Кейде адамға бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ сияқты.  «Бір күн бақытты болғысы келген адам – өзі ұнатқан, ең дәмді тамағына тапсырыс берсін. Бір апта бақытты болғысы келген адам – сапарға шықсын. Бір ай бақытты болғысы келген адам – үйленсін. Ғұмыр бойы бақытты болғысы келген адам – дінін түзесін» деп жазады Ислам ғұламалары.

«Таңертең шық тұнған шөп үстінде жалаңаяқ жүру – адамды бақытты сезіндіретін ең бір ғажап сәт. Таңғы ауаны құшырлана жұтып, самалына жүзіңізді сүйдіріңіз». Бұл – тибеттіктердің пайымы.

«Таңғы бір шыныаяқ кофенің иісінен ғажап не бар?». Бұл – еуропалықтардың сөзі, олар кофені бақыт гармонын бөлетін сусын ретінде бағалайды.    

Ал біз бақытты қалай бағалаймыз? Бұл әрине бала­лары­мыздың амандығы, деніміздің саулығы, жанымыздың рухани байлығы… Бұл біздің отбасы құндылығын бәрінен биік қоятын ділімізбен астасады. Дегенмен баласына жекігенде жер-жебіріне жететін, ал денсаулығына шағымданғанда жаның шыдап тұра ал­май­тын, рухани байлық туралы бер жағымен айтатын адам­дарды көріп, кейде осы біздегі түсінік тым абстрактылы ма деп ойланасың. Шын мәнінде, жанымызға не керек екенін жақсы түсінеміз бе? Қазіргі тренерлер де мұны жақсы біліп алған. Жанды жеріміз де осы. Расында да, айлықтан айлыққа дейін тіршілік кешіп жүрген адамдардың денінің бақыт туралы ойлануға тіпті мұршасы бола бермейді ғой. Бәлкім бізге Бақыт министрлігі керек шығар. Мұндай министрлік әлемде екі елде ғана бар.

Бірі Қытай мен Үндістан арасында орналасқан Оңтүстік Азиядағы – Бутан патшалығы болса, екіншісі Біріккен Араб әмірліктерінде. Аштық, қылмыс, соғыс, тіпті жоқшылықтың не екенін білмейтін бұл елдің үш пайызға жетер-жетпесі ғана аса бақытты сезінбейді екен өздерін. Аса бақытты! Бақытсыз емес. Мемлекеттің басқару жүйесі бір ғана мақсатта – халық бақытты болуы үшін тұрақты жағдай жасауға жұмыс істейді. Мұнда жануарлар да өзін жаман сезінбейді, өйткені оларды өлтіруге қатаң тыйым салынған. Сырт елдерден химиялық тыңайтқыштар кіргізуге де рұқсат етілмейді, жерден өсіп шыққанның барлығы өздігінен таза болып өсу керек деген ұстаным бар. Бұл елдің тағы бір кереметі – орман ағаштары ешқашан кесілмейді. Патшалық өзін өзі киіммен, азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алатыны сонша, адамдары әлі күнге үйде де, түзде де ұлттық киіммен жүреді екен. Әлемде талай қызық бар дегендей, бақыт дегенде жер бетінде осындай да халық өмір сүретінін білген артық емес.

Бала кезімде ұйқысын іздеген бала туралы мультфильм көргенім есіме түседі. Біздің кейде бақыт іздегеніміз де осыған ұқсайды-ау. Тағы бір қызық: түсінде айы оңынан, жұлдызы солынан туғанын көріп, мұны бір ғажап жақсылыққа балап, бақытын іздеуге жолға шығатын қойшы жігіт туралы ертегі бар ғой. Айтпақшы, ол осы түсін ұйқыдан оянысымен бір адамға айтып береді. Түсін жоритын да сол. Одан соң ол түсіңді сатшы деп жата-жастана жалынады-ай келіп. Қойшы жігіт оның сөзіне құлақ аса ма енді, бәріне қолын бір сілтеп, бақытын іздеуге алыс сапарға шығады. Бақытын табады да. Айшылық алыс жол жүріп, темір таяғы тебендей болғанда бір шаһарға келіп… ханның ақылына көркі сай қызына үйленіп… айтып-айтпай не керек, ертегінің соңында өзі хан болады, сөйтіп мұрат-мақсатына жетіп бақытты болады. Бақыт дегеніміз – байлық және билік деп ойлауымыздың түпсанасы бала кезден құлаққа сіңісті болған осындай ертегілерден шығар бәлкім. Бірақ бай-бағланды жаман қылып көрсеткен кеңестік тәрбиенің әсері ме, әйтеуір бұл туралы біздің көбіміз дауыстап айта алмаймыз. Итальяндықтар сияқты көмекке мұқтаж болғанда жұрттың қарайласпай қалуынан қорқамыз ба, әлде өзімізше айтқанда, қолымыз жетпей қалғанда қоғамның талқылауынан қорынамыз ба, сондай бірдеңе бар.

Адам баласына тән бір қасиет: жыл мезгілінің ауысқанын бір-ақ сәтте сезінетініміз сияқты бақытты да, бақытты сәттерді де уақыт өтіп кеткен соң ғана таңдайда қалған дәміне тамсанып қалатындаймыз. Тура коммунистердің коммунизмді құрамыз деп жүргенде коммунизм өтіп кетіпті ғой дегеніндей. Шығыс шайыры Жүсіп Баласағұн жазғанындай, «Дер кезінде біткен іс – пайдалысы, күні өткен соң болмайды жай-мәнісі». Күнде ертеңге іс қалдыру қаншалық өкінішті болса, бақытты да күнде ертеңнен күту бүгінгі күніміздің қадір-қасиетіне соншалық көлеңке түсіретіндей көрінеді де тұрады кейде.

Адам баласының бүгінгі бақыты – бүгінгі шексіз ризалығы ертеңгі бұдан да ғажап бақытқа ашылатын ғажайып терезеге ұқсайды. Тереземізді ашайық. Терезенің сыртында Көктем тұр. Әсіресе қыстың ызғары қайтпаған таңғы самалы бойды әп-сәтте сергіткенде жан-сарайыңыз кеңімей ме?! Жоқ, қалада әлі ағаштар бүр жарған жоқ. Жердің тоңы жібіді дейтіндей де кез емес. Бірақ даланы кезген Көктемнің, шіркін, иісі қандай ғажап еді! Мұны сезіну бақыт емес деп кім айтады?!

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ