Ине сабақтап, тігін тігуге кез келгеннің ебі бар. Десе де қиюын келтіріп, көрпе-көрпеше құрау нағыз маманның қолынан келеді. Қиялға ерік беріп, таңғажайып дүниелерді шығарсаңыз тіпті керемет. Мысалы, казір доптың өзін қолдан тігу сәнге айналды. Оны түрлі-түсті құрақпен безендіру де көз жауын алып тұр. «Әдемі» тігін ше­бер­ханасы осы істі әдемі иіріп, көптің талғамынан шығар дүниелер ұсынып келеді.

Сырдария­лық Нұрсұлу Ажарова – №135 А.Тоқмағанбетов атындағы орта мектептің «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі. Көпбалалы ана. Трендтегі допты дайындауына да осы аналық мейірім сеп болған.
– Өзіңе деген сенім алға сүйрейді. Мен 2007 жылы қазан айынан бастап мектепке жұмысқа орналастым. Осы кезден бастап жауапкершілік деген ұлы ұғымның қадірін білдім. Мектептегі іс-шаралар, сабақ, түрлі байқаулар жауапкершілікті еселеді. Жұмыс барысында алғашқы жылдары көптеген қиындықтар кездесті. Дегенмен адамның қолынан келмейтін іс жоқ, алынбайтын қамал жоқ деп өзімді қамшылаудың арқасында нәтижеге қол жеткіздім. «Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық – шын мәнінде қымбат табыс» деп заңғар жазушы М.Әуезов айтқандай, егер адам шын көңілімен қаласа, арман-мақсаттарына қол жеткізеді деп білемін, – дейді ісмер.
Нұрсұлу білгенін оқушыларға үйретіп келеді. Оларды еңбекке баулып, болашақта шеберлігін шындауға бағыт сілтеуде. Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің осыдан он жыл бұрын «Нұр-Рамазан» қоғамдық қорын құрғанын білдік. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Құмға сурет салу» өнерін үйрету. 2014 жылы жеке кәсіпке бет бұрған. «Ақниет» бағдарламасы арқылы 300 мың теңге көле­мінде қайта­рымсыз несие алып, кәсібін бастаған. Ал қазір соның жемісін көріп отыр.
– Тігін тігу махаб­батпен, аса бір қызығушылықпен жасалатын дүние. Тігінші болу үшін жай әшейін тіге білу жеткіліксіз. Алдымен ынта болу керек. Өзім тапсырыс берушіден майда-шүйденің барлығын еш қысылмастан, екі, үш қайтара сұраймын. Есесіне бүгінде тұрақты тұтушыларымыз көп, – дейді Нұрсұлу.
Кәсіпкердің креатив идеялары жеткілікті. Заманауи дүниелер жасауға бейім. Басты принципі де – ізденіс, тұрақты даму екен. Бұған қол жеткізген биігі дәлел. Ол 2015 жылы «Бастамаларды қолдау» қорынан 300 мың теңге көлемінде несие алып, кәсібін кеңейткен. 2018 жылы 3 миллион теңге көлемінде қолдауға қол жеткізіп, цехқа «Әдемі» атауын берген, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтаған. Жоспары да айқын. Ол алдағы уақытта «Tekstil by Aminа» оқу орталығын іске қосуды, құмға сурет салу және құмыра жасау үйірмесінің ісін ілгерілетуді, құрақ құрау өнері, бейнелеу өнері, дизайн бойынша жұмыс істеуді жалғастырмақ ниетте. Отандық өнімді көбейтіп, өз қолтаңбасын қалыптастыру оның басты мақсаты.

Мөлдір САБЫРЖАН