымен қатар, Алматы, Қарағанды, Семей, Тараз, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент қалаларынан түрлі санаттағы 110 жастың басын қосқан шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Медиа Жұлдыз» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. «Жастардың басқосуын ұйымдастырудағы мақсат − жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру және біріктіруге күш салу. Жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына мүмкіндік беру», − деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов.
 Бірінші күні жастар лагерьге орналасып, A, B, C, D деген атпен төрт топқа бөлініп, бір-бірімен танысып, қауызға суға түсіп, түрлі ойындар ойнады. Мұнан соң семинар-тренинг өткізуге келген облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков, көшбасшы Жандос Базартаймен кездесті. Жасұлан Серіков Елбасы тапсырмасымен әзірленген «Жас кәсіпкер» бағдарламасы туралы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметтері, жас кәсіпкерлер үшін гранттар көп бөлінгенін айтып, жастарды мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды. Ал, Жандос Базартай жастардың белсенділігін оятып, көшбасшы болудың қыр-сырымен бөлісті. Аймағымызда өз саласында белсенді, іскер жастарды таныстырды. Замандастарының пікірін біліп, ойларымен бөлісті.
Жастар жылын жоғары деңгейде атап өту мақсатында «Жастар Отанға!» республикалық лагерін өткізу туралы ұсынысты жасотандықтар айтқан екен. Шараның ашылу салтанатында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес замандастарын құттықтап, «Жастар Отанға!» лагерінің туын көкке көтерді.
     Екінші күні жастар таңғы астан соң, жолға шықты. Сыр өңіріндегі бірнеше тарихи орындарға экскурсия жасады. Олар бір кездері Қыпшақ хандығы, Ақ Орда, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашығында, Төлегатай-Қылышты ата, Хорасан ата кесенесінде, Ақтас мешітінде, «Сауран» қалашығында болды. Аймақтағы тарихи және көне мұралар жөнінде көбірек біліп, орта ғасырдағы қалалардан мол әсер алды. Сыр өңірінің тарихын білу − әрбір қызылордалық жастың азаматтық парызы болса, өлкеге алғаш келген жастар үшін танымдық маңызы зор экскурсия деп бағаланды.
Мұнан соң "Үздік пост" байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың шарты бойынша жастар экскурсия кезінде түскен суретін жүктеп, алған әсерімен бөлісу керек. Көп қаралым жинаған ерекше үш пост иесі анықталды.

Жалағаш ауданынан Сәтбай Серәліұлы I орынды, тараздық Ерғали Әбуғали II орынды жеңіп алды. Ал қызылордалық Аружан Сәду III орынды қанағат тұтты.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шарада, «Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ, ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді», − деген болатын. Ұйымдастырушылар бұл бағытта Сыр өңіріндегі туристік нысандарды дамытуға арналған «Қызылорда − жастар көзімен» байқауын өткізді. Алдын ала жарияланған байқауға жастар зор дайындықпен келіпті. Өзекті ойларын ортаға салып, жобаларын қорғады. Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Рахматулла Мұстафаев, «Түрік әлемінің астанасы − Қорқыт қалашығын» салуды ұсынды. Қалашыққа келген қонақтар түркі тілдес елдердің асханасынан дәм татып, 3D форматында Сыр өңіріндегі тарихи орындарды тамашалай алады. Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының маманы Айқожа Бағдатұлы бастаған әділ-қазылар Рахматулланың идеясын жүлделі I орынға лайық деп тапты.
Ал, Жалағаш ауданы Далдабай ауылынан келген №115 негізгі мектептің мұғалімі Айнұр Іскендірқызы, Сыр еліндегі тарихи орындар мен демалыс орындары туралы шынайы мәліметтер, фото, видео орналасқан «SurTurKzo» мобильді қосымшасын жасаса, аймағымызға туристерді көптеп тартуға болатынын айтты. Айнұрдың сайысқа ізденіп, тыңғылықты дайындықпен келгені, жобасының өзектілігі ескеріліп, жүлделі II орын алды. Ал жүлделі III орын қызылордалық «Кітап құрттары» ұйымының мүшесі Мәди Наятқа бұйырды.
Лагерде мүмкіндігі шектеулі жастар да белсенді қатысты. Он саусағынан өнер тамған жаңақорғандық Қасиет Орал өзі жасаған қолөнер бұйымдарын алып келіпті. Көздің жауын алатын заттарын сатып алушылар да табылды.
Ал Жамбыл телеарнасының редакторы Әубғали Ерғали басқосу барысында тарихи орындарға саяхат жасағанына қуанғанын айтады. «Сыр өңіріне алғаш келген соң Сығанақ, Сауран қалашықтарын көргеніме өте қуаныштымын. Көне дәуірді көзімізбен көріп қайтқандай мол әсер алдық. Бабалар өмірі, елдің тарихы рухымызды көтерді», − дейді ол.
Түркістандық Мадина Қалматаева жаңа достар сыйлап, үлкен диалог алаңы болған лагерь ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
"Қызылордаға сапарым ерекше болды. "Жас Отан" жастар қанатының мүшесі ретінде лагерьге қатыстым. Белсенді болып, қоғамдық жұмыстарға араласқанымның пайдасы тиді. Республикалық лагерь маған жаңа достар сыйлады. Тарихи орындарға экскурсия жасадық. Мол ақпарат алып, көзбен көріп рухани байып қалдық. Көшбасшылық, кәсіпкерлік бағытындағы семинарлардан өзіме қажет көптеген ақпарат білдім. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз", - дейді Мадина.
Үшінші күні жастар футбол, теннис ойындарынан бақ сынады. Жеңімпаз топтар мен ойыншылр лагерьдің жабылу салтанатында марапатталды.
Мұнан соң Ұлттық арнаның «Мәселе» бағдарламасының тележүргізушісі Нартай Аралбайұлымен кездесті. «Сіздермен журналист ретінде емес, біріңізге аға, біріңізге замандас, дос ретінде сырласуға келдім», − деді Нартай. Ол саясат, әлеумет, қоғам мен жастар тақырыбында еркін әңгімелесті.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың белсенді студенті Айя Көбесова, лагерде бір топ замандасына топ басшы болып, белсенді қатысты. Ұйымдастырушылар Айяны лагерьдің жабылу салтанатында «Үздік топ басшысы» деп марапаттады.
Күн сайын көңілді кештер, би алаңы жастардың көңілін сергітті. Әсіресе тарихи орындарға саяхат әдемі рухани әсер сыйлады. Қатысушылардың пікірінше, жаңа достар сыйлап, әріптестікті нығайтқан шара жоғары деңгейде өтті. Төртінші күннің таңы атқанда жастар әр аймаққа бір-бірін қимай тарасты.



Гүлбану МАҚАЖАН,
Жаңақорған ауданы,
Бесарық ауылы

03 қыркүйек 2019 ж. 621 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30