«Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді басқарады» деген әйгілі сөздің салмағы күннен күнге сезіліп келеді. Дегенмен ақпараттың сапасымен бірге оны жылдам жеткізу, қабылдауға ыңғайлы, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» форматта ұсыну маңызды. Қажетті ақпаратты бір минуттың ішінде қамтамасыз етіп, қолжетімді ететін бірден бір жол – сайт пен қосымшалар. Уақыт көші қанша алға жылжып, әр салада техно­логиялық өзгерістер орнағанмен сайт құрастыру саласы ілгерілемесе, маңызынан айырылған емес. Осы орайда қызыл­ордалық сайт маманы Алмагүл Айтмағам­бетовамен қызықты саланың қыр-сыры жөнінде сұқбаттасқан едік.

– Алмагүл Аманжолқызы, бұл саланы неге таңдадыңыз?

– Мамандығым – IT саласы. Негізі қазақ-түрік лицейін бітірген соң осы салаға бет бұрып, Алматы қаласындағы Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университетіне оқуға түстім. Университетте кәсіби білімімді жетілдіріп, күрделі саланың сан қырын көрдім десем болады. Өйткені 2012-2016 жылдары дәл осы оқу орнында жүріп көптеген жетістікке жеттім. 2016 жылы көптеген республикалық, халықаралық жобаға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Олимпиадаларда топ жарып жүрдім. Өзім қатты қызыққандықтан маған бұл салада іздену, білім алу күш бере түсті. Оқуға түскенде бейімделу керек болды, өйткені дайындықпен келмедім. Ал оқып жүргенде осы саланы таңдағаныма қатты қуандым, дұрыс таңдау екенін ұғына түстім. Себебі мен сүйікті ісімді таптым.

– Соңғы жылдары сайт маманы көбейгенімен сұраныс азайған жоқ. Қызылорда облысы бойынша бұл сала қаншалықты дамыған?

– Шыны керек, Қызылорда бойынша ақпараттық технология саласы төмен көрсеткіште. Басқа қалалармен салыстырсақ, бізде бұл бағытта арнайы жобалар, конкурс өткізілмейді. Оқып жүргенімде Қызылорда қаласына арнап дисконттық сервис түрінде сайт жасағым келгені есімде. Жасап, енгізіп көрдім. Бірақ сұраныс болған жоқ. Себебі біздің халық оған дайын емес еді. Сайттың қолданысы аз, сондықтан сұраныс та жоқ.

Дегенмен мойындау керек, жылдан жылға жұмыс бірізденіп келеді. Сервистік мекемелер, тамақтанатын орындар арнайы сайт ашып, ақсап тұрған тұсты қолға алуда. Осылай халық сайтты қолдануға бейімделеді. Бірақ сайтты қолдану, онымен жұмыс жүргізу толық дамымаған. Теңіз де тамшыдан құралады ғой. Уақыт өте бұл саланы дамытып, басқаша көзқараспен қарайтын, сайтты жандандыратын кезге жақындап келеміз.

– Сайт жасаудың қиындығы неде?

– Сайт жасап, бағдарлама құрудың мамандар түсінетін бірнеше тілі бар, яғни әр адам өзі қалаған, өзіне ұнайтын тілді пайдалану арқылы оны құрастырып шығады. Әр программистің өзіне байланысты. Негізі сайт жасаудың ешқандай қиындығы жоқ. Қазіргі кезде қажетті дайын платформалар да бар. Бір күннің ішінде жасап шығуға болады. Нөлден бастап, арнайы білімсіз де кез келген адамға сайт жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірақ көп уақыт шығындалады.

Бәрі сайттың бағасына, күрделілігіне байланысты. Дегенмен маман ретінде ешқандай қиындығы жоқ дей аламын. Ал сайт жасаудың рахаты –адамдардың өмірін жеңілдетуге, уақытын үнемдеуге септігімізді тигізе алатынымызда. Біздің қаладағы бірнеше ресторан сайт арқылы жұмыс жасайды. Ол тұтынушыға да, қызмет ұсынушыға да өте ыңғайлы.

– Қосымша курс өткізіп, шәкірт тәрбиелеу жоспарда бар ма?

– Иә, мұндай жоспар бар. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеп жүрмін. Оқушыларыма сайт жасауды, программа тілін үйретудемін. Ал қосымша шәкірт тәрбиелеу, арнайы курстар жасау ойда болғанымен, әзірге уақыт тапшы. Мүмкіндік болса әрине, бұл идеяны іске асырамын. Өйткені қызылордалық жастардың ақпараттық технология саласындағы сауатын арттырып, білімін жетілдіруге аз да болса ықпал еткім келеді.

– Телефонға арналған қосымша жасаумен де айналысады екенсіз…

– Иә, оны да университет қабырғасында жүргенде үйреніп, android пен ios платформасына бірнеше қосымша жасадым. Ойын бағдарламаларын құрастырып, плеймаркетке енгізген едім. «Қайсар» футбол клубына да арнайы қосымша құрастырғанбыз. Телефонға арналған қосымшаларды жыл сайын техникалық тексерістен өткізіп, жаңартып отыру керек. Негізі мұндай қосымшалар сайтқа қарағанда өте ыңғайлы. Халыққа сайтты ашып, сілтемеге өткенге қарағанда қосымшаны жүктеп алып, сол арқылы ақпарат алу тиімді деп ойлаймын.

– Бір ерекшелігі, сайт құрастырумен онлайн айналысуға да болады. Тапсырысқа келген бір сайтты жасап шығаруға қанша уақыт қажет?

– Өзім университет бітіргеннен кейін біраз уақыт фрилансер боп жұмыс істедім.Себебі интернеттегі платформалардан онлайн түрде тапсырыс қабылдап, сайт жасау арқылы ақша табуға мүмкіндік бар. Бұл жасөспірімдер мен декреттегі қыз-келіншектер үшін тиімді дүние. Өзім де декретте отырғанда сайт, телефонға арналған қосымшалар жасау арқылы ақша таптым. Интернет арқылы, тіпті, Америка сияқты ірі мемлекеттерден де сайт жасауға тапсырыс алып, жұмыс істеуге болады. Ол жақтың төлемақысы да жоғары.

Ал бір сайт жасап шығаруға кететін уақыт қолданатын тәсілге байланысты. Жоғарыда айтқанымыздай, дайын платформалар арқылы құрастырсақ, бір күнде жасап шығаруға болады. Интернет дүкендерге арналғандай бірнеше беттік, көпфункция­лы, күрделі сайтты жасап шығару 2-3 күн немесе бір айға дейін созылуы мүмкін.

– Сайт жасау шығар­машылық жұмыс десек те артық емес…

– Дұрыс айтасыз, бір сайтты жасау үшін құрылымдық жағынан бөлек оның дизайны, жазбаның тартымды шрифті, суреттер мен ұсынылатын қызметтің ақпараты дұрыс орналасуы керек. Мұның бәрі – шығармашылық жұмыс. Сондықтан сайт жасауда арнайы команда болғаны дұрыс. Үлкен қалаларда сайт жасаумен айналысатын арнайы компаниялар бар. Оларда дизайнер бөлек, менеджер бөлек, бірнеше маман құрам болып қызмет етеді. Мұндай жағдайда сайт әрі сапалы, әрі тез жасалып шығады.

Өз тәжірибемде біраз уақыт бұрын бір компанияда Қызылорда қаласына қатысты портал жобасына қатыстым. Әкімшіліктің тапсырысы бойынша өңіріміздің геопорталын жасауға атсалыстым. Бұйырса, жақында қолданысқа енуі керек. Білуімше, Қызылорда қаласында да сайт жасаумен айналысатын бірнеше команда, кішігірім компаниялар бар.

– Сұқбатыңыз үшін, рақмет!

Сұқбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ