» » ЖҮРЕК АУРУЫ ЖАС ТАЛҒАМАЙТЫН БОЛДЫ

ЖҮРЕК АУРУЫ ЖАС ТАЛҒАМАЙТЫН БОЛДЫ

   Қазір адамдардың көбісі күйбең тіршіліктің соңында жүріп, өз денсаулығына мән бермейді. Соның салдарынан түрлі дерттер белең алып барады. Қарап отырсақ, қазір адамдардың барлығы ашушаң. Үнемі терең ойда, күйзеліс үстінде жүреді. Әдетте, мұндай жағдай жүрек-қан тамыры ауруына душар етуде. Негізінде жүрек-қан тамыр аурулары холестериннен пайда болады. Ол майлы тағамды көп тұтынғаннан көбейеді.
Бұрын ата-бабамыз мұндай ауру зардабын көрген жоқ. Өйткені, олар табиғи тағамды азық етті. Қымыз бен шұбат ішіп, денсаулыққа пайдалы іспен айналысты. Ал, бүгінде құнарлы тағамды емес, оңай әрі тез дайындалатын фасфудты пайдаланушылар саны көбейді. Оған қоса дене  қозғалысы азайды. Адам жүйкесін жұқартатын түрлі мәселелер бар. Осының барлығы жүрек қызметінің нашарлауына соқтырады. Қазір адамдардың басым көпшілігін артық салмақ мазалайды. Арамызда одан зардап шегіп жүргендер қатары қалың. Себебі, ол қан-айналым жүйесіне орасан зор зиянын тигізеді.
Мамандардың айтуынша, жүрек ауруынан үздіксіз қозғалыс пен тынымсыз еңбек қана сақтайды. Мәселен, тамақты көп ішкенімен соған сай қимыл болса, зат алмасу тепе-теңдігі бұзылмайды екен.
– Жүрек ишемия ауруы тікелей жүрек қан тамырларының зақымдануынан пайда болады. Бұл дерт тұрақты және тұрақсыз болып екіге бөлінеді. Тұрақсыз ишемияның көтерілуі мен көтерілусіз деген түрлері бар. Оның ішінде көтерілуі – инфаркт, көтерілусіз – жүрек ишемиялық дерті ретінде қарастырылады. Ал, тұрақты деп күнделікті дәрі-дәрмекті қабылдап, емханаларда бақыланатын науқастарды айтады. Өңірдегі облыстық медициналық орталықта кардиология бөлімдері 2009 жылдан бастап халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде. Бізге көбінесе тұрақсыз түріндегі науқастар емделеді. Бұрын бұл ауруға үлкендер ғана шалдығатын еді. Алайда, қазір инфаркт жас талғамауда. Себебі, ол соңғы жылдары жастарды да өз құрығына түсіріп жүр. Сонымен қатар, жүректің туа пайда болған түрлері де көбейді. Оған жүктілік кездегі ана денсаулығы тікелей әсер етеді. Сондықтан баласының болашағы үшін ол уақытта салқын тигізбей, барынша сақтану керек. Негізінде медицинада аталған дертпен ер кісілер көп ауырады. Ал, бала туу жасындағы әйелдердің жүрегін эстрогендік гормондар қорғайды. Дегенмен, жақында ғана біздің бөлімге инфаркт алған 38 жастағы келіншек түсті. Қазір жағдайы бірқалыпты, оңалту бөліміне жатқызылды. Бұл дертке әкелетін бірден-бір жайт – қан қысымы мен қант диабеті аурулары. Ол бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды. Бастапқы белгілері – кеуде жасушалары ауырып, қол мен сол жақ иық ұйып, жайсыз сезім пайда болады. Мұндай кезде уақыт ұттырмай дер кезінде дәрігерге көріну керек, – деді облыстық медициналық орталықтың №1 кардиология бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Бержаппарова.
Қаладағы барлық емханаларда аталған дерттің алдын алу мақсатында денсаулық мектептері жұмыс істейді. Сондай-ақ, жыл сайын белгілі мезгілде скринигтік тексеру өткізіледі. Мәселен, № 3 қалалық емхананың кардиологы Ақмарал Досқалиеваның айтуынша,  артериалды гипертензия мектебінен былтыр 660 науқас сабақ өткен. Ал, коронарлы науқастар мен инсульт мектебіне 544 емделуші қатысқан. Сонымен қатар, мұнда ұдайы осы тақырыпта халыққа үнпарақшалар таратылып, тегін кеңес беру жолға қойылған. Ондағы басты мақсат – дертті асқындырып алмау. Сондықтан олар қарапайым халықты жан-жақты ақпараттандыру өте маңызды деп есептейді. Әсіресе, қан қысымы мен қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларымен тіркеуде тұрған науқастар аймақтық дәрігердің жіті қадағалауында.
Соңғы кезде әлем бойынша инфаркт алғандар өлім санын арттырып отыр. Өйткені, бұл дертке шалдығатын адамдар қатары жыл сайын өсуде. Атап айтақ, былтырдың өзінде санақ бойынша жүрек қан тамырлары ауруынан әлемде 17,3 млн. адам қайтыс болған.
Денсаулық – зор байлық. Өкінішке орай  бүгінде бұл сөздің астарына терең үңіліп, қадіріне жетіп жүргендер аз. Десе де, ағзадағы сыңары жоқ жалғыз мүше  – жүрек.  Ол өмір бойы тынбастан жұмыс істейді. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығын сақтап, мағыналы өмір сүргісі келсе уақытылы дәрігерге тексерілгені абзал.
                                                                                               Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
13 шілде 2018 ж. 313 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 49 (274)

06 желтоқсан 2018 ж.

№ 48 (273)

29 қараша 2018 ж.

№ 47 (272)

22 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31