» » ТЕЛЕФОН БОЛЫП КЕТСЕМ ҒОЙ...

ТЕЛЕФОН БОЛЫП КЕТСЕМ ҒОЙ...

Qogam
    Ватсап желісі арқылы бір видео келіп түсті. Онда мұғалім оқушыларға "Менің арманым" тақырыбында эссе жазуды тапсырады. 45 минут аралығында мұғалім телефон арқылы хат алмасып отырады. Үйіне келеді, күйеуі футбол көреді. Баласы "әке шахмат ойнайықшы" дегенге "балам, өзің ойнай берші, уақыт жоқ", – деп жауап береді. Ал мұғалім анасы үйге берілген жұмысты тексереді. Сол сәтте көзіне жас алып, телефонды лақтырып жібереді. Тарсылды естіген отағасы бөлмеге келіп, мән-жайды сұрайды. Дәптерді күйеуінің қолына ұстатады: "Менің арманым, Алла тағала мені телефон қылып жіберсе екен. Мүмкін сол кезде ғана менің ата-анам маған көңіл аударар. Телефондарына қарағандай маған да қараса ғой. Мені де солай тыңдаса ғой, шіркін. Мен анамның еркелеткенін сағындым. Әкешімнің мойнына асылып ойнамағаныма көп болды. Анашымның экранды сипалаған алақаны менің бетімді қашан сипар екен. Иә, Алла, мені телефон қылып жіберші. Ата-анамның жылулығын сағындым". Бәрін оқыған жігіт кім жазғанын сұрайды. Сөйтсе ол өз ұлы екен. Сәл сәтте баласын шақырып, кешірім сұрайды. Құшақтап, бетінен сүйеді. Осылайша әке-ана мейріміне бөленеді.
Бұл видео маған қатты ұнады. Өйткені өмірді шынайы бейнелеген. Кез келген отбасында орын алатын жайды көрсеткен. Несін жасырамыз, ұялы телефон сізде де, бізде де бар. Оның ішіне үңілгеніміз сонша, бәрін ұмытамыз. Экранына жиі-жиі қорғайтын шыны жапсырамыз. Сыртына қаптама аламыз. Сосын "сынып қалмасын, құлап қалмасын" деп жанымыз шығады.
Жақында аялдамада тұрғанмын. Қасымдағы ана мен баланы көзім шалды. Ана қолында телефон, бала өзі ойнап жүр. Бірде құлап қалды, оны анасы тұрғызып алып жұдырықтады. Құламай ойнауға болмай ма? – дейді. "Телефонды тастап, балаға қараса болмас па?" деген ой келді.
Біз бәріміз жұмысбастымыз. Отағасы мен қосылып отанасы да қызмет етеді. Ал баланы балабақшаға береді. Одан қалды үйде құлыптап кетеді. Кешке "жұмыстан шаршап келдім, мазамды алмашы" дейді. Біз болашағымыз үшін тыраштанамыз. Бірақ бір нәрсені ұмытпайық, біз бала болашағы үшін өмір сүрудеміз. Сол үшін осы бастан баланы жақсы оқуға, ата-ананы құрметтеуге үйретіп, бойына адамгершілік қасиетті сіңіруге жұмыс істеуіміз керек. Ал бұлардың барлығына сіздің жұмысыныз да, телефоныныз да көмектеспейді. Бәлкім, менің пікіріме келіспессіз, бірақ әркімнің өзіндік пікірі бар екенін ескерген жөн.
Күніне телефонның экранын 100 рет сипайсыз, ол анық. Ал балаңыздың маңдайын қанша рет сипадыңыз? Бала ана махаббатына, әке мейіріміне зәру. Оны мөлдіреген көзінен аңғарасыз. Сіз де балаңыздың арманын сұрап көріңіз. Оның да "телефон болып кетсем ғой" деп армандауы ғажап емес...
Мөлдір САБЫРЖАН
20 қыркүйек 2018 ж. 90 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 50 (275)

13 желтоқсан 2018 ж.

№ 49 (274)

06 желтоқсан 2018 ж.

№ 48 (273)

29 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31