» » КҮНІНЕ БІР РЕТ «АМАНСЫҢ БА, АПА?» ДЕГЕН ЖЕТКІЛІКСІЗ

КҮНІНЕ БІР РЕТ «АМАНСЫҢ БА, АПА?» ДЕГЕН ЖЕТКІЛІКСІЗ

     – Бүгін тағы үйдің бәрін топырақ қылыпты, – деді ол ауыр күрсініп. Бір жағынан кәріліктің ешкімді аямайтынына ызаланады, бір жағынан іштей анасын аяйды.
Басын екі қолымен қапсыра ұстап, бір нүктеден көзін алмайды. Жалғыз ұлы оқуда. Жұбайы өмірден өткеніне біраз болды. Тіпті қазір оның даусы, күлкісі есінде жоқ. Себебі таңнан кешке дейін оқушымен алысып, кешке құжат толтырып, өзіне де, күйеуін де есіне алуға уақыты жоқ. Таң атса, кеш батып, зымыраған уақыт дөңгелегінің ішінде «атжалман» секілді айналып жүр. Баласының оқу ақысы да, 90-ға келген анасы да жалғыз өзінің мойнында.
– Кейде анамның атымды айтып шақырғанын сағынам. Қазір кім екенімді білмейді. Заттарды лақтырып, жерге су төккенді қойып, гүлдің топырағын шашуды шығарыпты. Аллаға шүкір, өзі жүреді, шайын қойып ішеді. Бірақ үйді шашып тастағаны есінде жоқ. Бір кезде еңсесін тік ұстап, бізді қабақпен басқаратын анамның уақыт өте осындай халге түскені жаныма батады. Бірақ не істерімді білмеймін, – деді ол жердегі топырақты уыстап, қоқысқа салып жатып.
Күн сәулесі сығалап, алақандай ғана жарық бөлмеде отырған анасына назар аудардым. Осыдан бірнеше жыл бұрын бас сұққанымда, батасын беріп, кімнің баласы екенімді танып отыр еді. Қазір терезеден көз алмай, бір орында тербеліп отыр. Бірақ уақыт пен кәрілік басым түссе де, ақ орамалына деген адалдығынан айыра алмапты. Арасында әжім мен тамыр торлаған қолдарымен ақ жаулығын түзеп қояды.
– Күндіз сыртынан құлыптап кетем. Үйді шашқаны, кейде тоқтаусыз жылайтыны жүйкемді жұқартса да, жүрегімде аяныш сезімі басым. Себебі соңғы отыз жылы осы екі бөлменің және үйдің алдындағы орындықта өтті. Күні бойы бізді күтеді. Біздің таусылмайтын «проблемадан» басымыз босамайды. «Жұмыс» деп шапқылай бермей, есі бар кезде «неге назар аударып, әңгімесін тыңдап, бірге жиі шай
ішпедім екен?» деп өкінемін. Болмаса оның да қасында қатарластары бар жер болғанда ғой деймін. Елестетші, қарияларға арналған орталық. Азанда апарып, кешке алып кете алатын болсақ. Ішінде арнайы дәрігерлер, үлкен кісілерге шай-тамақ дайындап беретін қыздар болса. Тіпті мектеп оқушылары кезектесіп қызмет етсе, бір оқпен екі қоянды атар едік. Жастарды үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелейміз. Жапонияда осындай тәжірибе бар деп естігенмін. Теледидардан көрген боларсың? Шетелде сары автобустан қарт кісілер бірге түсіп жатады. Олар көрме, театр, саябақтарға барады. Арнайы бағдарлама ұйымдастырылған. Тіпті лагерлер де бар.  Түсінші, оларға күніне бір рет «Амансың ба, апа?» деген сөз жеткіліксіз. Ол да достарымен таза ауада қыдырып, әңгіме айтып, уақытын қызықты өткізгісі келеді. Мүмкін сол кезде ауруына жиі мән бергенді қояр. Ойы бөлініп, әлі де қызықты өмір бар екенін түсінер.
Осы әңгімеден кейін «Қазақстанда мұндай орталық бар ма?» деген сұраққа жауап іздей бастадым. Бар екен. Батыс Қазақстанда және Алматыда. Мәселен, соның бірі – қарттарға арналған күндізгі «Асар» орталығы. Негізін қалаушы Сая Асанованың сөзінше, орталық жұмысы балабақшаға ұқсайды. Орталықта 4 мезгіл тамақ, түрлі үйірме, жатын бөлме мен қарттардың денсаулығын бақылайтын және жаттығу жасататын арнайы дәрігерлер бар.
– Мұндай орталық ашуға жеке басымдағы жағдай ықпал етті. Әжеме Альцгеймер диагнозын қойғаннан кейін оған қарау қиындай түсті. Күтуші де іздеп көрдік. Бірақ көңілімізден шықпады. Сол кезде Еуропада оқитын сіңілім «неге үлкендерге арналған орталық ашпасқа?» деген ой тастады. Содан 2016 жылы ғимаратты жалға алып, жұмысымызды бастап кеттік. Бастапқыда көбісі түсінбеді. Қарттар үйі деп ойлады. Бірақ баланы балабақшаға апарған адамға қолымызды шошайтып, «балалар үйіне өткізіп жіберді» немесе «баласына көңіл бөлуден шаршап кеткен» деп айтпаймыз ғой. Атын «Асар» деп, отбасыға және жалғызсыраған қартқа көмектесейік деген ниетпен ғана аштық. Себебі қарт кісіге қарайтындардың 70-75%-ында уақыт өте психологиялық, психикалық дерттер көбейеді. Меніңше, осы мәселенің алдын-алудың жолы әзірге осы, – дейді С.Асанова.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» қорының директоры Гүлшара Урмурзинаның айтуынша, мемлекетте мұндай орталықтарды тегін ашу керек. Себебі қарт адам дәріге қарағанда адамдармен қарым-қатынасқа зәру.
– Ақылы орталықты көбінің қалтасы көтере бермейді. Бұрын мұндай орталық ардагерлер емханасында тегін жұмыс істейтін. Ол жерде спорт зал, шахмат бөлмесі бар еді. Қариялар ән айту, өлең оқу сынды шығармашылық кештерін ұйымдастыратын. Ұмыт қалған үрдісті қайта жаңғыртса ғой, – дейді ол.
Әсел БЕГМАН
27 қыркүйек 2018 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 50 (275)

13 желтоқсан 2018 ж.

№ 49 (274)

06 желтоқсан 2018 ж.

№ 48 (273)

29 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31