» » ҚАШЫҚТАН БІЛІМ БЕРУ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШТЫ

ҚАШЫҚТАН БІЛІМ БЕРУ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШТЫ

     Ақмарал ДӘУЛЕТИЯРОВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:


‒ Ең алдымен әңгімемізді осы салаға келген сәтіңізден бастасақ... Шәкірт тәрбиелеу, ұстаз болу сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
 Мен ұстаздық жолымды Қазалы ауданындағы №226 гимназиядан бастадым. Жас маман болып жұмысқа қабылданған кезде ағылшын тілінен сабақ жүргізумен қатар 6 сыныпқа жетекшілік ету міндеті жүктелді. Бұл жұмысты тек қана жауапкершілік емес, сонымен қатар келешектің тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақты тәрбиелеуге деген үлкен сенім деп қабылдадым. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы». Сондықтан ұстаз болу балаға білім берумен ғана шектелмейді. Мен үшін шәкірт тәрбиелеу жас ұрпақтың бойына рухани және адами құндылықтарды сіңіре отырып, білім алуға деген құштарлығын ояту, шығармашылығын дамытып, болашаққа бағдар беру. Ол үшін өзім де әрдайым ізденіп, білімімді үздіксіз жетілдіруге тырысамын. Себебі шәкірт тәрбиелеу үшін мұғалімнің бойында да қажетті құзіреттілік пен құндылықтар болуы тиіс. Осы мақсатта Назарбаев университетінің «Білім берудегі көшбасшылық» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, жақында ғана дипломдық жұмысымды сәтті қорғап шықтым. Сол жақта алған білімім мен тәжірибем педагогикалық және әдістемелік шеберлігімді шыңдап, жетілдіре түсті.
‒ Жуырда шетелге барып тәжірибе алмасып қайтқаныңыздан хабардармыз. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз... Қандай бағдарлама аясында бардыңыз? Қай елде, қанша уақыт болдыңыз?
Кәсіби біліктілігімді жетілдіру мақсатында Шотландия астанасы Эдинбург қаласында халықаралық Кэмбридждің Бағалау ұйымы (Cambridge Assessment) ұйымдастырған басқа тілде сөйлейтіндерге ағылшын тілін оқытудың (CELTA) бір айлық курсын тәмамдадым. Бұл бағдарлама аясында тілдік дағдыларды дамыту, анализ жасау, әртүрлі оқыту контекстіндегі сабақтарды жоспарлау, сабақ жүргізу дағдылары мен кәсіби біліктілікті жетілдіру тақырыптарында теориялық және практикалық жұмыстар орындалды. Сонымен қатар түстен кейінгі уақытта әлемнің түпкір-түпкірінен келген ағылшын тілін үйренушілерге сабақтар жүргізіп, сабаққа талдау мен рефлексия жасап отырдық. Жалпы алғанда, бұл курс педагогикалық шеберлігімді дамытумен қоса, сол елдің әсем табиғатымен, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
‒ Ол жақтағы білім беру саласының біздің елден айырмашылығы қандай? Қандай жаңа дүниелер үйрендіңіз?
‒ Ол жақтағы білім саласы мен біздің елдегі білім жүйесі арасында айтарлықтай айырмашылық байқамадым. Шотландиядағы білім саласы оқушылардың жоғары деңгейдегі ойлау дағдыларын, тілдік және функционалдық сауаттылығын дамытуға баса назар аударады. Сабақ барысында оқушылардың тұлғалық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеруге басымдық береді. Біздің елдегі қазіргі білім жүйесі де осы бағыттарды дамытуды көздейді. Үйренген тың дүниелеріме келетін болсам, курс барысында ағылшын тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін, тілдік анализ жасаудың ерекшеліктерін меңгердім.
‒ Қай саланы алып қарасақ та, қиындығы қатар жүретіні рас. Білім саласында сізді қандай мәселе алаңдатады?
Ең алдымен, оқушылардың бойында рухани құндылықтарды, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті дамытып, өзіндік көзқарасын дұрыс қалыптастыруды, айналасында болып жатқан өзгерістерге оңай бейімделіп, кез келген жағдайдан жол табуға үйрету қажет. Сонымен қатар қазір таңдаудың тым көптігінен кей жағдайда оқушыға болашақ мамандықты дұрыс таңдау жасау қиынға соғып жатады. Сол себепті мектептегі кәсіби бағдар беруді жетілдіріп, бұл жұмысқа ата-аналарды да араластыру керек. Мектеп ‒ оқушы ‒ ата-ана аталатын одақ жұмысын нығайту қажет.
‒ Қазір елдегі ахуалға байланысты оқушылар қашықтан білім алуда. Осы орайда онлайн білім беру дәстүрлі оқыту кезеңіндегідей сапалы бола ма? Онлайн оқу жүйесінде қандай артықшылықтар мен кемшіліктер бар?
Бұл сұрақ қазіргі таңда көпті алаңдатуда. Британия ғалымдарының зерттеуі бойынша, онлайн білім беру кезінде де дәстүрлі оқыту кезіндегідей білім сапасына жетуге болады. Ол үшін қашықтан оқытудың ерекшеліктерін ескере отырып, оны тиімді ұйымдастыру қажет. Сабақ ұзақтығы, тапсырма ауқымының оңтайлы болуы, ұсынылатын ресурстардың сапалы болуы, сындарлы кері байланыстың үздіксіз, уақытылы берілуіне назар аудару қажет. Осы алғышарттар орындалғанда ғана дәстүрлі оқыту кезіндегідей сапалы білім беруге болады.
Қашықтан білім алу біршама жаңа міндеттер жүктеумен қоса, жаңа мүмкіндіктерге де жол ашты. Ең алдымен түрлі ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалану арқылы мұғалімдер мен оқушылардың медиа және сандық сауаттылығы жетіле түсті. Сонымен қатар мұғалімдер ізденіс жұмысын жетілдіріп, оқушылар өздігінен білім алу және өзінің оқуына жауапкершілікпен қарауға дағдыланды.
‒ Көп жағдайда оқушылар шет тілін үйрену барысында қиналып жатады. Осы саланың маманы ретінде тіл үйренудің бірнеше техникасымен бөліссеңіз...
Тілді жаңадан үйрену контекстте, яғни мәтін немесе жағдаят арқылы жүзеге асырылу қажет. Себебі жаңа сөздерді жекелей жаттап алып, шетел тілінде еркін қарым-қатынас жасау мүмкін емес. Әр тілде сөздер мен сөйлемдердің құрылымдық және мағыналық ерекшіліктері бар. Мәтін арқылы сөздерді қалай дұрыс қолдану және айту керегін үйренуге болады. Сонымен қатар үйренгіңіз келетін шетел тілін ана тілі ретінде сөйлейтін адамдар дайындаған аудио және видеоматериал арқылы көбірек тыңдаған дұрыс. Осы арқылы шетелдіктердің не туралы сөйлесіп жатқанын түсініп, олармен оңай әңгімелесуді үйренесіз.
Менің ойымша, кез келген шетел тілін сол тілде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы үйренген жеңілірек болады. Егер бетпе-бет сөйлесу мүмкіндігі болмаған жағдайда, әлеуметтік желілерден шетел тілінде сөйлейтін достар тауып, солармен хат немесе видеоқоңырау арқылы практика жасауға болады. Ең бастысы, үйреніп жатқан шетел тілінде мүмкіндігінше көп тәжірибе жасау керек.
‒ Әңгімеңізге рақмет!

                                                                                                                                                    Гүлдана ЖҰМАДИН
15 қыркүйек 2020 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930