» » БАУЫРДАН БАНК АРТЫҚ

БАУЫРДАН БАНК АРТЫҚ

 Тіршілік мәні
  Банкке бас сұқсаңыз, ұзын-сонар кезек. Құдды халыққа тегін ақша үлестіргендей. Осы бізді несиеге тәуелді қылған не нәрсе өзі? Бара-бара қарызға белшемізден батпаймыз ба?
Банкке түсер табысты ғана ойлайтын қызметкерлер қуанып күтіп алып, шығарып салады. Артынан іздеу салады. Үйіңіздегі телефонға банк қызметкерлері ғана үстін-үстін қоңырау шалады. Есесіне күнде жағдай сұрап тұрады. Халық несиесін әдейі төлемейін демейді. Бірі жұмысынан айырылады, енді бірі бала-шағасынан артылмайды. Айналып келгенде, бұл сіздің жеке мәселеңіз болып қалады. Бүгінде халықтың қалтасындағы ақшаның дені қарыз екені жасырын емес. Қазақ халқы о заманда бұ заман, дәл бұлай қарыз алып көрмеген. Банктерден берілетін «жеңілдетілген несиелердің» қызығын көреміз деп, шыжығына шыжғырылып жүргеніміз мынау. Тіпті шаңырағы шайқалып, ағайын-туыстықтың арасы суып, өмір сүруден баз кешкендер де кездеседі. Қазір «бауырыңнан банк артық» деген сөз жиі айтылып жүр. Қажет кезде ақша береді. Мүмкін бәзбіреулерге артық шығар, дегенмен жағдайыңыз жақсарғанға дейін банк күтпейді.
Қарыз алатын кезде оны қалай қайтарам деп ойлану керек. Қолыңа тиген қомақты ақшаның қасында ай сайын төлейтін ақшаңыз мардымсыз сияқты көрінеді. «Судың да сұрауы бар», алар кезде бұл ақшаны неге жаратамын, осы ақша өзін ақтай ма, ақтамаса, оның орнын немен толтырам деген сауалды өзіңізге қойған дұрыс. Жақында жаңалықтар 7 жасар балада несие бар деп жарияға жар салды. Әрине, әкесінен қалған қарыз. Оқу бітіріп, жұмыс істеді делік. Алғашқы табысын несиеге төлемек пе? Бұрын әке балаға мұра қалдырушы еді...
   Түйін: Қазір ешкім «қарызға сұрап алған қуаныштың ғұмыры қысқа» болатынын біліп, бас қатырмайды. Бәйге шаптырып, бес жүз адам шақырылатын той жасауды әдетке айналдырған халықтың жиған-тергені жетерлік екен деп қаласың кейде. Алайда аста-төк тойдың артында алақанын жайып банк тұрады. Жыл сайын жүз миллиардтаған теңгесін тойханаларға беретін қазақтар бес-алты сағаттық той үшін осылайша белшеден қарызға батады. Әлін білмей әлек болғанның соңы қарызды қайтара алмай, бас сауғалап жүр.
Мөлдір САБЫРЖАН
13 наурыз 2018 ж. 327 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 50 (275)

13 желтоқсан 2018 ж.

№ 49 (274)

06 желтоқсан 2018 ж.

№ 48 (273)

29 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31