» » ЖЕКЕ ӨМІРДЕ ДЕ ЗАҢ БҰЗБАУҒА ДАҒДЫЛАНҒАНБЫЗ

ЖЕКЕ ӨМІРДЕ ДЕ ЗАҢ БҰЗБАУҒА ДАҒДЫЛАНҒАНБЫЗ

23 maýsym  ‒ Polısıa qyzmetkerleri kúni
 Айдос ҚУАНТҚАН,  қалалық Полиция басқармасының анықтау бөлімінің  анықтаушысы:
 
ЖЕКЕ ӨМІРДЕ ДЕ ЗАҢ БҰЗБАУҒА ДАҒДЫЛАНҒАНБЫЗ

      Олар қоғамдық тәртіптің қатаң сақталуын қадағалайды, қылмыстық оқиғаның ақ-қарасын анықтап, көмекке жүгінген тұрғындарға адал қызмет көрсетуге тырысады. Қалалық Полиция басқармасының анықтау бөлімінің  анықтаушысы Айдос Қуантқанмен тілдескенде осы сөзімізге тағы бір мәрте көзіміз жетті.
Бұл сала әлсіздікті көтермейді

  ‒ Бала күннен полиция қызметкері болуды армандаған соң, алдымен ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетуге, сосын М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға тапсыруға үздіксіз дайындалдым. Жас жауынгерлер курсынан қиындықсыз өту үшін Алматы қаласына аттанып, таулы аймақта бір ай бойы жүргізілген дайындыққа қатыстым. Дайындық нәтижесінде 400-ге жуық үміткердің арасынан екі жүзі ғана академияға іріктеліп алынды. Ол жерде сенің беделіңе, туыс-таныстыққа мән бермейді, қатаң тәртіпке бағынған барлық адам сынақтан өз күшімен өтеді. Бұл сала әлсіздікті көтермейді, сондықтан  аяушылық танытады екен деп ойлау бекер дүние. Өз басым психологиялық, материалдық тұрғыдан алдын ала дайындалған соң, бұл кезеңнің ауыртпалығы аса қатты байқалмады. Академияны тәмамдаған соң, Қызылорда қалалық полицея басқармасының тергеу саласына, соның ішінде анықтау бөліміне қызметке орналастым. Жұмыс барысында  тұрғындардың арызы бойынша тергеу әрекеттерін жүргізіп, күдіктінің ісін толық қарап, дәлелденген жағдайда сотқа жібереміз, яғни біз сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын атқарамыз. Заңда көрсетілген бір айда тіркелген қылмысқа қатысты шешім қабылдауымыз керек. Алайда кейбір қылмыстық істер үшін бір айдың өзі жеткіліксіз болып, екінші айға созуға әкелетін себептер болады. Мысалы, күдікті немесе жәбірленуші психикалық немесе наркологиялық есепте тұратын болса, арнайы медициналық сараптама тағайындауға тура келеді. Сараптама заң бойынша бір ай ішінде дайындалады. Оған дейін тергеу амалдары тоқтатылып, сараптама қорытындысы дайын болғанда  ғана жәбірленуші мен күдіктіден жауап алынады. Күдікті қылмысын мойындамаған жағдайда қандай да бір куә, дәлел іздеуді жалғастыра береміз. Бірақ ол күдіктінің өзіне қиын, уақытылы ісін мойындамағаны, созбалаңға салғаны үшін сот алдында жауап береді.

Қоғамда ұрлық, алаяқтық жиі кездеседі

    ‒ Қызмет барысында дәлелденбейтін қылмыстар өте аз кездеседі, тіпті әлі күнге дейін ондай жағдайға жолығып көрмеппін. Кейде күдіктісі жоқ қылмыс оқиғасы кездеседі, мысалы қоғамдық көлікке бір азаматша мінді делік, сол арада қалтасындағы әмиянын немесе телефонын ұрлатып алуы мүмкін. Ол біздің көмегімізге жүгінеді, бірақ жағдайды баяндау барысында күдік тудыратын адамды байқамағанын айтады. Өйткені автобустың ішінде адам көп. Егер қоғамдық көлікте бейнебақылау камерасы болмаса қылмысты ашу қиынға соғады. Бірақ ұялы телефонның IMEI коды бойынша сұраныс жіберіп, оған қандай нөмір қосылып тұрғанына қарап отырып зерттеу жүргіземіз. Іздестіру жұмыстары екі-үш айға дейін жалғасады, өйткені біз сұранысты Алматы қаласына жіберіп, нәтижесін күтеміз. Бір қуантарлығы,  қазір ұялы телефон ұрлығы бойынша қылмыстың ашылуы жоғары деңгейде, себебі жаңа технологияның бізге айтарлықтай көмегі тиюде.
Тұрғындардан күніне кем дегенде 10-15-ке жуық арыз түседі. Негізі қоғамда ұрлық, қарақшылық, алаяқтық сынды қылмыстар жиі кездеседі. Алаяқтық көп жағдайда үлкен мәселе тудырады. Мысалы, алаяқтық іспен бір азаматша екінші азаматшаны алдап, ақша арқылы жұмысқа тұрғызып беремін деп сендіруі мүмкін. Бұл жағдайда күдіктінің қылмысын мойындауы қиын, өйткені жәбірленушінің қолында дәлел ретінде қолхат та, құжат та болмайды. Сондықтан екі ортадағы куәгер адамды іздейміз, күдіктінің ақша берген немесе алған сәттегі көрген-білген жауаптары бойынша істі бекітіп, сотқа жібереміз.

Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды

    ‒ Әр адамның белгілі бір жағдайға қатысты жеке түйсігі болады, бірақ біздің  салада интуицияға сүйеніп шешім қабылдай алмаймыз, себебі ол адамның тағдырына тікелей қатысты. Біз істі тексеру барысында дәлелдемелер жинаймыз, жәбірленушінің жауабына назар аударамыз. Жалпы айтқанда, полицейге түйсікке сеніп шешім қабылдау қауіпті, себебі оның зардабы қарапайым халыққа әсер етуі мүмкін.
     Осы жерде айта кетейін, полицейдің қызметіне халықтың бәрі риза бола бермейді, өйткені бізге бір арыз бойынша екі адам шағымданады. Бірі ‒ жәбірленуші, екіншісі ‒ күдікті. Біз тергеу амалдары барысында күдіктінің қылмысын мойындатқызып, дәлелдемемен сотқа жібереміз. Жәбірленуші сотқа барып, ақшасын өндіртіп алған соң, көңілі орнына түседі. Күдікті болса жазасын алады. Содан кейін жәбірленуші бізге рахметін айтып, алғысын жаудырады. Ал күдікті үшін кім жаман? Әрине полиция қызметкері. Бұл ‒ жиі қайталанатын үйреншікті жағдай. Жағымсыз пікірдің бәрін көңілге алсаң, жұмысыңды қайта жалғастыра алмауың мүмкін, сондықтан орынсыз пікірге мән бермеуге тырысамын.
Қазір халықтың құқықтық сауаттылығына бірдей баға бере алмаймыз. Белгілісі, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, яғни адамның білмей жасаған қылмысы үшін  кешірім берілмейді. Жәбірленуші мен күдікті өзара татуласып, кешірім берсе ғана жағдай жеңілдейді.
Өзгенің өміріне бей-жай қарай алмаймыз

     ‒ Полицей үшін ең үлкен құндылық ‒ отбасы. Біз күні-түні жұмыста жүрсек те, отбасымызға көңіл бөлуге тырысып, алаңдап жүреміз. Тәртіп саласында жүрген соң өзгелерге үлгі болу үшін жеке өмірде де заң бұзбауға, формасыз жүрсек те қатаң ережені естен шығармауға дағдыланғанбыз. Бізге күнделікті әртүрлі жағдайда қылмыс оқиғасы тіркеледі, оның әрқайсысы қатаң қадағалауды, жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан маман ретінде де, жеке тұлға ретінде өзгелердің өміріне бей-жай қарай алмаймыз. 
Ал мамандық бойынша біліктілікті арттыру үшін заң кітаптарын жиі парақтаймын. Қазір қолданыста жүрген ҚР қылмыстық кодексін, ҚР қылмыстық процестік кодексіне көз жүгіртіп, халық қарасы азайғанда бір-екі сағатымды кітап оқуға арнаймын.
Гүлдана ЖҰМАДИН
 
 
18 маусым 2020 ж. 257 0

PDF нұсқалар мұрағаты

26-355

02 шілде 2020 ж.

25-354

25 маусым 2020 ж.

24-353

18 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031