» » 40 пайыз қазақ

40 пайыз қазақ

  ХХ ғасыр қазақ халқының санасында қанды кезеңдер мен тар жол тайғақ кешумен есте қалды. Соның бірі және ең айтулысы өткен ғасырдың бірінші жартысында болған қуғын-сүргін еді. Сонау зұлмат жылдар мен саяси репрессияның нәтижесінде Қазақстан халқы үлкен шығынға ұшырады.
Міне, ертең сол қазаққа қасірет әкелген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің 1996 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлығымен 1997 жыл Республикамызда ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланып, сол кезеңнен бастап аталып өтіліп келеді.
Халықтың ертеңін ойлаған ұлт қайраткерлерінен қорыққан тоталитарлық билік өкілдері келер қауіптің алдын алуға барын салды. Елдің ішінен суырылып шыққан ұлт зиялыларын түбірімен жоюға бағытталған бұл кезең 1925 жылы қыркүйекте Қазақстандағы басшылық қызметке Ф.Голощекин келген соң мүлдем ушығып кетті. Ол елде «Кіші қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанып, ұлттың зиялыларын жаппай қуғындады. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдан яғни Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан бастау алды. Барлығына «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Осылайша ұлттық автономия құру идеясын қолдағандардың бәрінің үсінен қылмыстық іс қозғалды. Түрмеге отырды. Атылды. Жазасы жеңіл жер аударылды. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат пен ғылымда жүрген қайраткерлер де болды. Сонымен қатар түрлі саяси желеумен олардың жақындары лагерлерге айдалып, үлкен зардап шекті. Голощекин осылайша барлығын ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстады. Сол кезеңде қазақ жерінде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Яғни 1930-1953 жылдары қазақтың 40 пайызы қаза тапқан. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халқы және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылған. Сонау тарихи кезеңге байланысты ғалымдардың бірнеше пікірін топтастыруды жөн көрдік.  
– Бүгінде сонау зобалаң жылдарға, ұлт-азаттық көтеріліске жаңаша баға берілді деп айта алмаймыз. Бұл тақырып, шынын айтқанда, жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Керісінше, Кеңестік жүйе тұсында өндіріле зерттелді. Ал енді, тәуелсіздік алғаннан кейін, бұл тақырыпқа деген қызығушылық жоғары болмады. Сондықтан да, бұл мәселе толық зерттелмей жатыр. Өйткені, 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін, бұрын жабық болған, тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, зерттеу нысаны ретінде алға шықты. Мысал үшін, коллективтендіру кездеріндегі көтерілістер, 1929-31 жылдары болған, «Абыралы», «Созақ», «Адай», «Шұбартау», т.б. көптеген көтерілстерге жаңаша көзқараспен тарихи баға берілуі керек болды. Одан кейін, 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісі үлкен мәселе болды. Осыдан кейін, Алашордаға байланысты, Алашорданың осы көтерілістерге қатысы зерттеу нысаны ретінде алға шығып кетті. Тарих ғылымы қазір сонымен әлек... 1916 жылғы көтерілістің өзі онша өзекті тақырып болмай тасада қалып отыр. Ендеше, қырылып қалған қазақ халқының жоғын кім жоқтайды?
Талас Омарбеков, ғалым:
– Алаш қайраткерлері түгелдей дерлік репрессияға алынып, ал оның тарихы идеологиялық аппарат тарапынан неге бұрмалауға ұшырады деген сауал мазалайды көпшілігімізді. Бұл сауалға жауапты империяның геосаяси жағдайынан іздеген жөн. Ә. Бөкейхан бастаған антиимпериалистік, отарлық тәуелділікке қарсы саяси топ ұлт өміріне қатысты бір мәселені дәл де тура түсінді. Яғни ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртып, қалпына келтірмей – ұлттың тұтастығы мен бірегейлігін, болашағын сақтау мүмкін есем екендігін. Олардың бұл әрекетін байқаған патшалық билік ұлт зиялыларын сепаратистер ретінде қудалауға алды. Өкінішке қарай, патшалық биліктің бұл әрекетін советтік билік те жалғастырып, ұлт-азаттық қозғалысты біржолата тұншықтырды. Жалпы елдегі осынау аласапыран жағдайда қазақ қоғамының кешкен күйін басқа бірде бір ел кешкен жоқ. Олар елдің ертеңі жанын пида етті. Тарих ақиқаты Алашорда үкіметін осы тұрғыдан қабылдауды талап етеді.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарихшы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
̶  Арада бір ғасыр өтті. Тәуелсіздік алып, егемен елдің іргетасы қаланды. Ештеңе зая кеткен жоқ. Біз бұл биікке сол қаһарман жандардың арқасында жеттік. Ұлт үшін құрбан болған қайраткерлердің төгілген қаны халықтың мәңгі жадында сақталары сөзсіз. Тек енді осы елдікті бағалай білу парыз.
Ақтілек БІТІМБАЙ
30 мамыр 2019 ж. 337 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031