» » АЙНАЛАҢДЫ ЕСТІМЕГЕН ДЕ ЖАҚСЫ

АЙНАЛАҢДЫ ЕСТІМЕГЕН ДЕ ЖАҚСЫ

   Біржан жайлы «Время», «Вечерний Алматы» басылымында бірнеше мақала жарық көрсе де, қазақ газеттері  дарынды ұл туралы әлі қалам тербей қоймапты. Спорттың барлық түрінен додаға түсіп, алдына қара салмаған ұлды анасы Сәуле айтпағанда біз де білмеуші едік. Бала күнінде тиген суықтың әсерінен дертке шалдықса да, талай биікті еңсеріп үлгерген ұл туралы кеңінен білмекке Әбдірашитовтер шаңырағына арнайы бардық.  


Әкесі оны «саққұлақ» дейтін

  Біржан ‒ шаңырағымызда дүниеге келген бес ұлдың ортаншысы,үшінші баламыз, ‒ деп Сәуле апай баппен сөз бастады. ‒ 1993 жылы қаңтар айында дүниеге келген. Есімін мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің өзі «Арқаның атақты Біржан салы бар, осы бала Сырдың Біржан салына айналсын» деген ниетпен қойған еді. Содан болар Біржан бала күнінен домбыраға үйір болды, кейде айқайлап өлең айтып та отыратын, әрі  сырт еткен дыбысқа елегізіп, оянып кете беретін әдеті бар еді. Әкесі осы қылығына қарап, «менің балам саққұлақ қой» деп күлетін.  Тоғыз айлығына дейін Біржан үлкен ұлдарым сияқты қалыпты өсті, бірақ бір жасқа жетпей біз оны ауыртып алдық. Сол жылы Алматы қаласына сапарлатып барған едік, қайтар жолда суық тиген болу керек, қалаға келген соң дәрігерлер минингит деген диагнозбен ауруханаға жатқызды. 1993 жылғы қыс қатты болды ғой, қар қалың жауған, содан балаға суық өтіпті. Бір жастан асқанша емханада емделді, бірақ кейін алғашқы диагнозына бронхит (демікпе) қосылды. Бір жастан үш ай асқанда барып аурудың әсерінен баланың құлағы естімей қалғанын білдік. Шипа іздеп апармаған, қаратпаған жеріміз жоқ, бірақ ешқайсысынан дауа болмады.

Интернат сөйлеуді, жазуды үйретті

    Жеті жасқа келгенде Біржанды Алматыдағы арнайы мектеп-интернатқа оқуға бердік. Ол кезде Қызылордада есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп болған жоқ. Алматыдағы мектеп орыс тілді екенін білсек те, «қай тілде болса да сөйлеп шықса екен» деген тілегіміз бәрінен алда тұрды. Себебі Біржан балабақшада жүріп бір-екі сөз айтқаны болмаса, күнделікті сөйлемейтін. Бала естімегеннен кейін сөйлемей де қалатынын кейін білдік. Бірінші сыныпқа барған сәттен бастап балам сабақты жақсы оқыды, солай мектепті үздік бітірді. Жаздың күні демалысқа келерде ұстаздары жүз есеп, Пушкин, Лермонтов, Толстой сынды орыс жазушыларының шығармасынан он мазмұндама жазып келуді  тапсырады екен. Біржан қалаға келген соң кітапханаға барып, сол тапсырманың бәрін мұхият орындап қайтатын. Интернаттың режиміне әбден дағдыланған, таңертең ерте тұрып, уақытылы ұйықтайды, денсаулығын күтіп, саламатты өмір салтын ұстануды да сол жақтан үйренді. Мектепте жүріп аппарат көмегімен әрі ыммен сөйлеуге, жазуға машықтанды. Алғыр болған соң мектепте ұйымдастырылған барлық шарадан қалыс қалмай көзге түсіп жүрді.  Біржаным 5 сыныпқа көшкенде Қызылордада арнайы мектеп ашылғанын білдік. Баламды соған ауыстырғымыз келгенде «бірінші сыныптан бастап қайтадан оқиды» деген талабын естіп бұл шешімнен бас тарттық.

Жан дауысы


   Мектеп бітірген соң Алматы политехникалық колледжіне оқуға түсіп, оны да қызыл дипломмен бітіріп шықты. Мамандығы қазіргі заманда жоғары сұранысқа ие инженер-техник еді.  Қазір дені сау адамның өзіне жұмысқа орналасу қиын ғой, Біржанға сол арада жұмыс табылмай бір жылдай үйде болды. Бірақ өзі спортпен тұрақты түрде айналысатын, бадминтон, атқа міну, шаңғы, футбол, жүзуден алдына қара салмайды. Сол уақытта тренері  «спорт академиясына оқуға тапсырып бағыңды сына, мүмкін жаттықтырушы боларсың» деп ақыл қосыпты. Осылайша Біржан академияның  оқу грантын иеленді, биыл соңғы курста білім алып жүр. Болашақта жүзуден тренер болып, жұмыс табылып жатса өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі, кішкентай балаларды тәрбиелесем дейді.
 Осы арада айта кетейін, Біржанның бадминтоннан республика бойынша чемпион атағы бар, ал жүзуден жақында ғана Ақтөбе қаласында өткен республикалық байқауда ІІ, ІІІ орын алды, бірақ ол жетістігіне өзі қанағаттанбай жүр. Қалаға келгенде Еуразия спорт кешенінде жүзуге қатысатыны бар. Негізі Қызылордада қалғысы келген, бірақ мұнда араласатын ортасы болмады. Колледжде, академияда бірге оқыған достары, таныстары бәрі Алматыда ғой, сосын да бізге сирек келеді. 
        Балам осыдан екі жыл бұрын Анель есімді аралдық қызбен өз алдына шаңырақ көтерді. Келінім екеуі жарысқа барғанда танысқан екен. Анельдің де өмірі балама ұқсас, кішкентай күнінде есту қабілетінен айырылыпты.
        Негізі ұлдарымның қай-қайсысы да өнерге жақын. Үлкен балам фортепиано, домбыра, гитара дейсің бе, бәрінде ойнай алады. Біржан да солай, есту қабілеті төмен адамдарға өлеңді қимылмен түсіндіреді. Сол өнерімен балам «Жан дауысы» атты Испанияда өткен байқауға қатысып, І орын алып келді. Одан кейін Францияға барып өнер көрсетті. Алматыдағы есту қабілеті төмен жандарға арналған қоғамдық қордағы Жанар есімді оқытушысы бірнеше  әнді үйреткен. Қазақша «Қара жорға» сынды билерді де жетік біледі.

Табиғаты ерекше бала

      Өзге ұлдарым университетте ақылы оқыды да, Біржаным ғана оқу грантында білім алды. Кейде үйдегі балаларыма кейігенде Біржаннан үлгі алсаңдаршы деп жиі айтып отырамын.
Бір жарым  жасынан бастап мүгедектігі бойынша төлемақы ала бастады. Әлі күнге дейін менен бірнәрсе талап етіп, салмақ түсірген емес. Келінім екеуі былтыр қаржы жинап, пәтер, көлік те сатып алды. Өзі өте бауырмал, туыстарын жиі іздеп тұрады, ағайындармен де жақсы араласады. Табиғаты ерекше бала болған соң жан-жағына көмектескісі келіп тұрады. Кейде маған «мама, менің естімегенім де жақсы ғой, қазір айналамызда жаман хабар көп. Соның бәрінен бейхабар болып, жанымды таза ұстағаным пайдалы» деп жұбатып қояды, ‒ деп Сәуле апай әңгімесін аяқтады. Ал біз қазақтың барлық баласы Біржандай талапты болса екен деген тілекпен, дарынды ұлдың суретіне үнсіз назар салдық...
Гүлдана ЖҰМАДИН
05 наурыз 2020 ж. 116 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930