» » ҚАЙДАСЫҢ, ҚАРЫНДАСЫМ!

ҚАЙДАСЫҢ, ҚАРЫНДАСЫМ!

Қапелімде қарындасымды іздеуге тура келді, біраздан бері хабарсыз кетті. Қайда екен, а?
Анда-санда телефон соғатын еді, онысын жоғалтып алған-ау, үнсіз қалуы мүмкін емес. Бірдеңеге ұшырап қалмаса игі...
 Қазір болмашыға бас ауырып, уайымдай беретін болдық ғой. Бейбіт заманда «мұнысы не?» деп  ойламаңыз, қарындасымның мен үшін орны бөлек. Бес ұлдан кейінгі жалғыз қыз. Еркелеткіміз келеді. Бірақ шешем тыйып тастайды. Айтатыны: «Осы жасқа жеткенше біреудің ала жібін аттап, артымнан сөз ерген жоқ. Ендігі өмірімде де әлдекімнің өсек-өкпесіне қалғанды қаламаймын. Үйренгені өзіне жақсы, істегені маған жақсы. Сараман әйел болғанын қайтейін, қызына дым үйретпеген десе жерге кіріп кетпеймін бе? Маған содан ауыр сөз жоқ».
Шешемдікі де жөн. Өзі намысқой болатын. Бізді әскерге шығарып салардағы аналық тілегі қандай десеңші: «Етіңнен ет кесіп алса да
Отаныңды сатпа!» деген. Осындай ойы озық кісіден жаман бала қайдан шықсын, тәрбиесі тағылымға айналды.
Апам өмірден өткелі ауыл жаққа жиі бару қалды. Өзімнен де бар, жылына еңбек демалысын алғанда: «қалайсың, қалқам?» деп жағдайын сұрай салсам, қарындасым әжептеуір марқайып қалар еді. Әй, пендешілік-ай, соның парқын да кеш ұғамыз.  Енді өз кінәм үшін ұялып, іштегі күйініштен өртене жаздап, үнжырғам түсіп отыр.
Өмір деген киноның кадры болса кері қайтарып, бәрін де басынан бастайтын едім. Әттең, құр қиял ғой, болмайтын нәрсе, өмір өтті-кетті, өкінгенмен қайыр жоқ. Онан да болатын шаруаға көшкен абзал.
Бүгін ұйқыдан тұрғалы сонау қара сирақ қияндағы балалықтың бақытты шағына терең бойлап, ауыл жаққа аңсар ауып тұрғанын қарашы. Бәлкім,  түн тылсымында ауыл албары түсіме енді ме қайдам,  бір түйсік сананы сілкілеп, маза қашып тұр. Елес-ау, әйтпесе не, ер жасындағы адамға естен кетпейтіндей алыстағы ауылда қымбат қазына қалып қойған жоқ. Туасы, сананы сан мәрте сілкілеп жатқан сағыныштың себі секілді. Әйтпесе, мың шақырым қашықтағы меңіреу ауыл мені қалай мазаласын?
Сенің біздің ауыл жайлы білгің келе ме, мен бүге-шүгесіне дейін айтудан жалықпайын. Орналасуы да қызық, облыстан оқшау жатыр, дария үстіндегі жалғыз көпір ғана мүмкіндік. Осылай бір қақпадан кіріп, айналып-айналып қайтадан сол жерден шығасың. Құдды қамаулы аралға ұқсайды. Жан-жағы шекара, кешегі өзіміздің, бүгінгі өгей Өзбекстан. Аттап адым бастырмайды. Пейілі бұзылды. Қару кезеніп, атып тастаудан тайынбайды. Өстіп өз ағам өзгерді. Қайта қазағым кең екен,  кезіп жүрген кезбе өзбекке жұмыс беріп, «құдайы қонаққа» есігін ашып қойды.
Шіркін, біздің ауыл экватордың бойында жатқандай жазы аптап, жуған кір заматында кеуіп қалады. Қыста қар түскенмен айпара аппақ суретіне  көз тояттап үлгермейді, лезде еріп кетеді. Жері сортаң, темірді де тоздырып жібереді. Дегенмен ауылдың көрінісі  сүреңсіз дей алмаймын, көк майса. Солтүстік пен батыс аймақ көктемді аңсап жатқанда біздің жақта қарбыз пісіп, өрік гүлдеп, шие түйіндеп қояды. Иран баққа айналар мезгілде күннің көзі де кеңейіп, оттай алауы үдей түседі.
Балалық бал шақ емес пе, тапа-тал түсте де жалаңаяқ жүреміз, сіңірі қатқан қара табанға тікен кірмек түгілі, сағыздай еріген асфальтқа күйе қоймайды. Аямай сүйген күн жүзімізді қарақошқылдандырып, тіпті түлеп,  дақ-дақ теміреткіні де қаптатып тастайды. Ойын баласы үшін күн де, аптап та кедергі болмайды. Мұндай күннің қызған шағында ел терезені қымтап, қараңғылап алады да, салқын бөлмеде кеш түскенше ұйқыға беріледі. Ал, біз  судан шықпай шомылып, бұтқа ілетін қара труси күннің күшінен оңып, боз тартып, белді буған резинкесі де үзілу-үзілмеу арасында алаңдап тұрады. Не керек, сол труси қыркүйекте сабақ алдында ғана шешіледі. Бет-қол жарылып, шешеміз тамыздың соңғы күндерінде кір сабынды езіп отырып, ысқылап, жөнге келтіреді. Әйтеуір, мектепке мұнтаздай болып баратынымыз әлі есте. Қайран балалық-ай, бізден алыстап барасың.
Зеріктермей уақыт зымырап жатыр. Әрбір минөт мәнсіз емес сияқты. Кітап оқимын, теледидарға үңілемін, басылымның басқатырғыш амалдарын шешемін, әйтеуір әрекетсіз адамға ұқсамаймын.
Кейде көрші келіп, дойбы ойнауға тартады. Ұтыла берсе «шаруаларым бар, үйдегілер іздеп қалған шығар» деп жалма-жан жиналып, тақтасын қолтығына қысқан бойда  безілдей жөнеледі. Оған таңмын. Мінезі тұйық кісідей тымырайып отырып, аяқ астынан астаң-кестең болып, шыр-пыры шығып кетеді. Күйгелек екен. Бала болса да басынан сөз асырғысы келмейді, жексұрын.
Қызық,  жер бетінде қанша адам болса, солардың  мінезі бір-бірін қайталамайды, әрқалай. Дөрекісі бар, дым білмесі бар, байсал тауып болмысын байыпты ұстайтыны бар, қаңбақ сықылды тұрағы жоқ,  ұшып тұрған ұшқалақтары да бар. Осының бәрін бөле-жармай жер бетіне сыйдырып қойған Құдайдың да құдіреті күшті ғой.
Біздің ауылда болмаған шығарсыз, үш жүздей үй бар. Бір шұңқырдың ішіне қамап қойған қой секілді үйлер өте тығыз орналасқан. Үлкен арықты жағалай отырған елдің еңбекке құлшынысы жоғары еді, нарық келгелі жастар қалаға қарай қашып, күнкөріс қамы деген сылтауы үйреншікті беталысты бұзды. Қарашаңырақ қаңырап қалды. Бала-шағаны әр пәтердің босағасында босанып, төркіндеп барып туып қалатынды шығарды. Қыдырбайлар қаптап кетті. Бір жағынан жаның ашиды, жетіскен тірлік деймісің, уақытқа ілесемін деген ұмтылысы ғой.
Ауылдың маңдайына кіре-берістегі көне көпір екі дүниенің есігіндей көрінеді. Жастар сол жерде көп жиылады. Өткен-кеткенді ұзын сонар әңгіме етіп, өкпе-назын қалауынша төгіп алады. Кешкі тамақ пісті-ау дегенде барып, толғаныс-түйіндерін тоқтатып, үйді-үйге тарқасады. Күз бейнеті біткеннен бастап дағдылы әдет осы. Сырт адам сүйсініп тыңдауға бар, себебі бірінен бірі өткен саясаттанушы дерсің.
Саясат тақырыбына сүрлеу тартқанда сүрінуге қақысы жоқтай қырқысып жатады. Мектепті ілініп-салынып аяқтап, бүгін мынадай  бейпіл  ауыз күйге айналғандарына қарап, «ақырзаманның адамы ғой» деуге ылажсыз иланасың. Қалай өзгерген ауыл адамы! Шал да солай, шаға да солай. Той-жиынның да әңгіме желісі әлемнің шеңберінде желдей еседі. Теледидардан көрген, газеттен оқыған оқиғасын өзі орын-орнына орнатып келгендей сайрайды кеп. Сосын қырық пышақ болып, талқыға салады. Бір отбасын асырай алмай отырып, мемлекеттің тағдырына араласады-ау сосын. Әбден құлаққа жауыр болған жағдай емес пе, одан да жалығады екенсің.
Соғыстың алды-ау деймін, Түркістанның төңірегіндегі тұрғындарды күштеп көшіріп, Мырзашөлді игеру науқаны басталған. Қу мекиен дала, жабайы жантақтан аяқ алып жүре алмайтын, сояу-сояу сора шөптің көлеңкесі болмаса ыстық жел ығып тастайтын,  аптабы алпыс градустан асатын, ғаламшардың экватор бойында жатқан жер сияқты. Бұған дейін адам із салмаған, кесіртке-жылан, қарға-торғайдан басқа тіршілік иесі жоқ еді. Кетпеннің күшімен дарияны бұрып, арық қазылды, су әкелді. Бағара бидай егіп, ептеп егіншілікті бастап жіберді. Бірақ түбегейлі игеріп әкеткен ештеңе жоқ, тың топырақ сепкен тұқым бірден тамыр байлай қоймады. Жатсынды. Жарықтық, судың нәрі сергітіп, жердің бойын бусатты. Май топырақ мейлінше иленді, жібіді, қуат алды. Ептеп содан кейін қаратал ғана қылтиып, көктей бастады.
Беріректе мақта екті. Жарықтық, күн сүйгіш дақыл екен, оңтүстіктің төл дақылындай тамыр жайды. Жүйек жіппен тартып жөндегендей түп-түзу. Қозаның жапырақ жайғаны бейне бір көкмайса еркін даланың кілеміне ұқсайды. Гүл ашқанда ше, көзді арбайды. Алқызыл, тіпті түрлі гүл жаяды. Одан кейін көсектейді. Жеміс беретін мезгілінде ұшақтың көмегімен дәрілейді. Жапырақ қурап, көсек жасанды жолмен аша бастайды. Міне, осы мезгілде аппақ әлем әрлеп, кіршіксіз ұлпа ұяшыққа өздігінен қона қалғандай әсерге бөлейді. Шіркін, оңтүстіктің осы көрінісін көрмеген кісі қиял ғажайып ертегі еліне барғандай кейіпке енеді.
Ел де атакәсіптей санап, бес батпан бейнетіне бейімделіп кетті ме, әліге дейін әурелеп жүргені осы мақта. Көктем шықса кетпенін арқалап, егістікті жағалайды. Сол қам-қаракеттен күз қырқымда бір-ақ тынады. Құдды бір сериялы фильмнен аумайды. Жылы өзгереді, тақырыбы бәз-баяғы.
Баяндаманы бас алмай оқып, маңайын мезі еткен марқұм Брежнев жәкем де айтқан екен: «ақ мақтаны алтын қолдар жинайды» деп. Қазір алтын қол емес, күс-күс болған, сүйріктей саусақ тарамыстай тартылған десе ұғынықты. Қу бейнеттің салған суреті солай.
Ауыл шетіндегі үлкен төбенің басына шығып, жан-жаққа зер салып қарасаңыз, көкейдегі образдың өздігінен орайы келе береді. Әркімнің қылығы мен қабілетіне қарай бет-бейнесі беп-белгілі.
Анау үй Құсан ұстаныкі, қолынан келмейтіні жоқ. Ал, аузына бірдеңе тисе одан бұзық адам бар ма дейсің. Есесіне көршісі Тұлымбектен асқан тұйық кісіні таппайсың. Жер бетін су басайын деп жатыр деп көрші, қамданбақ түгілі, қайық іздеуге жоқ адам. Күзен ше, астынан су шыққандай бір орында байыз тауып отыра алмайды. Мінезі жеңілтек. Онымен бірге теледидардан футбол көрмей-ақ қой, екі қолын құстың қанатындай сермеп отырады. Қызба-қызбамен беттен салып қалуы да мүмкін.
Одан кейінгі үйде кілең құрдастар тұрады. Карта ойынға құмарлау. Арасында преферанс сызып, ақыры айқай-шумен тарқайды. Ұтқаны үндемей, ұтылғаны шыр-пыры шығып жүргені.
Көшенің ортан белінде «блатной» төрт кемпір бар. Бір қызығы, төртеуінің басы қосылса, түбің түскір түтіннің жаны кіреді. Темекі тартқыш. «Медеу» темекісін ортаға алып, бөлмені түтінге бөлейді.  Шіркін-ай, ол да бір ерекшелік пе, әлде біздің жақта барлық санаттағы адам табылады деген пікір ме, көзіме солай көрінеді. Әсіресе, «Медеу» темекісін менсінбейтін Самал апаны айтам да, кілең «Интер», «Орал», «Родапи» тартады.
– Әй Самал, саған болгар табак іздеуге уақытым жоқ, керек болса өзің тауып ал, – деп ауданға жолға шыққан Малбақыр шалының дауысы сонадайдан құлаққа талып жетеді.
 Ессіз қалғыр-ау, енді темекіге бола ауырсынып тұрсың ба? Қырық жыл тартқанымда бір ауыз артық айтпаған едің. Ендігіңе не жорық! – деп есесін жібермей сөзге кемпірі араласады.
Тәйірі, мұндай таң-тамаша көрініс қай ауылда бар екен, бізде ғана шығар...
Ауылдың алқасы бір рудың адамы бола тұрып, әр планетадан келген кісілердей көрінеді. Мінездері де қызық. Анау Жарылқаған бүкіл ауылдың телевизорын бұзық қылды, сөйтіп ПТК-сын сыртқа шығарып тастады. Сөйтті де қай арна болсын, тілін кемпірауызбен бұрайтын етіп қойды.
Ал, Мәсім деген батыр ішкіліктен тартынбайтын. Трактордың жылдамдығы шамалы көтерілсе, ел оның масаң екенін біледі. Сол Мәсімді көпшілік құдалыққа апарғыш. Онысы: құдалық құрамындағы бірден-бір ішеді деген үміткер дегені. «Қинасаң соны қина» деп отырады басқасы. О тоба, күтуші құданың бәрін құлатып, өзі түк болмағандай аяғымен тік келеді. Неткен мықтылық дейтінбіз. Жасы жүзге баратын шығар дейтініміз өтірік болды. Ол да өмірден өтіпті.
Соңғы жылдары ауыл тіршілігіне өзбек ағайын араласып, ел еңбектен шеттеп, арқаны кеңге сала бастады. Бейнеткеш екен, қора-қопсыны да арланбай ептей салады. Анау айтқан күтімді де күтпейді, жамбасына жұмсақ тиетін жер болса жата кетеді. Күнделікті күріш пен сәбізді араластырып, «аш» жасайды. Одан жалықпайды.  Ет те сұрамайды. Өткенде Сүннет ет тамақ ұсынып көрген екен, екі-үш күн күпті болып жатып қалған ұқсайды. Мұндай арзанқол жұмыс күшін кім керек етпес?
Есесіне ауыл адамы қолға бес-он тиын тисе базарға шауып, бір мауқын басқан кезбедей қыдырғыш болып алды. Екі үйдің бірінде жеке көлік. Такси деген көшеге сыймай тұр. Есік алдынан жұлып кетеді. Бәлкім, басқа ауылда да осындай болар, бірақ мен үшін туған жер қашанда ыстық.
Шіркін десейші, нарықтың да жақсы жағы көп. Тек ақшаң болса басқасына бас ауыра бермейді. Дүкен деген қаптап кетті. Күн-түн демейді, есігі ашық. Кеңестік кезеңде кешкі уақта есігі тарс жабылып, қара құлып қарсы алатын еді. Енді сол олқылықты сауда заманы сылып тастады.
Жарықтық апам бірде жүрек сөзін айтты. «Осы балаға таңмын. Көшеге қарай қашады да тұрады. Дос десе делебесі қозып кетеді. Еще жан дос дегенді шығарды. Мұнысы досы үшін жанын аямайды дегені ме? Бұл заманда ондай адам бар ма? Біле білсең жан досың – әке-шешең. Өмір бойы тілеуін тілеп отырады. Мәрт мінезді бабалар жолы бүгін майдаланып кетті ғой. Әйтпесе қазақтың қасиеті қай ұлттың қанында бар» деп еді, қарындасым ара түсті.
– Түу апа-ай, қайдағыны айта береді екенсің. Досы көпті жау алмайды. Қара да тұрыңыз, көзіңізді жеткіземін, – деді.
Апам үнсіз қалды. Ішіндегісін ақтара қоймады. Ләм-мим демеді. Сол сөз ұмытыла қояр ма еді...
Айтпақшы, қарындасым қайда жүр? Соны іздейін онанда.
Мектеп бітірген жылы жергілікті оқу орнына түсті де, оны бітірместен тұрмысқа шығып кетті. Қасындағы жолдас қызы қысастық жасады. Жиеніне алдап апарып, келін қылып түсіріпті. Бір түйір қызды қайтарып алмақ болдық. Тағы да ортаға шешем түсті.
 Өз аяғымен барды ма, қайтып келген жақсы атақ емес! Тоқтатыңдар, – деп кесіп айтты.
 Алдаудың арбауына түскен ғой,  обал емес пе?
 Мен оған ақымақ болма, басқан ізіңді абайлап бас дегенмін. Енді өзінен көрсін!
Сол қарындасым қазір үлкен отбасының анасы. Келін де түсірді, қыз да ұзатты. Бірақ маған әлі кішкентай секілді көрінеді. Сондықтан іздеп жатқаным ғой.
– Алло, қарындасым, қайдасың?
Қаныбек ӘБДУОВ
06 қыркүйек 2018 ж. 1 054 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

44-321

31 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930