» » ЕРІКТІ БОЛУ ЕЛ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕЙДІ

ЕРІКТІ БОЛУ ЕЛ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕЙДІ

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ, облыстық еріктілер штабының мүшесі:


 Осы аптада волонтерлер жылына орай Сыр жастарының басын біріктірген еріктілер штабы құрылды. Ольга Чебакова жетекшісі болып сайланған штаб жыл бойына ешқандай қаржысыз жеті  бағыт бойынша еріктілік қызметін атқарады.Облыстық еріктілер штабының алдағы жоспарында бірнеше жаңа бастама бар. Біріншіден, штабта мүмкіндігі шектеулі азаматтардан құралған топ қызмет атқарады. Екіншіден, төтенше жағдайлар бойынша да волонтерлер дайындау қолға алынады. Осы орайда «Qaz Volunteer» республикалық жобасының еріктісі, облыстық еріктілер штабының мүшесі, «Харекет» қорының белсенді өкілі, студент Шернияз Жалғасбекұлы бізге ерікті болудың ерекшелігін әңгімелеп берді.



Еріктінің байырғы нұсқасы ‒ «Асар»

‒ Кез келген халықтың сөз қолданысы оның тұрмысымен, мәдениетімен біте қалыптасады. Осы тұста волонтер сөзін қазақтың керемет бір ғұрпымен байланыстырар едім. Қонақжай халықтың «Асар» деген  атадан балаға жалғасқан дәстүрі бар. Бұрынғы қазақ игі іс жасаушының бүгінде ерікті аталатынынан бейхабар болса да, біз волентердің басты фунциясы деп жүрген мұқтажға болысу, қоғам кетіктерін жамау, қайырымдылық сынды жақсылықты көпке жария қылмай-ақ жасады. Қазақтағы ерікті көмектің көрінісін бір ғана асардан көруге болады. «Асарлатайық», «Асарға шақырайық» дейді үлкендер. Оны естіген еңкейген қарт, еңбектеген бала асардан аянып қалмайды. Осыдан кейін еріктілік қазаққа әке қаны, ана сүтімен сіңген қасиет десек артық болмас еді.

Ел ықыласын Арыста сезіндік


‒  Бүгін сіздерге ерікті бола жүріп, үлкен ой түйген келесі оқиғаларды айтып берейін. Бәріне мәлім, былтыр Арыс қаласында қайғылы оқиға орын алды. Сол кезде  Jas Otan ЖҚ-ның еріктілері болып тұрғындарға  көмек көрсетуге бардық. Елдің атымтай азаматтары жинап берген жылуды (азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар) алып, бірнеше көлікпен жолға шықтық. Шымкент қаласына жетіп,  бағдаршамда тұрсақ, көрші көліктегі жігіттер бізге бас бармағын жоғары көрсетіп, басын изеп, әлденені айтып жатыр. Біз алғашында не болғанын түсінбедік. Бағдаршамнан өткен соң жол жиегіне тоқтап, бейтаныс адамдардан жағдайды сұрадық. Көлігіміздің маңдайшасына ілінген «Арысқа көмек» деген жазуды көрген олар бізге ризашылығын білдіріп жатыр екен.  Халықтың алғысын сол сәтте шынымен сезіндік. Тіпті жолда кездескен кей көлік жүргізушілері бізге жол берді. Әрине біз мұндай құрмет көрсететіндей жоғары қызметтегі адам емеспіз. Бірақ халық алыстағы ағайынның арыстықтарға деген көңілін, ыстық ықыласын алып келе жатқан еңбегімізді осылай  бағалады.

Еріктілердің тағы бір еңбегі


‒ «Харекет» атты республикалық қайырымдылық қорының облыстағы өкілі Азаматпен бірнеше айдың көлемінде таныспын. Жақында сол досым хабарласып: «Шернияз, жағдайы қиын жалғызбасты, көп балалы ана бар, сол туралы бір бейнеролик дайындап, халықты көмек қолын созуға шақырайық» деді. Мен бірден келісіп, іске көштік.  Шынымды айтсам, жұбайы қайтыс болған апаның жағдайын көріп жүрегім ауырды. Жеті баланы бір өзі бағып отыр екен. Кішкентайларын көрсеңіз ғой, бәрі ақылды, тәрбиелі. Әдетте қай ортада да сөз табатын әдетімнен жаңылып, сол жолы не дерімді білмедім. Әр сөз сайын «Апа, енді қоныс тойға келейік. Бәрі жақсы болады, уайым қылмаңыз» дей бергенім әлі есімде. Көп ұзамай көп балалы ана жайлы бейнежазбаны «Харекет» қорының парақшасына салдық, оны танымал әншілер көпшілікке таратты. Осыдан  екі күн бұрын Азамат: «Шернияз, сүйінші! Жалғызбасты анаға қорымыздың атынан үй берілетін болды. Республикалық басшылар солай ұйғарыпты» деп хабарласты. Сол сәт қалай қуанғанымды сізге айтып жеткізе алмаймын, көзімнен еріксіз жас ағылды. Қуаныштың көз жасы да ерекше болады екен, өзіме біреу үй сыйласа дәл осылай шаттанбайтын  шығармын. Алла қаласа, осы аптада көп балалы анаға үйдің кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз. Бұл қуанышта қайырымды жандар мен ерікті жастардың еңбегі еді.


Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды


‒ Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезіміз. Сол кезде Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде «Алашорда» дебат клубы құрылды. Құрамында жиырмадан аса дебатер бар. Бір күні клуб мүшелері қайырымдылық турнирін ұйымдастыруды жоспарладық. Қатысқан әрбір фракциядан жарнапұл алып, жиылған қаражатты ауыр науқасты сәбидің еміне  беретін болдық.  Фракцияларды көптеп қатыстыру үшін сыйлық қоры мардымды, қызығарлықтай болу керек екен. Жағдайды мектеп басшылығына айтып көрдік, жауапты орталықтарға да жүгіндік, алайда одан ештеңе өне қоймады. «Енді қайттік?» деп ойланып жүргенде Құдай оңдап бір жолы табыла кетті. Оқушы болсақ та қаладағы ауқымды орталық  «Арай аква паркіне» барып, жағдайды түсіндіріп, көмек алдық. Сол кезде қатысушылардың жүлдесіне суға түсуге тегін жолдама тіктік. Қыздар үйлерінен түрлі тәттілер әкеліп,  жәрмеңке жасады. Қазір нақты есімде жоқ, бірақ турнирден қырық мың көлемінде қаржы жиналды. Финал ойындарынан кейін бүлдіршіннің әжесіне қаржыны табыстадық. Сондағы ақша кішкентай балақайдың бір дәрісіне де жетпейді, алайда сіз ол әженің бізге қалай рақмет айтқанын көрсеңіз ғой. Ақ жүрекпен қайта-қайта алғысын жаудырып, батасын берді. Сол кезде жақсылықтың үлкен-кішісі болмайтынын анық түсіндім.



Еріктілерді кеңінен насихаттаса, қатарымыз көбейер еді


      ‒ Еріктілер жылында жеке басыма мемлекеттен ешнәрсе сұрамаймын. Бірақ маған еріктілерді насихаттау жағы кемшін тәрізді көрінеді. Мен оларды мадақтап, ұлықтау туралы айтып отырған жоқпын. Жай ғана ұйымдастырылған жұмысты бұқара тарапынан кеңінен таратсақ қатарымыз көбейер еді. Жанымызда бірге жүріп, көмектеспесе де, қаржылай, заттай, басқа да қызмет түрімен қолғабыс ететін адамдарға ой салар едік. Екіншіден, қоғамда еріктілерді  тек студенттер, жастар  деп ғана түсінетін адамдар бар. Алайда қызметімен қатар, қоғамдық еріктілікті қатар алып жүрген жандар жетерлік. Сол адамдарды кеңінен насихаттасақ, осы қасаң ойды өзгертер едік. Осылайша үлкен буынмен белсенді еріктілер қатары толығар еді. Қорыта айтқанда, еріктілерге  ақпарат жағынан қолдау қажет, себебі еріктілер сауапты жұмысын жариялағысы келмейді.
Гүлдана ЖҰМАДИН
16 қаңтар 2020 ж. 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

03-332

23 қаңтар 2020 ж.

02-331

16 қаңтар 2020 ж.

01-330

09 қаңтар 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031