» » «ЕРКІНДІК» ҚАЛАСЫНДА ЕРЕКШЕЛІК КӨП

«ЕРКІНДІК» ҚАЛАСЫНДА ЕРЕКШЕЛІК КӨП

 
Гүлдана МҰРАТҚЫЗЫ, Лодзь университетінің студенті:

    Гүлдана Мұратқызы ‒ талай талантты дүниеге әкелген  Арал өңірінің тумасы. Сол жердегі №220 мектепте білім алған бойжеткен қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да ағылшын және қытай тілі мамандығы бойынша ІІІ курста оқиды. Университет қабырғасында жүріп академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польшада оқуға мүмкіндік алған Гүлданамен осы аптада Salem айдарында жолығып, емен-жарқын әңгімелестік.

Еуропа тынысын сезінгім келді

  ‒ Польшаға сапар ‒ менің  шекара асудағы алғашқы қадамым. Сондықтан қаладан  жаңа бір дүние көрген сайын таңқалып жүргенімді жасырмаймын, ‒ деп бастады Гүлдана әңгімесін. ‒ Жыл сайын Қорқыт ата университеті академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелде білім алуға конкурс жариялайды. Бұл конкурс барысында студенттер қажетті құжаттармен қоса  IELTS сертификатын ұсынады немесе университет тарапынан ұйымдастырылатын тестке қатысып, жоғары нәтиже көрсетуі қажет. Менде IELTS сертификаты болған соң, тестке қатысу маңызды болмады. Сондықтан шетелде білім алғысы келетін жастардың ағылшын тілін меңгеруі басты талаптың бірі деп есептеймін.
      Негізі Польша мемлекетін таңдау арқылы Еуропа елдерінің тынысын сезінгім келді, әрі менен бұрын академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып келген студенттер білім беру саласының сапалы тұстары басым екеніне сенім білдірді. Расында бұл жақтағы оқыту жүйесі Қазақстаннан әлдеқайда басқаша. Мұндағы  профессорлардың сабақ  беру әдісі өзгеше, сондай-ақ студенттердің аудиторияда өзін еркін ұстауына барлық жағдай қарастырылған. Тағы бір назар аударарлық тұсы, университет ғимараты модерн стилінде салынған. Кітапхана мен асхана, демалыс орындарын да қаланың кез келген жерінен кезіктіруге болады. Сонымен қатар студенттердің сабақ кестесін өз еркімен таңдай алуы маған ерекше ұнады, яғни мұнда кез келген факультет бойынша сабаққа қатысуға толық мүмкіндік бар. Бұл функция студенттің жан жақты болуына септігін тигізері сөзсіз.
   
Тәжірибе үшін бәріне дайынмын

   ‒ Өзім оқып жатқан Лодзь қаласын бір сөзбен «еркіндік қаласы» деп суреттей аламын. Қала көшелерінде  стрит-арт өнері қарқынды дамыған, соған қарап-ақ қоғам тынысын бірден сезінуге болады. Себебі, шаһардағы өзекті мәселелер мен кейбір елеулі оқиғалар ғимарат қабырғаларына сурет арқылы бейнеленген. Сонымен қатар трамвай мен автобустағы билет алу жүйесі электронды нұсқаға ауысқан, яғни жаяу жүргіншілер кондуктор көмегін қажет етпейді.
    Бастапқыда жаңа ел, бейтаныс орта, өзгеше мәдениет арасында адаптация жасау оңайға соқпады. Бірақ өмір сонысымен қызық емес пе? Тәжірибе жинақтау қажет болса, мен барлығына да дайынмын. Польшадағы сапарым маңызды естеліктерге толы болатыны сөзсіз, себебі мұнда күнделікті жаңа дүниелерді эмоциямен сезініп жүрмін (күліп).
       Осы орайда айта кетейін, Польшада қызылордалық жастармен қатар Шымкент,Тараз, Петропавл қаласынан келген студенттер бар. ХХІ ғасыр әлеуметтік желінің заманы ғой, бастапқыда бір-бірімізді Whatsapp желісі арқылы тауып аралассақ, қазір жиі кездесулер ұйымдастырып тұрамыз.
     Жалпы екі елдің айырмашылығы жер мен көктей деп айта аламын. Қазақстанда дамыған дүниелер Польшада кездеспейді, керісінше Польшада қолданысқа енген жаңалықты біздің елден таппайсыз. Егер еліміздегі білім  беру жүйесі Польшадағыдай болса көп нәрсе өзгеретініне сенімдімін. Алдағы уақытта университеттің үздік түлегі атанып, шетелде магистратура бөлімін жалғастырғым келеді. Сондай-ақ, шетел тілінің кәсіби маманы атанып,қазақ жастарының шекара асып, тәжірибе жинақтауына көмектескім келеді. Сол үшін замандастарыма армандаңыздар, сеніңіздер және қиындықтан қорықпаңыздар деп айтқым келеді, ‒ дейді кейіпкеріміз Гүлдана.

Гүлдана ЖҰМАДИН
16 наурыз 2020 ж. 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

11-340

19 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930