» » "Ата-анамның сөйлемейтінін төрт жасымда білдім"

"Ата-анамның сөйлемейтінін төрт жасымда білдім"

   «8 наурызда аппақ қағазға гүлдің суретін салып, «Анашым, мерекеңізбен!» деп жазып беремін дейді 3-сыныпта оқитын Жақсылық. Себебі Жақсылықтың анасы Гүлшахар Исмагулова не естімейді, не сөйлемейді, III топ мүгедегі. Жолдасы Асхат Ахметов те тағдырласы. Бір-бірімен тек ым арқылы сөйлеседі. Екеуі де арнайы мектеп интернатта орта білім алған. Біз осы отбасының  жағдайын біліп қайтқан едік.
Көп балалы ана Гүлшахар – жұмыссыз. Тек жолдасы Асхат қана түрлі жұмыс істеп балалардың нан, суын тауып әкеледі. Асхаттың қолынан келмейтіні жоқ. Ағаш шебері. Гүлшахар да балалар үшін жұмыс істеуге әзір. Тілі жоқ болса да, тіршілікпен осылай тілдескен жандар төрт ұл тәрбиелеп отыр. Балалары әдепті, еңбекқор болып өсіп келеді.                             Тұңғышы Ерхан бүгінде 9 сынып оқиды. Домбырада ән шырқайды.
                                           Музыкалық колледжге түсуді армандайды.                                         Әділхан мен Жақсылық сабақтарын дайындауда
Ал Әділхан 7-сыныпта оқып жүр. Ағаштан түрлі бұйымдар жасағанды ұнатады. Ал ортаншы ұл Жақсылық 3-сыныпта білім алуда. Кішкентайы Ернар «Ақжамал ана» балабақшасының тәрбиеленушісі. Біз үйіне барғанда анасымен тілдесуге бізге Жақсылық көмектесті. Үлкен ұлдарының барлығы ата-анасымен сөйлесу әріптерін үйренген.                                         Әділхан анасына тілшілердің сұрақтарын аударып тұр.
Жақсылық болашақта сурдоаудармашы болып мүгедек жандарға көмектескісі келеді. «Ата-анамның сөйлемейтінін алғаш төрт жасымда білдім. «Анашым» деп қарата алмағанда, үлкен ағам олардың естімейтінін, ымдап айту керегін түсіндірді. Әкем де, анам да менің сабақты жақсы оқығанымды қалайды. Сондықтан қолымнан келгенше тырысып жүрмін», − дейді Жақсылық.
         Гүлшахар бұған дейін үй жинау, еден жуушы секілді түрлі жұмысты істеді. Жұмыс берушілер тұрақты жұмыс ұсынса, еңбек етуге әзір. Алайда сөйлей алмауы, естімеуі де жұмысқа тұруына кедергі. Батыр ананың тұрмыстық жағдайы мәз емес. Шанхай мөлтек ауданында екі бөлмелі сарайды уақытша паналап тұруда. Ғимарат жылы демесеңіз, балалардың сабақ оқып, еркін өсуіне жағдай жоқ. Балалар аядай жерге сыймай жатыр.                                            Кенже ұлы Ернардың балабақшадан келген сәті
         Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ресми сайтындағы  мәлімет бойынша,облыста 30100 мүгедек бар. Олардың 11300-і III топта. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы мүгедектер әлеуметтік жұмысқа,  қоғамдық жұмысқа жіберіледі. Құжаттарына көмектесу үшін мекемеден арнайы сурдоаудармашы да бөлінген. Біз Гүлшахармен тілдесіп отырғанда сурдоаудармашы Гүлсім Рысқұлова келді. «Сұраған көмектеріне қол жеткізу үшін аударма жасап жүрмін. Емханадан тексеруден өтуге көмектестік. Қандай мекемеден құжат алу керек болса да аударма жасап, қасында болып көмектесемін», − дейді Гүлсім.  
Алайда біздің Гүлшахармен әңгіме барысында түйгеніміз, көп ақпараттан хабары жоқ. Басқа аналар асығып құжат өткізіп жүрген атаулы әлеуметтік көмек туралы да мүлдем білмейтін болып шықты. Ал қала әкімдігіне баспанаға мұқтаж жандар тізіміне мүлде тұрмаған.
«III топ мүгедектерін үй кезегіне қоймайды. Ал көп балалы ана ретінде үй кезегіне тұрмадым. Себебі тегін үй береді дегенге сенбеймін. Кезегін ұзақ күтетініміз тағы бар. Әрине жайлы баспанамыз болса, балалар мұқтаждық көрмей өссе деп армандаймыз», − дейді ГүлшахарИсмагулова.
Мұрат Жұмаділдаев, «Жігер» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы, II топтық мүгедегі:
Жұмыссыздық. Мемлекет тарапынан бұл мәселені қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс арқылы шешуге тырысуда. Мүгедектердің ғимараттарға кіріп-шығуының өзі қиындық тудырады. Біз бұл мәселені жергілікті басқарушы органға жеткіздік. Қызылорда қаласының әкімі назар аударып, қаулы шығарып қаладағы мекемелерге мүгедектерді жұмысқа алуға тапсырма берді. Алғаш болып тұрақты жұмысқа тұрып жатқандар бар. Ақпаратты білмеуінен болар, жұмысқа талпынбайтыны. Есту қабілеті жоқ жандар еңбекке жарамды. Сондықтан кәсіпкерлер палатасының қайтарымсыз гранттарына қатысуы керек. Қазір көптеген мекемелерде бос жұмыс орны жоқ. Сондықтан жаңа жұмыс орындары керек. Мемлекеттік кәсіпорындарға мүкедектерді тұрақты әлеуметтік жұмысқа алуы үшін арнайы қаржы бөлуі керек.

Гүлшахар мен Асхат балалар өсіп келе жатқандықтан жер алып, баспана салғылары келеді. Алайда бір зейнетақы мен жәрдемақыға қарап отырған шаңырақ иелеріне қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Әділхан мен Жақсылық ала жаздай далада ойнап жүреді. Балалар лагерьге мүлде барып көрмеген. Президент шыршасы, қала әкімінің балаларға арналған шыршасы туралы бала түгілі ата-анасы бейхабар.
 Қаламызда мүгедектердің сала мамандарымен кездесуін ұйымдастырып, олардың ақпараттық-сауаттылығын арттыру қажет. «Мүгедек жандарға жәрдемдесеміз» деп осал топтарға арналған әлеуметтік жобалар әзірлеп, мемлекеттен қомақты қаржы алатын үкіметтік емес ұйым көп. Алайда нәтижесі көрінбейді. Жоба үйлестірушілер мен олардың жұмысын қабылдайтын тапсырыс берушілер «для галочки» жұмыс жасай ма? Кейіпкерімізге мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, тиісті көмектерге қол жеткізуіне жәрдем керек. Мүмкіндігі шектеулі екен деп қоғамнан тыс қалдырмасақ екен.
Гүлбану МАҚАЖАН
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай
27 ақпан 2020 ж. 2 473 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930