» » ТОЙЫМЫЗҒА ТОСЫН СЫЙ БОЛДЫ

ТОЙЫМЫЗҒА ТОСЫН СЫЙ БОЛДЫ


«Ақмешіт жастары»
жас отбасы шаңырағында
   
«Үй болмай, күй болмайды» дейді дана халқымыз. Баспана мәселесі бұл күнде кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Десе де еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар мәселенің шешімін табуда. Оны "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған" бағдарламасы арқылы үй алған Қанат Ботжанов пен Тамаша Есілбайқызының шаңырағына бас сұққанда аңғардық. «Үйлену оңай, үй болу қиын» болып жүрген қазақ біреу үй алыпты десе қуанып қалатыны жасырын емес. Баспанаға кіргенде куә болдық. Осылайша тыныс-тіршілігін көзбен көрдік.
   – Қоныс құтты болсын! Әр жас отбасында ата-ана үйінен бөлек, жеке үйді, баспананы сатып алу туралы мәселе туындайтыны анық. Ал шындығында, барлық отбасы пәтерді өз қаражатына сатып ала алмайды. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама жүзеге асты. Қалай, үй алудың машақаты көп пе екен?
Қанат: Рақмет! Алдымен үйге қош келдіңіз. Сұрағыңыз орынды. Қазіргі таңда баспана тауқыметін тартып, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жандар жетерлік. Оларға мемлекеттің мүмкіндігін неге пайдаланбасқа? Барлық нәрсенің шешімін табуға болады. Жұмыс жоқ деуге де негіз жоқ. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жұмысқа тұруға, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы арқылы баспаналы болуға болады. Өз кәсібімді ашамын десеңіз де мүмкіндік бар. Тек оны пайдалана білген жөн.
Тамаша: Баспаналы болған сәт әлі көз алдымда. Бұл үлкен жаңалық болды. Қаншама жас отбасыға баспана кілті табысталды. Олар үшін де қуаныштымын.
    – Баспана кезегіне қашан тұрған едіңіз?
   Қанат: Біз жеке отау құрғымыз келді. Сол мақсатпен 2016 жылдың қаңтар айында кезекке тұрдық. Жастарға деген мемлекеттік қолдаудың арқасында жақын арада баспаналы болатынымызға көзім жетті.
  • – Үйдің кілтін қолыңызға ұстаған сәтке оралайықшы. Толқыған шығарсыз...
Қанат: Үйленгенімізге көп уақыт бола қойған жоқ еді. Тойымызға тосын сый болды. Осындай қамқорлық жасап, баспанамен қамтыған мемлекет басшысына алғысым шексіз. Еліміздің өркендеу жолында өз үлесімізді қосуда аянып қалмаймыз.
Тамаша: Ол күнді әлі ұмыта алмаймын. «Өз үйім өлең төсегім» деген бар. Өз үйіміздің болғанына қуаныштымын. Мемлекеттік бағдарламаларды көбейтіп, халыққа жағдай жасаған Елбасыға алғысым шексіз.
  • – Жас отбасыға пәтерден-пәтер жағалап жүру оңай емес. Бүгінде өзіңіздің жеке шаңырағыңыз бар. Жас отбасыларға арналған бағдарламаның тиімділігіне тоқталсаңыз? Нені ескеру керек?
Қанат: Қазіргі кезде ақпараттың дамыған заманы кез келген жерден мәлімет алуға болады. Дегенмен ізденіп, баспана алудың жолдарын қарастыру керек. Мысалға, мемлекет есебінен үй алу үшін атында жер және үй болмауы шарт. «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясына (Халыққа қызмет көрсету орталығы) барып қандай категория бойынша кезекке тұруға болатыны және қажетті құжаттар тізбегі туралы мамандардан кеңес алып, қажетті құжаттарды тапсырып, кезекке тұрады. Содан кейін үй кезегінде тұрғандар үшін арнайы конкурстар ұйымдастырылады, қатысқаннан кейін, нәтижесін күтесіз.
    – «Бәрін айт та бірін айт» демекші, жаңадан бой көтерген баспананың қандай мәселесі бар? Қазір кейбір құрылыстардың сапасы сын көтермейді дегенді жиі естиміз. Рас па?
   Қанат: Қоғам болғаннан кейін әртүрлі пікір болады. Тұрғын үйлердің сапасына көңіліміз толады. Біріншіден, пәтердің бөлмелері кең, екіншіден ыстық су бар, бастысы жылу мәселесі толығымен шешілген.
– Енді үйдің интерьеріне келсек. Қалай безендіруді ақылдастыңыздар ма? Кімнің пікірі көбірек ескеріледі?
Қанат: Жалпы үйдің құрылысы кімге болса да үлкен мәселе тудырады. Біз де көп ойландық. Үйді қалай безендіретінін алдын-ала жоспарладық. Ғаламтордан көріп, өзімізге ұнағанын тандадық. Тамаша – аяулы жарым, жөн сілтер ақылшым болғандықтан соның таңдауын назарға алдым, және бұл істі әрі қарай өзі жүргізді.
– Интерьер мәселесінде арнайы маманның көмегіне сүйенетіндер де бар. Бұған көзқарасыңыз қандай? Мәселен, жатын бөлмесі, балалар бөлмесі қалай болу керек деген сияқты...
 Тамаша: Әр бөлме атауына, тематикасына сәйкес болу керек деп есептеймін. Арнайы маманның көмегіне жүгінбей, өз қалауымызбен жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдымен ас бөлме, сосын жатын бөлмесін безендірдік.
–  Отбасы болғандарыңызға қанша уақыт болды?
 Қанат: «Үйлену оңай үй болу қиын» дегендей үйленбей тұрып көп ойландық. Бір-біріміздің мінезіміз үйлеседі ме соны байқадық. Бақытты боламыз деп ақылдаса келе, қуаныш пен қайғыны бірге көтеруге келістік. Осылайша 2016 жылы шаңырақ көтердік.
 – Осы уақыт ішінде бір-біріңізді қаншалықты танып білдіңіздер? (Үйленгенге дейін, үйленгеннен кейін)
Қанат: 2007 жылдан бері яки студенттік шақтан таныспыз. Университетте белсенді болдық, мерекелік шарада бір-бірімізді көріп, жақын дос ретінде араластық. Тамаша менің жағдайымды жасап, әрдайым қолдап жүрді. Уақыт өте келе шаңырақ көтердік. Бір-бірімізді толық таныдық.
  •     – Жоғарыда бақыт деп қалдыңыз. Отбасылық бақыт дегеніміз не екен?
  • Қанат: Мына жарық дүниеге келуіміздің өзі бақыт қой. Отбасылық бақыттың өзіндік ерекшеліктері бар. Сүйген жарың қасыңда, болашағыңды бірге жоспарлайсың. Бір-біріңе қолдау білдіресің. Мен үшін аяулы жарыммен бір жастықта қартаю бір бақыт.
  • Тамаша: Біреу үшін бақыт байлық, атақ-мансап болса, енді біреулер бақыт деген ішіп-жеу, ойнап-күлу, қызыққа белшеден батып тірлік кешу деп біледі. Мен үшін басты бақыт – отбасы жылулығы.
  • – Көп балалы болуды армандайсыздар ма?
 Қанат: Өзім көп балалы отбасынан шыққанмын. Ата-анам достарымнан кем қылмай өсірді, осы өмірге жеткізді. Менің де көп баланың әкесі атанғым келеді.
Тамаша: «Өмірдің бір қызығы бала деген», – деп Абай атамыз айтпақшы, қазақы дәстүрлі отбасында балажандылық басым болатын. Біз де ата-бабаның ізін жалғап көп балалы отбасы болғымыз келеді. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген бар. Бала – отбасы бақыты.
– Әр адамның арманы болатыны сияқты әр отбасының да арманы болады. Сіздер нені армандайсыздар?
  • Еліміздің өркендеуіне үлес қосатын үлгілі отбасы болып, ұрпақ тәрбиелеуді (Бірге жауап берді) армандаймыз.
Сұқбаттасқан: Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
12 наурыз 2018 ж. 1 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

44-321

31 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930