» » 19 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТТІҢ АРМАНЫ

19 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТТІҢ АРМАНЫ

     Таңғы сағат 5-те Рик көлік айдап келе жатқанда көзі ілініп, жолдың шетіндегі ағашқа соғады. Келесі алты айды зақымданған омыртқасымен ауруханада өткізеді. Осы уақыт ішінде оны бір ғана ой мазалайды. 13 жыл бойы мектепте алған білімі оны өмір қиындығына дайындай алды ма?
Ауруханадан шығып, үйінің есігін аша бергенде, жерде ес-түссіз жатқан анасын көреді. Ең жақын адамының дәрі-дәрмекті әдейі шамадан тыс ішкені оның жанына батады. Манағы сұрақ санасында қайта туындайды.
Сол сәттен бастап Риктің жадында мектеп ашу идеясы жаңғырады. Ол 30 жастағы 1000 адамның қатысуымен өткен сауалнамаға тап болады. «Жоғары сыныпта алған білімің өмірде қажет болды ма?» деген сұраққа 80 %-ы жоқ деп жауап берген. «Не нәрсені оқытқан дұрыс?» дегенде көбі «өзгемен тез тіл табысу, бір шаңырақ астында өмір сүруге, келешегі зор жұмыс таба алуға, жақсы ата-ана болуға, бала тәрбиесінің сырлары, қаражатты орынды жұмсау құпияларын үйретсе» деп жауап берген.
Идеясымен сауалнама нәтижесі дәл сәйкес келгеніне шабыттанған Рик оқуын тастап, жолға шығады. Әртүрлі мектептің 2000 оқушысынан «Болашақта қандай білім қажет болуы мүмкін?» деген сауалды сұрап шығады. Рик алған жауабына таңғалады. Себебі бай да, кедей де отбасынан шыққан, қаланың орталығында да, шет аймағында да орналасқан мектеп оқушыларының жауабы бірдей болады. Тізімнің көшін бастаған екі мәселе – жалғыздық пен сенімсіздік.
Рик 2 ай бойы көлігінде түнейді. Қаражаты аз болғандықтан күні бойы тамақтанбаған кездер де болады. Дегенмен «арманы» оған қуат береді. Ол еліне танымал психолог пен ұстаздардың тізімін алып, әрбіріне жолығады. Өзінің бағдарламасын жан-жақты түсіндіреді. Жартысынан көбі оған көмектесуге келіседі. Енді ол ойын жүзеге асыру үшін қаржы жағын қарастыра бастайды. Көлігін сатып, жақын достарынан 32000 доллар қарыз алады. Жетпейтінін түсінген соң, қайырымдылық қорларының тізімін алып, біріншісінің есігін қағады. Бірақ алғашқы талпынысы жеміссіз еді. Себебі ірі денелі, көзінде қара көзілдірігі бар ер адам Риктің беріле айтқан жоспарын үнсіз тыңдаған соң:
– Шырағым, мен бұл жерде 20 жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Біз сенікіндей 100 шақты білім жобасын қаржыландырдық. Соңында бәрі де жұмысын тоқтатты. Сенің де жобаң басталмай жатып, жабылады. Неге дейсің ғой? Себебі сен 20-дасың, тәжірибең жоқ, не дипломың, не ақшаң жоқ. Сенің қолыңда ештеңе жоқ!
Қордың ғимаратынан шыққан соң Рик өзіне уәде береді: «Қалай болса да, манағы адамға осы жобаны жүзеге асыру қолымнан келетінін дәлелдеймін».   
Осыдан кейін ол бағытын өзгертіп, жасөспірімдерге қолдау көрсететін қайырымдылық орталығын іздейді. Әрқайсысының алдына шабыттана барып, нәтижесінде еңсесі түсіп келеді. Тізім бойынша 155-інші қор жәрдемдесуден бас тартқан соң, Рикті қолдағандар да сенімсіздік таныта бастайды. Соның бірі Рикке көмектесу үшін басқа штаттағы жұмысын тастаған Кен Грин:
– Рик, осы ретте де саған келісім бермесе, мен жұмысыма қайта ораламын. Осы соңғы мүмкіндігің, – дейді.
Көптеген талпыныстың нәтижесінде ол 1930 жылы АҚШ-тың бас хатшысы негізін қалаған Келлог қайырымдылық қорының президенті Расс Мобимен кездесуге мүмкіндік алады. Екі аптадан кейін хабарласқан Расс Моби:
– Сіз біздің қордан 55000 доллар сұраған екенсіз. Өкінішке қарай, кеңес мүшелері қарсы болды.
Телефон тұтқасын екі қолымен ұстаған Риктің көзіне жас келеді. Осы уақытқа дейін арманына деген кіршіксіз сенімі, тынымсыз еңбегі зая кеткені ме?!
– 55 мыңның орнына, кеңес сізге 130 000 доллар беруді ұйғарды.
Рик енді расымен жылай бастайды. Бірақ қуаныштан. Көкірегін кернеген толқыныстан тіпті алғыс айтуға мұршасы болмайды.
Сол уақыттан бері Рик Литтл мектебі үшін 100 090 000 доллар қаражат жиналып, оның білім беру бағдарламасы АҚШ-тың 50 штатындағы 30000 мектепте қолдау тауып, әлемнің 32 елінде қолданысқа енеді. Бір уақытта 19 жастағы жігіттің қандай қиын болса да арманынан бас тартпағандығынан жыл сайын 3 миллион бала өмірлік маңызы бар білім алуда.
1989 жылы Рик ендігі ретте әлемде қолданылатын халықаралық бағдарлама жасап, оны енгізу үшін 65 000 000 доллар грант жеңіп алады. Бұл – АҚШ тарихында грант есебінде берілген ең қомақты қаржы.
Әсел БЕГМАН
20 қыркүйек 2018 ж. 271 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031