» » Алтын уақыт туралы кім не біледі?

Алтын уақыт туралы кім не біледі?

   Geimlih adisi                                                              
   «Сақтаңсаң – сақтаймын». Осы сөзді бала кезден естіп өссек те, маңыздылығын  ұға  білмеген  екенбіз.  Әлеуметтік желі мен ғаламтор дамыған заманда күнделікті толассыз келетін ақпараттар легінің арасында  түрлі қайғылы жағдай салдарынан адам шығыны жайында ақпарат оқығаныңмен, бір сәтке оның алдын-алуға болатынын ойланып көрдіңіз бе?
Мен ойлануға мәжбүр болдым... Осыдан бірнеше жыл бұрын санама үрей мен сенімсіздік салған оқиға болды. Айдың-күннің аманында жақын жолдасымыздың алты айдан енді асқан  бүлдіршіні кенеттен шетінеп кетті. Балаға не болғанын ұға алмаған анасы отырған жерінде бозарып, ес-түсінен айырылған бауыр еті баласын жақын маңда орналасқан медициналық мекемеге апарудан  басқа ойына ештеңе келмеген.  Дәрігерлер жансыз денені қарап, еш көмек көрсете алмайтынын жеткізген. Себебі, тым кеш. Ия, ол жағдайда кеш болған.  Баланың тамағында бөгде зат тұрып қалған, сол сәтте Геймлих әдісін пайдалану арқылы анасы жанын аман алып қалар еді. Әттең, өмірді сақтап қалуға болатын «алтын уақыт» өтіп кетті. Бірақ сол мезетте ананың  да, бұл жағдайдан хабардар болған менің де Геймлих әдісінен еш хабарым жоқ еді.
Қайғылы жағдай сол кезде екі баланың анасы мені де есеңгіретіп тастады. Сонда қалай болғаны, біз соншама қауқарсыз болғанымыз ба?  Шұғыл көмекті қажет ететін кездер медициналық мекемеден тыс болатынын білгеніммен, көмек көрсетуге қауқарсыз екенімді білмедім. Медицинада «алтын уақыт» деп аталатын терминнен мүлдем бейхабармын. Сонда мен қандай анамын?  Осы секілді сұрақтар жанымды жегідей жейтін.  Көп ұзамай  іздегенге-сұраған, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек дағдыларын меңгеруге болатынын білдім. Бір маңыздысы, ол үшін медициналық білімнің болуы шарт емес. Кез-келген адам бұл қарапайым дағдыларды бірнеше күнде меңгеріп алады. Ал енді, ең қорқыныштысы, статистикаға көз жүгіртсек.
Әлемде күніне шамамен 2300 бала оқыс оқиға салдарынан көз жұмады. Қазақстанда жылына 3000 адам жол-көлік оқиғасы  нәтижесінде ажал құшып, 30 000-нан астам адам түрлі деңгейде жарақат алады екен. Одан бөлек, елімізде жылына 49 мыңға жуық адам инсультке шалдығып, науқастардың жартысы бір жылға жетер-жетпес уақытта көз жұматын көрінеді.  Бұл бір қарағанда  жай сандар секілді болғанмен, әрбір адамның артында бүтін бір отбасы тұрғанын ескере бермейміз және, бір айта кететіні, осы жағдайлардың бәрінде алғашқы көмек көрсету арқылы адам жанын аман алып қалып,  немесе мүгедектікке шалдықтырмайтын деңгейге жеткізуге әбден болады.
Тарқатып айтатын болсақ, кез-келген жағдайда бірінші кезекте аурудың түрін анықтап алу керек. Яғни, науқас адамға не болғанын түсіну өте маңызды. Жүрек талмасы ма, инсульт па әлде өзге де шұғыл жағдайлар, мәселен, қан кету, күйік шалу  немесе тоқ ұру салдарынан, тағысын тағы  адам ес-түсін жоғалтып алуы мүмкін.  Көмек көрсетудің алдында осыны анықтап алмайынша, ешқандай әрекет етуге болмайды. Себебі, біз науқасқа көмек көрсетеміз деп, керісінше, оның жағдайын одан әрі  ауырлатып алуымыз ықтимал.  Сол үшін арнайы  оқу курстарына қатысудың қажеттілігін тағы бір мәрте ескертемін. Бұл, ең бастысы, өзіміз үшін, отбасымыз бен жақындарымыздың амандығы үшін қажет екенін ұмытпау керек.
Осы ретте өскелең ұрпақ пен ұлт болашағын ойлайтын әрбірана  дәрігерге дейінгі алғашқы көмек дағдылары бойынша  арнайы семинар-тренинг пен оқу курсына қатысып, білім жетілдіргені жөн деп білемін. Бүгінде мен үш баланың анасымын, «сақтансаң – сақтаймын» деген аталы сөздің маңыздылығын жақсы түсінемін. Алғашқы көмек дағдыларын өз балаларыма да үйретуді жөн санаймын. Бұл – менің өмірім, менің таңдауым, менің болашағым.
Ал, Сіздің таңдауыңыз қандай?
Әйгерім ҚОЖАХМЕТОВА,
«Шаңырақ» аналар мен ханымдар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры
13 қыркүйек 2018 ж. 787 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031